Ойланбаған опық жейді

Ойланбаған опық жейді
azattyq-ruhy.kz

Діннің атын жамылған деструктивті топтар талайдың санасын улап, мыңның миын айналдырды. Адасушылар атойлап шекара асты. Мемлекет шұғыл әрекетке көшіп, экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша министрлік, агенттіктер құрылды. «Жусан» операциясы ұйымдастырылды. Адасқандарды елге қайтарды. Деструктивті діни топтар мен ағымдарды, секталарды зерттейтін, адасқандарға кеңес беру, оларды оңалту орталықтары ашылды.

«Жасыратыны жоқ, діни экстремизим мен терроризмге байланысты елімізде көптеген жағдайлар болды. Бір қуанарлығы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәлімдеуінше, соңғы үш жылдың көлемінде бірдебір қазақстандық азамат Сирия сияқты елдерге адасушылықпен аттанбапты. Керісінше шет ел асқан адасушыларды «Жусан» операциясы арқылы елімізге әкелдік. Мен Алматы іргесіндегі «Заречный», «Жауғашты» сияқты қатаң режімдегі түрмелерде сабақ беремін. Соңғы 5 жылдың ішінде қаншама адасқан тағдырларды көрдім», – дейді Қанат Өтебаев.

Осы тұста Қанат мырзадан тағдырлардың адасуына себеп болған жайтты нақтылай түсуін өтіндік. «Деструктивті топтар ең бірінші мемлекет басшысын, имамдарды, сондай-ақ Қазақстандағы білім беру орындарын жамандап, құрбандығының солардың айтқанына құлақ асуына тосқауыл қойып тастайды. Бұл жерде діннен басқа да дүниелер тұр. Гипноз болуы да мүмкін. Сосын Дүниежүзілік денсаулық ұйымы Шри-Ланка деген жердегі шөпті құрту үшін жылына көп қаражат құяды. Бұл шөп адамның есінен адастырып, не істеп, не қойғанына бақылау жасай алмайтындай дәрежеге жеткізеді екен. Содан дәрі жасап ішкен адам 7-8 сағатқа дейін есін білмей қалады дейді. Түрмеде отырғандардың арасында сондай адамдар да бар. Олардың қолында телефон жоқ. Баяғыдай пір тұтатын шейхсымақтары тағы жоқ. Біздің сабаққа қатысады. Екі-үш сабақтан кейін санасы ашылып, жылағанын көрсеңіз... Көздерінен сорасы ағады. Түзеліп жатыр, бірақ кейбірінің артындағы отбасы түгел уахабилік бағытпен кетіп қалған ғой

Қанат Өтебаев оларды қоғамға қайта қосудағы жайтты да айтып берді.

– Әу баста «Жусан» операциясы басталғанда, бұл іске қарсы шыққандардың бірі мен едім. «Елге әкелудің қажеті не? Олардың миында вирус бар. Адасқандарды қамайтын жеке түрме жоқ. Біреу болып кіріп, жүз болып көбейсе, қайтеміз?» деген ой болғаны рас. Алайда мен қате ойлаған екенмін. Берілген сабақтан нәтиже шығып жатыр. Оларға бұл істерінің ешқандай да жиһадқа жатпайтынын, барған жеріңде өлсең, арам өлім болатынын айтамыз. Оларды теріс ағымдар өз мүдделеріне пайдаланғанын жеткіземіз. Тіпті, мұның бизнес екенін дәлелдейміз. Жанына тиетін қарапайым мысал келтіреміз. Осындайда қазағымыздың: «Өз балаңды өзегінен тепсең де кетпейді, өзгенің баласын кісендесең де тұрмайды» деген сөзі еске түседі. Амал жоқ, елімізден шыққан адасушыларды қоғамға қайта қосу, оларды түзеу - міндетіміз, – деп түйіндеді сөзін Қанат Өтебаев.

Жалпы, мұны «бәлен жерде бақыр бар, барсаң, тақыр да жоқ» деп те қорытындылауға болады. Діни фанатизмге шалдыққандардың бақытқа жеткені жөнінде бірде-бір дерек таба алмайсыз. Себебі, діни фанатизм дұрыс жол емес. Ол жолға түсудің әрісі – ажал, берісі – абақты, азап. Сондықтан кім-кім де теріс діннің жетегіне еріп, өмірін өксікке айналдырмаса екен дегіміз келеді. Әр қадамды санап басып, әр сөзді талғап тыңдаған дұрыс. Сақтанайық! Сақ болайық!

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».