Ойды өзгертіп, ауырмаудың жолы қандай?

Ойды өзгертіп, ауырмаудың жолы қандай?
Сурет: opb-evgrafova.ru

Кейде дәрігерлер науқастың ауруының себебін таппай жатады. Сол кезде пациентке антидепресант тағайындалып, көп ұзамай адам ауруынан айығады. Аурудың бәрі жүйке жүйесінен деп бекер айтпайды. Көп аурулардың түбірі психосоматикада жатыр. Адам бойындағы ауру мен олардың себебінің өзара байланысы негативті ойлардан екенін психологтар ертеде зерттеп қойған. Эмоционалды артық күш органдардың жағдайына әсер етеді. Позитивті тұрғыда ойлау адам органын емдей алады, ал негативті ой кері әсер етеді. Әрине, ойдың күшімен тамақ ауруын емдеу мүмкін болмас, дегенмен оның алдын алуға әбден болады.

1. Бас жалпы ойға, миға жауап береді. Егер адамның өмірі астаң-кестең болып, ойы мен сезімдері сәйкеспесе, адам өзіне не керек екенін түсінбесе, бұл оның басының ауыруына әкеледі. Ұшы-қиыры жоқ бітпейтін істерден де адамның басы ауырады. Осылайша, бәріне үлгерем деп жүргенде адамның шақшадай басы шарадай болады. Мінекей, аурудың себебі де табылды. Айтып жатқаныңызға құлақ түріп көріңіз, сол кезде мәселенің бір ұшы қайдан шығып жатқанын түсінесіз. Бас ауруының қайталана бермеуі үшін ішкі қалау мен әрекеттеріміздің қабысуы үйлесімде болуына қол жеткізу керек. Жұмыста немесе өзіңізді қоршаған адамдар арасындағы байланыста шамадан тыс жағымсыз күш түскенін сезінсеңіз, өміріңізді күрт өзгерту керек – сонда денсаулық қалпына келеді. Бастың айналуы ойыңыздың шашыраңқылығын көрсетеді, мұндай кезде адам маңызды нәрсеге назарын шоғырландыра алмайды және «бәрін орын-орнына қоя алмайды». Бір сәт тоқтап, жағдайды нақты ойластырып алу – бастың айналуынан құтылудың жолы.

2. Есте сақтау. Ұмытшақтық пен есте сақтау қабілетінің төмендеуі – ол адамның қандай да бір жағымсыз жағдайларды ұмытқысы келетінін білдіреді және ағза бейсаналы түрдегі «өтінішті» орындайды. Өткеніне алаңдайтын адамға «бұл туралы ұмыт, ештеңе болмағандай өмір сүр» деп жиі кеңес береді. Осы кезде адамның жады естеліктердің бәрін «өшіре» бастайды. Оның ішінде жақсы естеліктер де кетеді. Осылайша адамның өзі өткен күндердің жағымсыз елесінен өзі құтыла алмағанда, оның жады (миы) психиканы қорғауға тырысады. «Естен шығарып тастауға» тырысу – өткен күндерде жасалған қателіктерді реттеудің жақсы әдісі емес. Әрбір жағдай адамның сабақ алуы үшін орын алады. Өмірде түрлі жағдайларға тап бола отырып және олардан сабақ алу арқылы мәселеден «қашып құтылуға» тырысудың қажеті жоқ. Дұрыс шешім жасау керек – сол кезде өзіңіздің жақсы есте сақтау қабілетіңізбен мақтана алатындай жағдайға жетесіз.

3. Көз. Көз аурулары адамның бір нәрсені көргісі келмейтінін білдіреді. Тағы да өз сөздеріңізге құлақ түріп көріңіздерші. Біз «көзім сені көргісі келмейді», «көзімнің алдынан жоғалшы», «тіпті көзім қарауытып кетті» деп қалай жиі айтатынымды байқамайыз кейде. Психика ашу үстінде айтылған осындай сөздерді есіне сақтайды да, оларды «іске асыра» бастайды. Алыстан көрмеушілік болашаққа бағдар жасауға қорқатын адамда пайда болады екен. Адам оны алдында ешқандай жақсылық күтіп тұрған жоқ деп санап, көздері алыстағыны көрмейтін болады. Алысты көргіштік (дальнозоркость) көбіне қарт адамдарда кездеседі. Себебі алыста қалған өткеніне көз жүгірту немесе керісінше, келешекті, балалары мен немерелерінің болашағын болжау» үлкен кісілерге тән нәрсе. Алыстан көргіш адамдар үшін осы сәт соншалықты қызықты емес. Көздің саулығы үшін психикалық тепе-теңдікті сақтау маңызды. Сол үшін осы сәтте, болашақтан қорықпай, әр нәрсеге мән беріп, алайда оларға қадалып қалмай өмір сүру керек.

4. Құлақ. Құлақ ауруларының психосоматикасы адамның бір нәрсені естігісі не тыңдағысы келмейтінін білдіреді. Мысалы, сын естуге қорқатын адамдар. Болмаса, бос әңгімеге уақыт құртқысы келмейтін, керексіз әңгімеге бола жұмысынан бас алғысы келмейтіндер тап болатын көрінеді. Таусылмайтын шудан шаршаған адам психикасына «естігім келмейді» деген «сигнал» береді. Осылайша ауру арқылы болса да жүрек тыныштыққа бөленеді. Бұл мәселенің шешімі – айналамыздағы адамдарды тыңдауға ұмтылу, барлық дыбыстарды, оның ішінде сізге айтылған негативті сөздерді қабылдау. Тіпті болмаса, сіздің психикаңыз тыңдағысы келмейтін адамдармен араласуды қою керек. Сондай-ақ, сөзге абай болған жөн. «Естігім келмейді» дегенді психика тура солай қабылдап, есту қабілетіне әсер етеді.

5. Тамақ. Тамақ – адамдардың араласып, қарым-қатынас жасайтын органы. Қоғамда адамдармен араласа алатын, өзі үшін жауап бере алатын адамның тамағына қатысты мәселе туындамайды. Тамақ біз өзімізге көңіліміз толмай, өзімізді немесе басқа біреулерге ренжіп, оларды сынап, ұрысқан кезде ауырады екен. Тамағы ангина боп ауырып қалған адам үндемейді. Себебі сөйлесе, тамағы ауырады. Осы арқылы ағза адамды негативті сөздерден «қорғайды».

6.Мұрын. Мұрын – бірегейліктің және өзін бағалаудың (өзіндік құндылықтың) символы. Сондықтан да менмен, тәкаппар адамдар «мұрындарын шүйіріп» жүреді. Өзін құнсыздандыратын, яғни бағаламайтын адам мұрны бітіп, қиналып жүреді. Өзін төмен бағалау мұрынмен болатын проблемаға әкелуі әбден мүмкін. Мұрныңыз бітіп ауыра беретін болсаңыз, бұл бейсаналы түрде жылауыңыздан да болуы мүмкін. Яғни, адам жылағысы келеді, бірақ өзін басып, көз жасына ерік бермейді. Содан көбінесе мұрнына қатысты қиындықтар туындайды. Психологтардың байқауынша, аллергиялық мұрын бітуі қатты күйзеліс пен сәтсіздіктерден кейін болады екен.

7.Мойын. Мойын – иілгіштіктің символы. Бірбеткей, тік мінезді, мойын ұсынбайтын, мәселеге жан-жақты қарағысы келмейтін адамдардың мойындары жиі ауырады. Тек өзіңізді ғана емес, басқаларды да тыңдап, айтқандарына құлақ асып үйреніңіз. Сол кезде мойынға қатысты қиындық болмайды.