Өткен жыл қорытындысы бойынша ішкі туристер санының рекордтық көрсеткіші тіркелді

Өткен жыл қорытындысы бойынша ішкі туристер санының рекордтық көрсеткіші тіркелді
Сурет: Aikyn.kz

Бұл көрсеткіш бойынша туристер саны 6,9 млн адамға жеткен, бұл пандемияға дейінгі кезеңнен жоғары.

Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Elorda.info-ға сілтеме жасап.

«EQonaq статистикалық деректеріне сәйкес, апта сайын Қазақстанға кемінде 11 мың шетелдік турист келеді. Шетелдіктерді орналастыру орындарында тіркеу бойынша көшбасшылар: Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары және Маңғыстау облысы. Биылғы наурыз айынан бастап өсім 136%-ды құрады», – деді вице-министр.

Шетелдік келушілер санының өсуі халықаралық әуе қатынасын қалпына келтірумен, визасыз режимді енгізумен және оны ырықтандырумен тікелей байланысты.

Сондай-ақ, кеңес аясында Ержан Еркінбаев жұмсақ инфрақұрылым, туристердің қауіпсіздігі мен сервис сапасын арттыру бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.