ОТАНДЫҚ дәрі-дәрмекті пайдалануға қалай қарайсыз?

КТК арнасының ақпаратына жүгінсек, жуырда өткен Мәжілістің кезекті отырысында еліміздің Бас дәрігері Елжан Біртанов өз елімізде шығарылып жатқан фармацевтикалық өнімдерді тәжірибеден өткізіп, оны емдеу ісінде кеңінен қолдануға мүмкіндік беру туралы депутаттарға сауал жолдапты. Шамасы, Денсаулық сақтау министрі шет елден дәрі-дәрмек тасып, оның зардабын көбірек тартқан секілді. «Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме» демекші, сол алыстан арбалап әкеліп жатқан дәрілердің біздің халқымыздың денсаулығын жақсартуға қаншалықты жәрдем беріп жатқандығын бір Құдай білсін. Ал жарнамасына қарасаңыз, бір дәрінің өзі сіздің бойыңыздағы бірнеше дертті бірден жұлып алып тастайтындай жалаулайды.
Бірақ іс жүзінде қымбат дәрілердің шипасын көрдік деген жұрттың қарасы шамалы. Ал жөтел қысса өзіміздің қызыл мия тұнбасы мен өзімізге бала кезден таныс «Мукалтиннен» тез айығып кететіндерін қарапайым жұрттың аузынан жиі естуге болады. «Аспирин упсадан» гөрі, «аспириніміздің» де көмегі көп. Біз қолданып жүрген дәрі-дәрмектің 90 пайызға жуығы шет елден әкелінеді. Сондықтан болар, Қазақстан импорттық дәрі-дәрмекті ең көп қолданатын мемлекеттердің бірі болып отырғандығы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша, әрбір елде отандық фармацевтикалық өнімнің үлесі 25 пайыздан кем болмауы тиіс көрінеді, әйтпесе био-фармокологиялық терроризм қаупі төнуі мүмкін. Олай болса, министр айтқандай, дәрі-дәрмекке деген ішкі сұранысты отандық өндірушілер есебінен қамтамасыз ету маңызды мәселе екендігі даусыз. Бұл енді басқа тақырыпқа арқау болар мәселе, ал біздің бүгінгі басты тақырыбымыз Денсаулық сақтау министрінің Мәжіліс депутаттарының талқысына салып отырған отандық дәрілік өнімдерді заңды түрде медициналық эксперименттен өткізу жөніндегі ұсынысы төңірегінде болмақ.
Министр мырза өзімізде шығарылатын дәрі-дәрмекті сынамадан өткізуді, ең алдымен, ерікті түрде балалардан, жүкті әйелдерден, әскери қызметкерлерден және қылмыстық жазасын өтеп отырған азаматтардан бастауды жөн көріпті. Министр сынама алдымен жан-жануарларға жасалған эксперименттен кейін ғана адамдарға қолданылатындығын жеткізді. Біз осы мәселе төңірегінде қала тұрғындарының пікірін білу мақсатында сауалнама жүргізген едік. Сіз Денсаулық сақтау министрінің бұл ұсынысына қалай қарайсыз? Егер сіз осы эксперименттік топқа ілігіп жатсаңыз, сынамаға қатысуға келісесіз бе деген сауалдар төңірегінде бірнеше қала тұрғынымен тілдесіп көрдік.
Райхан АСҚАРБЕКҚЫЗЫ, қала тұрғыны, көпбалалы ана:
МЕН КЕЛІСІМ БЕРМЕС ЕДІМ
Өзімізде өндірілген дәрі-дәрмекті қолданғанға не жетсін. Бірақ ауыра қалсаңыз болды, дәрігерлердің өзі шетелдік дәрілерді жазып беріп, бізде ондай дәрі шықпайды деп жатады. Ал енді сіз айтқандай, экспериментке қатысуға келісім бермес едім. Оның қандай зардабы боларын кім біледі?
Ерқанат НҰРАХМЕТҰЛЫ,
кәсіпкер:
ЕҢ АЛДЫМЕН ҚАНДАЙ
ДӘРІЛЕР СЫНАМАДАН
ӨТКІЗІЛЕТІНІН БІЛУ КЕРЕК
Жаңадан жасалған дәрі-дәрмектерді эксперименттен өткізу дүние жүзінің тәжірибесінде бар үрдіс қой, бірақ ондай сынамалар, ең алдымен, жан-жануарларға жасалған соң, адамдарға қолданылмайтын ба еді. Министр мырзаның дәрілерді сынамадан өткізу үшін балаларды, жүкті әйелдерді, әскери қызметкерлерді және сотталған адамдарды таңдап алып отырғандығына таңғалып отырмын. Мықты болса, ең алдымен, дәрігерлер осы экспериментті өздерінен неге бастамайды? Халық денсаулығын жақсартуға қажетті шара шығар, бірақ мұндай таңдауға қарсымын. Ең алдымен, сол эксперимент жасағысы келіп отырған дәрі-дәрмегінің қандай ауру түрлерін емдеуге қолдануға болады, соның тізімі жариялансын, содан соң барып жұртшылық ойланатын шығар. Шетелдік дәрі-дәрмектің сынамаларынан өтіп біттік, енді өз дәрі-дәрмегіміздің сынамасынан өту қалып еді, мен мұндай тәжірибе жүргізуге қарсымын. Мәңгі өлмейтін дәрі берсе де, бұл экспериментке қатысамын деп айта алмаймын.
Айнагүл ЕСМАҒИЕВА,
қала қонағы:
САЛ АУРУЫН ЕМДЕЙТІН
ДӘРІ БОЛСА, БІРІНШІ БОЛЫП ҚАТЫСАР ЕДІМ
Бұл туралы бірінші рет естіп тұрмын. Егер де сал ауруына шалдыққан балаларды қалыпқа келтіретін дәріні сынамадан өткізуге шақырса, бірінші болып барар едім. Қазір балам он екі жаста, апармаған жерім жоқ. Ақтөбеден Алматыдағы «Балбұлақ» сауықтыру орталығына келдік. Дәрігерлер жандарын салып емдегісі келгенмен, бұл дерттің дауасы табылмай отыр ғой. Сал ауруын жазатын дәрі шығардым деген талай емші, дәрігерлерді білемін, бірақ олар ашық айтпайды, ал егер де заңдастырылса, жасырын қолданылып жатқан кейбір дәрілердің шынында халыққа пайдасы тиетін шығар. Бұл ұсыныс та халықтың денсаулығын жақсарту үшін қолданылып жатқан шаралардың бірі шығар деп ойлаймын.
Әлимаш НАРБЕКҚЫЗЫ,
қала тұрғыны:
ДЕНСАУЛЫҚ ҮШІН
БАРЛЫҚ СЫНАҚҚА
КӨНУГЕ БОЛАДЫ
Министрдің бұл бастамасын қолдауымыз керек шығар, бірақ неге жүкті әйел, әскери қызметкер, балалар таңдалып алынған, соны түсінбеймін. Шет елдің дәрісін де, екпесін де пайдаланып болдық-ау деймін. Соның салдарынан талай бала, ана қайтыс болды. Кезінде жас нәрестелерге екпе егеміз деп, жұқпалы ауру жұқтырып алған жағдайлар да орын алғаны белгілі. Жасөспірім қыздарға адам попиломасына қарсы егіліп жатқан екпенің де кері әсері туралы жиі айтылады. Бірақ оған көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Эксперимент жасалсын, бірақ ол адам денсаулығына зардабын тигізбеуі керек. Естуімше, еліміз шет елден сатып әкеліп жатқан қымбат дәрілерге қажетті шикізаттың 90 пайызы елімізде бар көрінеді. Осынша шикізат көзінің ортасында отырып, шет елден дәрі сатып алып, олардың сынама аймағына айналып отырғанымыз елдігімізге сын шығар. Өзімізде шығарылатын дәрімізді өзіміз тұтынатын уақыт жетті деп ойлаймын. Сондықтан Денсаулық министрін қолдаймын және тиісті заң шығарылса дегім келеді.
Сауалнаманы жүргізген —
Нұржамал ТЕГІНБА