Отандық қолөнершілер әлемдік нарықты бағындырмақ

Өнерлінің қолы алтын.

Қостанайлық қолөнершілер әлемдік нарыққа шығуға ниетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сілтеме жасап.

Оған «Born Nomad» қазақ-америкалық байқауы мүмкіндік беріп отыр. Осы мақсатта жергілікті 35 шебер халықаралық байқауға қатысуға өтініш берген. Олар қазір онлайн режимінде оқудан өтіп жатыр. Кейін өзге қазақстандық қатысушылармен «Дәстүрлер мен мәдениет», «Жаңашылдық», «Шебер-әйел», «Жас таланттар», «3D қолөнер» және «Шығармашылық ынтымақтастық» номинациялары бойынша бәсекеге түседі. Конкурс нәтижесі бойынша барлық қолөнерші халықаралық сауда алаңдарына шығып, хоббиін толыққанды бизнеске айналдыра алады.

«Біз қазақ ұлттық өнерінің бұйымдарын қазір өз өмірімізде тек қана тойда пайдаланамыз, сұраныс бар. Бірақ біз тек қана аймақта сауда жасаймыз. Ал осы «Born Nomad» конкурсы арқылы біз халықаралық интернет саудаға шығуды мақсат еттік», - дейді Қолөнершілер қорының жетекшісі Сәуле Қабидулова.

Сондай-ақ шеберлер де этноөнердің өзгелерден еш кем еместігін айтуда.

«Біздің ұлттық кәдесыйлар мен дәстүріміз көптеген елге қызықты. Өйткені бізге шетелден келетін қонақтар көп. Ал елдеріне қайтарда естелік ретінде ұлттық нақыштағы кәдесыйларды іздестіре бастайды», - деді қолөнер шебері Жанара Омарбекова.