Отандық тауарлар жақында Түркиядағы ең ауқымды маркетплейске шығарылады

Отандық тауарлар жақында Түркиядағы ең ауқымды маркетплейске шығарылады
Сурет: Inform.kz

Жақын арада қазақстандық тауарлар Түркияның ең ауқымды маркетплейсіне шығуы мүмкін. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өзінің Телеграмдағы арнасында жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Осы жылдың мамыр айында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркия Республикасына мемлекеттік сапармен барған уақытта, осы елдің бірқатар компанияларымен келіссөздер жүргізіп, отандық IT-компанияларды таныстырған болатынмын.

Солардың бірі, бауырлас елдің нарығында онлайн сауда бойынша көшбасшы компания- Trendyol болатын. Trendyol – Түркия аумағында интернет дүкен арқылы, яғни өздерінің электронды платформасы арқылы тауар жеткізумен және сатумен аналысады (күніне шамамен 1,5 милион тауар сатады)» деп жазды Бағдат Мусин.

Trendyol-ды Түркияда жергілікті Amazon немесе Alibaba деп атайды. Компанияның құны шамамен 16 миллиард доллар қаржыны құрайды.
Министрдің айтуынша, алдағы уақытта қазақстандық тауарлар осы жүйе арқылы Түркияның нарығына шықпақ.

«Сапар барысында біз олардың тауарларын Қазақстанға жеткізу бойынша логистикалық мәселелерді пысықтадық, сондай-ақ қазақстандық тауарларды ірі маркетплейс арқылы Түркия нарығына шығарамыз деп келістік, - дейді министр. — Енді міне бұл бастама – Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоғанның Қазақстанға сапары аясында өз нәтижесін көрсетті. Бүгін аймақтық маркетплейстерге қызмет көрсететін қазақстандық логистикалық компаниялардың бірі -Big Way KZ Түркиялық Trendyol компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Big Way KZ отандық нарықта логистикалық тауар айналымын жүзеге асырумен айналысып келе жатқан компания. Олардың шетелдік нарыққа шығуына әлеуеттері айтарлықтай зор. Бірлескен келісімнің арқасында енді Қазақстандық тауарлар Түркия нарығына тікелей, делдалсыз сатылатын болады».

Ведомство басшысы қазақстандықтар Trendyol-мен таныс екенін және көбінесе делдалдар арқылы тауарларға тапсырыс беретінін атап өтті.