Отан қорғаушылар күніне арналған ультрамарафон: үш жүз шақырым артта қалды

Отан қорғаушылар күніне арналған ультрамарафон: үш жүз шақырым артта қалды
Сурет: Ашық дереккөз

Ультрамарафоншының ендігі бағыты – Осакаровка

2 мамыр күні Қарағанды облысының Ақжал кентінен жүгіруді бастаған Орталық спорт клубының әскери қызметшісі ефрейтор Бауыржан Әбдіқайым бүгін Шахтерлер астанасына келіп жетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Астана» өңірлік қолбасшылығының үздік спортшылары марафоншыны облыс орталығымен алып өтіп, келесі нүктеге дейін шығарып салды. Бауыржан Әбдіқайыммен бірге олар 20 шақырым жүгіріп, жеңіл атлетке қолдау көрсетті.

Тәуелсіздік стеласынан бастап, Серік Сәпиев атындағы Бокс орталығына дейін, сондай-ақ Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде қала бойынша жүгіретін спортшылар үшін «ашық дәліздер» ұйымдастырылды. Студенттер, әскери қызметшілер мен қала тұрғындары Бауыржан Әбдіқайымға қошемет көрсетті.

Ультрамарафоншының ендігі бағыты – Осакаровка. Бауыржан Әбдіқайыммен бірге дәрігерлер, массажистер, жаттықтырушылар, әскери полицейлер және Қазақстан рекордтар кітабының өкілдері еріп жүр.

Әр елу шақырым сайын ол тамақтану үшін он минутқа аялдайды.

Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, Бауыржан Әбдіқайым өз бабында, көңіл-күйі де жақсы. Ол марафонды 6 мамыр күні Астанада аяқтауға ниетті.

Еліміздің Қарулы күштерінде өз рекордтарын атаулы күндер мен мемлекеттік мерекелерге арнау дәстүрі қалыптасқанын атап өткен жөн.