Өскеменде 79 рет жол ережесін бұзған жүргізуші анықталды

Өскеменде 79 рет жол ережесін бұзған жүргізуші анықталды
Cурет: ПД

Оның автокөлігі айыппұлын толық өтегенге дейін тұраққа қойылды

Өскемен қаласында 79 рет жол ережесін бұзған жүргізуші анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары 13 маусымнан бастап өңір аумағында «Борышкер» жедел алдын алу шарасын өткізуде.

«Шара барысында жол жүру ережесін үнемі бұзып жүрген Өскемен қаласының 26 жастағы тұрғыны анықталды. Жүргізушінің жалпы сомасы 1 600 000 теңгені құрайтын 79 әкімшілік айыппұлы бар болып шықты. Қазіргі уақытта оның автокөлігі айыппұлын толық өтегенге дейін тұраққа қойылды», - делінген ақпаратта.

Бір күн ішінде полиция қызметкерлері пәтерлер мен жер үйлерді аралап, жалпы сомасы 17 млн теңге болатын әкімшілік айыппұл бойынша берешегі бар 2 000-нан астам азаматты хабардар етті.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін үй алмақ болған Өскемен тұрғынының алаяққа 10 млн теңге бергенін хабарлаған едік.