Өшпейтін үн, өлмейтін ән сыйлаған...

Өшпейтін үн, өлмейтін ән сыйлаған...
oner.kz

Алты алаштың ардағына айналған ұлылар – Мұқағали мен Нұрғисаның танысып табысуына себепкер болған Нұрғали Нүсіпжанов – 85 жаста! Күміс көмей, жез таңдай әншінің қазақ сахнасының көгіне көтерілгеніне биыл – 65 жыл.

Әр заманның өз қаһарманы бар. Олардың тағдыр-тарихтары да тоқсан түрлі. Қазақтың қаймағын қынадай қырған 1937 жыл бізден бар асылымызды алды да, соның қарымтасындай алтын асылдарды қайта туғызды. Солардың бірі – Нұрғали Нүсіпжанұлы. Нұрғали аға – жан-жақты білімдар адам. Бұл күнде әншінің жеке қорында 7 мың кітабы бар. Одан бөлек, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Асқар Тоқпанов, Кенен Әзірбаев сынды біртуар ұлдардың сырсұхбаттары жазылған таспалары да Нұрағаның жеке архивінде қаттаулы тұр.

Достық. Сенім. Ұлылық

Нұрағаның репертуарындағы әр әннің өз өмірі бар. Бұл күнде қазақтың гимніне айналып кеткен «Өз елімнің» шығу тарихы – бөлек бір әңгіме.

– «Өз елімнің» авторы – Нұрғиса Тілендиевпен арамыздан қыл өтпеген 51 жыл дос болдық. Біздің ұлы достығымыздың басты себебі – атадан жалғыз болуымыз да шығар. Нұрғиса Тілендиев те, мен де әкеден тараған жалғыз ұлдармыз. Нұрғиса ағаммен 3-4 күн көріспей қалсақ, қоңырау шалып, «Нұрғаш, қайда жүрсің, кел...», – деп шақырып алатын. Барған кезімде дүркіретіп, «Өз елімді», «Саржайлауды», «Теріскей», «Асыл әжем», «Әкеме», «Отырар сазы», т.б. өлеңдерді ойнатып жіберетін. Жеке репертуарымдағы әндерімді жанды дауыспен айтқызып, айызы қанғаннан кейін, оркестрдің бәрін орындарынан тұрғызып, сәлем бергізетін еді. Адуын, асау мінезді Нұрғиса Тілендиев «жалғызым-ау, адалым-ау, сағындырып қайда жүрсің» деп құшақтағанда, көздерінен аққан жас кеудесін жуып тұратын, – деп еске алды әнші.

Нұрғали ағамыз Шәмші Қалдаяқовпен де керемет дос болған адам. Көзі тірісінде әншінің талантын жоғары бағалап, талай шақырымды артқа тастап, әндерін Нұрғали Нүсіпжановқа арнайы аманаттаған.

– Көзі тірісінде «Нұрғали» деген атымды атамай кетті. Әрқашан «Нұрғаш» деп еркелететін еді. Сиясы кеппеген әндерін өз қолдарымен аманаттап тапсырған болатын. «Ой, аға, ана oңтүстіктен бір әнді біреуден беріп жібермедіңіз бе, менің жасым кіші ғой», - деген кезімде: «Нұрғаш-ау, бұл сенің мойныңа іліп, халқыңа жеткіз деп, аманаттап әкеліп тұрған әнім ғой. Оны мен қалай біреуден беріп жіберемін», – деп әрбір әнін өзі аманаттап әкелетін. Дәл солай Нұрғиса ағам да түн демей, күн демей шақырып алатын. Ақын Қадыр ағам, орындаушы мен, әуенді әрлейтін Нұрағам – үшеуміз түнімен ән жазатынбыз. Бізде мына территория ақындікі немесе орындаушынікі деген ұғым болған жоқ. Біз «үштік одақ» болдық. Қадыр ақынның да, Нұрағаның да менен жасы үлкен. «Орындайтын сен, айналайын қарағым. Біздің жазғанымыз, әуенмен әрлегеніміз – бір бөлек, оны халыққа жеткізетін – сен. Сондықтан әнді өзіңе ыңғайла», – деп айтатын. Мен жасым кіші болған соң, «мына жерін жөндеу керек» деп айтуға қысылып, «сіздердің жастарыңыз да, жолдарыңыз да үлкен. Бұл әнді ыңғайлағаным дұрыс болмас» десем, екеуі келісіп қойғандай: «халыққа 100 жыл, 1000 жыл қызмет ететін ән болса, оны талай рет түзетуге бармыз», – дейтін еді. Солай, түнде барып, таң аттырып жазған «Өз елім» әні осылай дүниеге келген болатын, – дейді Нұрғали Нүсіпжанов.

Нұрғали Нүсіпжановтың әншіліктен бөлек, суретшілік, сәулеткерлік өнері де бар. Оған дәлел – ағамыздың өз қолымен тұрғызған зәулім үйі.

– 1-курста Алматыға келіп, Алматының шатырлы үйлерін көріп, қатты қызыққан едім. Ауылдағы ата-анама зәулім үй салып бергім келетін. Өздеріңіз білесіздер, 90-жылдарда қазақ ауылдарында жатаған үйлер болатын. Сол жылы ауылға барып, кірпішті өз қолыммен құйып, 2-курста Алматыдан шатыр тасып, ертегідегідей үй тұрғыздым. Қазір 75 жыл өтсе де, бір кірпіші мүжілмеген, бір сылағы түспеген, – дейді әнші ағамыз.

Дәнекер

Дінмұхамед Қонаевтың көзі тірі кезінде көптеген өнер адамдарының ішінде ерекше ықыласпен жақсы көрген інісі – Нұрғали Нүсіпжанов болатын. Оған куә Нұрағаның келесі естелігі:

– Дінмұхамед көкемнің мұражайын аралап жүргенімізде, экскурсовод келіншек «Нұрғали аға, менің сізге бір тосын сыйым бар» деп, мұражайды түгел аралатып, Дінмұхамед Қонаевтың жеке бөлмесіне алып келді. «Қонаев ағамыз демалып отырған сәтінде, үш-ақ әншіні тыңдаған. Оның біреуі – шет ел әншісі, біреуі – Кеңес үкіметінің әншісі, біреуі – сіздің пластинкаңыз» деген еді. Пластинканы кезінде «Ардақты ағама» деп жазып сыйлаған болатынмын, Мен Дінмұхамед көкемнің алақанында, құшағында болған бақытты адаммын ғой. Әрбір іссапардың алдында, іссапардан кейін Дінмұхамед көкемнің қабылдауында болдым. Сонда көкемнің сұрайтыны шет елдегі қазақтардың жағдайы еді. Кейіннен сол Германияның, Қытайдың қазақтары Алматының телефонын алып қалып, Қазақстанға Дінмұхамед Ахметұлының үйіне сәлем беруге келгенде, мені іздеп тауып алған болатын. Солай шет ел қазақтарын Дінмұхамед көкеме арнайылап апарып тұрдым, – дейді Нұраға.

Шет ел қазақтарының Дінмұхамед Қонаевқа сәлем беруіне, сағынышын жеткізуіне дәнекер болған да – Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз.

Сұхбат барысында бір байқағаным, қанша мақтау мен мадаққа лайық тау тұлғаның өз мансаптарын марқая айтпайтыны. Бұл Нұрағаның ұлылығының белгісі деп білемін. «Жамандар «жақсымын» деп айқайлайды, жақсылар «жақсымын» деп айта алмайды» демеуші ме еді? Терменің дәл осы нақыл сөздері тау тұлға Нұрғали Нүсіпжановқа арналғандай... Әншінің көмейінен төгілген әрбір әні барша қазақтың жүрегінен табылғаны анық. 100 жылда бір-ақ рет туатын Нұрғали ағама 1 наурыз – Алғыс айту күні барша халықтың атынан өшпейтін үн, өлмейтін ән сыйлағаны үшін алғыс айтамын!