Орталық музей қоры құнды заттармен толығуда

Орталық музей қоры құнды заттармен толығуда
Сурет: Музей

Мемлекеттік орталық музейінің қорында 271 974 құнды жәдігер бар.

2022 жылы музей қорына 1316 зат қабылданған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Еңсесі биік руханият ордасы - Мемлекеттік орталық музейінің қорында 271 974   құнды жәдігер бар. Негізгі қордағы сонау тас дәуірінен бастап бүгінгі күнді қамтитын 218 215 музейлік заттар мен коллекциялар ҚР музейлерінің ұлттық қорының құрамына енген.

Сый-тартулар, жеке адамдардан сатып алу, сондай-ақ, археологиялық және этнографиялық экспедициялар нәтижесінде табылған заттар қорды толықтыруда негізі түсім көзі болып табылады. Қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясының шешімімен 2022 жылы музей қорына 1316 зат қабылданды. Оның ішінде негізгі қорға - 1262 с.б., ғылыми-көмекші қорға - 54 с.б., уақытша қорға – 1290 с.б.  Бұл, 2021 жылмен (518 сақтау бірлік, негізгі қор - 356, ғылыми-көмекші қор 135, уақытша-27) салыстырғанда, қабылданған заттардың екі есе, негізгі қордың төрт есе көбейгендігінің көрсеткіші.

2022 жылдың 2 сәуірінен бастап музей коллекцияларының бар-жоғын қор тізімдемесі және сақтаудың материалдық жауапкершілік актілері бойынша түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 170 080 музейлік зат түгенделіп, акт арқылы рәсімделді.

Сонымен қатар, 24 наурыз - 21 сәуір аралығында музей кітапханасының кітап қорын тугендеу-тексеруді жүргізу туралы комиссия мүшелері кұрылып, түгендеу-тексеру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде кітапхана қорында 27443 дана әдебиет сақталса, оның 23386 с.б. негізгі қорда.

Комиссия шешімін негізге ала отырып, қор бөлімінің мамандары жаңа түсімдерді алғашқы есепке алу, қорға қабылдау, әрбір затқа жеке нөмір беру, т.б. нұсқаулыққа сәйкес жұмыстарды  жүргізді.

2022 жылы Орталық музей Ә.Марғұлан атындағы Археология институтымен орнатылған меморандум негізінде музей қорына «Қарғалы» көмбесінен табылған алтын заттар қабылданды. Осы орайда музей қорын толықтыруға атсалысқан Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ахан Оңғарұлына және «Қазақстан халқының мәдениеті тас дәуірінің қазіргі этнографиялық дәуірге дейін археологиялық деректер бойынша» атты жоба аясындағы археологиялық қазба жұмыстарын (жоба жетекшісі Б.Байтанаев) жүргізген археологтарға алғыс айтып, ризашылығымызды білдіреміз.

Өткен жылы қорға түскен заттардың қатарында археологиялық олжалар, халқымыздың қолөнері мен салт-дәстүрін әдет ғұрпын дәріптейтін заттар, әдебиеттер, архив материалдары, фотоқұжаттары және т.б.
АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ОЛЖАЛАР:
- Қарғалы көмбесін зерттеу барысында табылған археологиялық артефактілер: 3 жапсырма, 12 шытыра, 1 жиектеуге арналған тілік.

- Ақтөбе облысынан ғұрыптық ыдыс фрагменттері, ат әбзелдерінің бөліктері, сырға фрагменті, жебе ұштары, текшелер (жазба фрагменті), адамның төменгі жақ сүйегі, т.б.; Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Ақтоғай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 18 км жерде орналасқан қалдық қоймасын салу және пайдалану үшін бөлінген аумақта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде алынған археологиялық олжалар.

- Алматы, Түркістан, Жамбыл облысы, Шымкент қаласына арнайы ұйымдастырылған және «Ұлы дала тағдырындағы Алтын Орда және Шағатай мемлекеті нумизматикалық деректер бойынша (XIII-XIV ғғ.)» гранттық қаржыландыру жобасы аясындағы экспедициялар барысында табылған монеталар (XIII-XIV ғғ.).

КІТАПТАР. «ХIХ-ХХ ғғ. басындағы қазақтардың мәдени құндылықтары бойынша музейлік дерек көздері: кітап ісі, дін, білім» атты ғылыми-қолданбалы жобасы аясында Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласынан сатып алынып, музей кітапханасына өткізілді.

БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ ТУЫНДЫЛАРЫ. Қарақалпақстанның танымал суретшісі Нажматдин Шукуруллаевтың «Арал қырларында» картинасы. «Аралбойы маржаны» көрмесі аясында Қарақалпақстан Республикасының тарихы мен мәдениеті мемлекеттік музейінен сый.

ТҰРМЫСТЫҚ ЗАТТАР. Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары тапсырған заттар: келі-келсап, алаша, ұршық, шымылдық, төсекаяқтар, түскесте, көрпеше тыстары, ши, түлкі ішігі, кетпен;

БЕЛГІЛІ ТҰЛҒАЛАРҒА ТИЕСІЛІ ЗАТТАР:
-Қоғам қайраткері екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, «Катюша» реактивті қондырғысының командирі болған Ақтан Төлеубаевқа тиесілі 3 фотокөшірме, халық қаһарманы Р.Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккенін растайтын құжат көшірмесі, 4 кітап;

- Қазақ КСР халық суретшісі, кино суретшісі, қазақ кескіндемешісі Сахи Романовтың балдағы;

- Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі Президиумының төрағасы А.Қазақпаевтың фотоальбомы;
- Кеңестік мемлекет қайраткері, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтың мақалалары, жеке іс қағаздары;

- халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың суреттері;

- «Ара-Шмель» журналының бас суретшісі Н.Казанцевтің жеке заттары: медаль, куәлік, орден, сөмке, қаламсауыт, қылқалам, портрет, картина, сағат, көзілдірік.


- суретші, мүсінші, оймашы және Қазақстанның Халықаралық жас жазушылары және өнер шеберлері ассоциациясының мүшесі Ұлзира Мәлікқызы жасаған Ы.Алтынсариннің кеудеге дейінгі бейнесі басылған киіз бұйым және т.б.

Қалыптасқан схема бойынша жаңадан түскен экспонаттар нөмірленіп, шифрланып қор сақтаушы мамандарға материалдық-жауапкершілік актісі бойынша берілді. Жаңа қабылданған түсімдерге қорды есепке алу және сақтау топтарының мамандары тарапынан ғылыми-анықтамалық картотекалар (тақырыптық, заттық, реттік, атаулық, жинақтық) толтырылды. Есептік мерзімде барлығы 295 карточка жазылды.
2022 жылы музей халықаралық көрмелермен бірге, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында және оқу орындарында ұйымдастырылған жылжымалы көрмелерге берілген 400-ге жуық экспонат көпшілік назарына ұсынылды.

Орталық музейдегі түрлі сипаттағы бұл коллекциялар Қазақстанның өткені мен қазіргі тарихы, мәдени мұрасы туралы жан-жақты түсінік алуға мүмкіндік береді. Рухани өрісін кеңейтуге ұмтылған жанға ғасырлар таңбасы қалған жәдігерлердің шертер сыры мол.