Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт елордада ашылды

Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт елордада ашылды
Сурет: Tengrinews.kz

Мешіттің жалпы ауданы 57 мың шаршы метр болады.

Еліміздің астанасында  Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең үлкен жаңа мешіттің салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Көк түсті бас күмбезінің биіктігі 83,2 метрге жуық, диаметрі 62 метр болады.

Төрт мұнараның биіктігі - 130 метр. Әр мұнара бес бөліктен тұрады, олар исламның бес тірегі - иман, намаз, ораза, зекет және қажылықты бейнелейді. Сол қанаттағы бір мұнара келушілерге ашылады. Қонақтар лифтпен көтеріліп, көріністі тамашалай алады.

Мешіттің кіре беріс есігі әлемдегі ең биік ағаш есіктердің бірі саналады. Ол тропикалық Африкада өсетін ироко қатты ағашынан қолмен жасалған. Оның биіктігі 12,4 метр, салмағы бір жарым тонна. Есіктері қазақы өрнектермен безендірілген. Ал сыртқы қабырғаларында көгілдір фонға ақ араб жазуы жазылған.

Мешіттің қабырғалары мен күмбезінің іші түрлі-түсті оюлар, өрнектер, Құран аяттары және дұғалармен безендірілген. Бірақ негізінен қазақ өрнектері салынған.

Араб каллиграфиясын қазақ шебері Асылбек Байзақұлы жазған.

Мешіттің ішкі есіктерінің биіктігі 12 метр, терезелері түрлі-түсті ою-өрнектермен безендерілген әйнектен жасалған.

Құбыла жақтағы қабырғада Алланың 99 есімі қашалған. Мозаика қабырғаның ұзындығы 100 метр, биіктігі 22,4 метр. Мозаика түрлі түсті 25 миллион әйнектен құралған.

Үлкен зал мен әйелдер намаз оқитын жер толығымен қазақы ою-өрнектермен көмкерілген. Кілемнің жалпы ауданы 15 525 шаршы метр – бұл әлемдегі қолдан жасалған ең үлкен кілем. Кілемнің қалыңдығы 15 миллиметр. Ол Жаңа Зеландияда 100 пайыз жүннен тоқылған.

Мешіттің жалпы ауданы 57 мың шаршы метр болады. Ғимараттың айналасында үлкен саябақ бар. Мешіт орналасқан жер телімінің ауданы - 10 гектар.