Өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің атына Астанада көше беріледі

Өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің атына Астанада көше беріледі
Сурет: Nur.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметтік борышын атқару кезінде ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған Асқар Серікұлы Забикулиннің отбасына көңіл айтты, деп жазады Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

"Асқар Серікұлы төтенше жағдайлар саласында еңбек етіп, елімізге адал қызмет етудің үлгісін көрсете білген азамат еді. Астанадағы көп қабатты үйде болған өрт кезінде оқиға орнына шұғыл жетіп, бірнеше адамның өмірін сақтап қалды. Осы бір әрекеті арқылы ол Отан алдындағы азаматтық антына берік екенін және жанқиярлық ерлігін көрсетті. Оның есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын", – деп жазылған жеделхатта.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ержүрек өрт сөндірушінің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында Астана қаласындағы көшелердің біріне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылады.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин, өрт сөндіру кезінде алған ауыр жарақаттан 20 қараша күні ауруханада көз жұмған болатын. Оның артында жұбайы мен екі баласы қалды.