Оразаның адам ағзасына пайдасы

Оразаның адам ағзасына пайдасы
сурет:tengrinews.kz

Биылғы Рамазан айы 23 наурызда басталады.

Қасиетті Рамазан айында ауыз бекіту адамды тек рухани тұрғыдан байытып қана қоймай, денсаулыққа да зор пайда әкеледі.  Заманауи медицинаның өзі оразаның пайдасын жоққа шығармайды. 365 күн бойы тамақ ішетін адам жылына 30  күн ораза тұтқанда, оның ағзасы демалады.  

Ғалымдар ауыз бекіткен кезде адамның ішкі мүшелеріндегі майлар еріп, метаболизим жақсаратынын айтып отыр. Күніне 14-15 сағатқа жуық тамак ішуден тыйылатындықтан да, адам ағзасында керек емес жасушалар жою процесі іске қосылады. 

Француз биологы, Нобель сыйлығының лауреаты Алексис Каррель өзінің «Белгісіз адам» деген еңбегінде былай дейді: «Адам ауыз бекіткенде, ең бірінші аштық, одан әлсіздік сезінеді. Кейде осының әсерінен адам қобалжуы да мүмкін. Бұл сыртқы болып жатқан жағдайлар, бірақ ішкі организмде құбылыстар бұған қарағанда маңыздырақ. Осы сәтте бүйректегі қант қимылдайды, онымен бірге терінің астында сақталған майлар ериді. Ішкі ағзалар мен жүрек бір қалыпты жұмыс істеуі үшін организм өзіндегі сақталған қордан қажетті энергия жұмсай бастайды. Бұл – болашақта адам ағзасының жақсы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді».

Сондай ақ, ауыз бекіткен адамның есте сақтау қабілеті артатын болады. Бастапқыда бас айналу, ауыздан жағымсыз иіс шығуы мүмкін. Дегенмен уақыт өте келе, адам ағзасы аштыққа үйренеді.

Айта кететін жайт, ауыз ашқан соң, бірден майлы, ауыр тағамдарды жеуге болмайды. Ағзаны аз тамақтануға және құнарлы әрі жеңіл ас ішуге дағдыландырған абзал.

Ауыз бекіту арқылы денедегі май құрамы азаюмен қатар, холестерин мөлшері де бәсеңдей түседі. Бұл қан қоюлануының алдын алады. 

Еске салайық, күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті болып саналатын, ерекше мол сауап пен мүмкіндіктер беретін қасиетті Рамазан айы 2023 жылдың 23 наурызына түсіп тұр. Қадір түні 17 сәуірден 18 сәуірге қараған түнге сәйкес келеді. Ал Ораза айт 21 сәуірге белгіленді.