ҚОРАПТАҒЫ 40 «БАТЫР»

Наурыз айының басы – Халықаралық сіріңке күні. Кішкентай ғана шырпымен от жағып, жылынып, үйді жылытып, тамақ пісіріп, шай қайнатуға болады. Оның бағасы қымбат болмағандықтан, кейде оның қадіріне жете бермейтін секілдіміз. Есепсіз пайдаланып жатамыз.

Газдың екі көзін екі шырпымен жағатын кезіміз де болады. Ал қораптағы сіріңке таусылған кезде «бір шырпы табылса екен» деп зыр жүгіріп кетеміз. Бірақ жаңа қорапты ашқан бойда оның бәрі ұмытылып, қайтадан бейберекет жаға бастаймыз. Біле-білсек, шырпының артында жасыл желек тұр. Өйткені, оны ағаштан жасайды.
Иә, сіріңке өндіретін кәсіпорындардың көпшілігі оны көктеректен жасайды.
Бұдан басқа жөке ағашын, терек және де басқа ағаш түрлерін пайдаланады. Сіріңке дайындайтын арнайы машина сегіз сағаттық жұмыс күнінде 10 млн. данаға дейін өндіре алады екен.
Сіріңке қалай жанады? Біз шырпының басын қорабының қоңыр бүйіріне үйкегенде химиялық реакциялар сериясы басталады. Қорапқа жағынды жағылған. Ол қызыл фосфордан, толтырғыштан және желімнен тұрады. Үйкелген сәтте қызыл фосфор бөлшектері аққа ауысады, ол қызып, 50 градусқа жеткенде жана бастайды. Алдымен сіріңке емес, қорап жанады екен. Қораптағы жағынды бірден толықтай өртеніп кетпеуі үшін оның құрамына флегматизатор енгізеді. Сондықтан ол сіріңкені тұтатады да өзі өшіп қалады.
Сіріңке ұшы массасының жартысы – тотықтырғыштар, соның ішінде бертолет тұзы. Ыдырау кезінде ол оттегіні оңай береді. Бертолет тұзының ыдырау температурасын азайту үшін, массаның құрамына катализатор, яғни марганецтің қос тотығын қосады. Бұл жердегі негізгі жанғыш зат – күкірт. Басы тез жанып және бөлшектеніп кетпеуі үшін массаға ұнтақталған әйнек, мырыш ағартқысы, темірден жасалған қызыл бояу сияқты толықтырғыштар қосады. Мұның бәрі бірге әртүрлі желімдермен біріктіріледі екен.
Тұрмыстық сіріңкеден бөлек, арнайы сіріңкелердің 100-ге жуық түрі бар көрінеді. Шағын шырпыға қарап, оның бойындағы күшті аңғармайтынымыз анық. Бір шырпыда өмірдің құны бар деуге болады.
Өйткені, ол өзінің жіп-жіңішке, әлсіз түрімен-ақ тілсіз, тоқтаусыз жалын шығарып, бүкіл үйді бір сәтте өртке орап, күлге айналдырып жіберуі мүмкін. Сөйтіп, талай адамның өмірі де қиылды. Сондықтан, сіріңкеге мұқият болған жөн. Тұрмыстағы от шығаратын кез келген жарқылдың басынды сіріңке тұрады. Газды тұтататын электрлі жарқыл немесе шылым тұтатқыштар болсын, бәрінің атасы – сіріңке.

АНЫҚТАМА

Сіріңкені XIX ғасырдың басында ағылшын өнертапқышы Джон Уолкер ойлап тапқан.
Бір қызығы, әуелде Джон дәрігер болып жұмыс істеген. Кейіннен химия саласына қызығып, соған түбегейлі бет бұрған. Отты алудың жолдарын табу оны көп ойландырған. Күндердің күнінде ол сульфид пен
сүрменің қоспасымен тәжірибе жасауды ұйғарады. Қоспаны араластырып жатып, Джон қолындағы таяғын абайсызда қабырғаға жанып жібергенде таяқтағы қоспа қалдығы жанып кетеді. Осылайша сіріңке ойлап табылған екен.

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *