Оралда мектеп құрылысы тоқтап қалды

Оралда мектеп құрылысы тоқтап қалды
Cурет: 24.kz

Құрылыс жобасы инвестор есебінен басталған

Оралда екі жыл бұрын күреп тастаған №31 мектептің орнына жаңасы әлі салынған жоқ. Тек іргетасы ғана құйылған. 

Қазір 400-ден астам оқушы темір жолдың арғы бетіндегі мектепке қатынап оқиды. Құрылыс жобасы инвестор есебінен басталған еді. Алғашында жер дауы туындады. Ол мәселе шешілгенімен құрылыс уақытылы жүргізілмеді. Қазір мүлде тоқтап қалды. Жаңа ғимаратты сарыла күткен тұрғындар балалардың жағдайына алаңдайды. Жол ұзақ, оның үстіне темір жолдан өту қауіпті. Ал әкімдік өкілдері құрылыстың тоқтауын материалдардың қымбаттауымен байланыстырып отыр.

«Облыста үш ауысыммен білім беретін 10 мектеп және апатты деп танылған 6 мектеп мәселесін шешу үшін бізге 16 жыл керек. Алайда уақыт үнемдеу үшін біз салаға инвесторларды тартып отырмыз. Тек материалдардың қымбаттап кетуі кедергі болып тұр. №31 мектептің құрылысы бойынша инвестор несие рәсімдеп жатыр. Қарыз алған соң тиісті жұмысын жалғастырады. Келісім-шарт бойынша жоба 2023 жылы аяқталуы қажет. Соған дейін ғимаратты салып үлгіреді»,-деді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиев.