Орал қаласында ток соққан екі ер адам жансақтау бөлімінде жатыр

Орал қаласында ток соққан екі ер адам жансақтау бөлімінде жатыр
Сурет: Ult.kz

Орал қаласында ток соққан екі ер адам жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Зачаган кентінің әкімі Аққали Әубекеровтің айтуынша, оқиға 28 маусым күні М.Мөңкеұлы көшесі бойында болды.

«27 маусым күні кешке қарай осы ауданда электр жарығы өшіп қалған болатын. Оншақты көпқабатты үйде, №6 емханада, жекпе-жек спорт мектебінде, сорғы стансасында жарық болмады. Кеше «Батыс Қазақстан электр желілік компаниясы» ЖШС қызметкерлері келіп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Жер астындағы үзілген кабельді жалғау кезінде екі адамды ток соғып, оларды сол бойда жедел жәрдем бригадасы алып кетті», деді А.Әубекеров.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жедел жәрдемге шақырту сағат 16.52-де түскен.

«Оқыс оқиға салдарынан 1989 жылғы ер адамның беті, екі қолы, екі аяғы күйген. 2-3 дәрежелі 15-16 пайыз күйік жарақатын алған. Бастапқыда жансақтау бөліміне түскенімен, кейін палатаға ауыстырылды. Жағдайы тұрақты. 1979 жылғы ер адамның беті, екі қолы мен аяғы, денесін 55 пайыз (3-дәрежелі) күйік шалған. Жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде», деп хабарлады ведомстводан.

БҚО бойынша еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Асылұлан Досжанов мекемеге материал түскеннен кейін комиссия құрылып, тексерілетінін жеткізді.