Онлайн несие талайды орға жыққан

Онлайн несие талайды орға жыққан
Сурет: Мkd.kz

Сол себепті оған тыйым салу ұсынылды.

3 мыңнан астам адам былтыр алаяқтарға алданған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Депутат Елнұр Бейсенбаев Бас прокурор Берік Асылов пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға жолдаған депутаттық сауалында еліміздегі микроқаржы ұйымдары арқылы онлайн несие рәсімдеуге тыйым салуды ұсынды.

«Халық арасында қазір онлайн несие алуға сұраныс күрт артқан. Қарапайым адамдар микроқаржы ұйымдарынан жетіскеннен қарыз алмайды. Айлығы шайлығына жетпегендіктен, осылайша бір қарызды екінші қарызбен жамайды. Бүгінде елімізде 239 микроқаржы ұйымы бар. Банктен несие рәсімдей алмаған аңқау халықты делдал-алаяқтар құрыққа оңай түсіріп, осындай ұйымдарға алып келеді. Тығырыққа тірелген адамның мойнына жүздеген пайыздық несие рәсімделеді, - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, 2022 жылы банктен несие әперемін деген желеумен алаяқтар 3022 адамды сан соқтырған. Биылғы 3 айда 475 факті тіркелген.

«Мысалы, осыдан бір ай бұрын Ақмола облысы Бурабай ауданының тұрғынына хабарласқан интернет-алаяқ өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, 1 млн теңге несие рәсімдеткен, ал ақша өзге адамның шотына жіберілді. Абай облысының тұрғынына хабарласқан алаяқ болса, ұялы телефонға AnyDesk деп аталатын қосымшаны орнаттырып, сол арқылы 9,5 млн теңге несие рәсімдеп алған», - деді ол.

Мұндай оқиғалар Қазақстанның барлық өңірінде тіркелген.

Бұл мәселе бойынша AMANAT партиясының қоғамдық қабылдауларына алаяқтардың ісіне тап болған азаматтар жиі шағым түсіреді. Алаяқтар азаматтардың жеке деректерін пайдалана отырып, онлайн несиені өзге адамға заңсыз рәсімдейді, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Осыған байланысты ол мәселені шешудің мынадай жолдарын ұсынды:

Біріншіден, азаматтарға микроқаржы ұйымдары арқылы онлайн несие рәсімдеуге электронды үкімет базасында тыйым салудың мүмкіндігін тездетіп енгізу;

Екіншіден, Қазақстанда заңсыз лотереялармен, қаржы пирамидалары, өзге де заңсыз қаржылық операциялармен күрестің қалай жүргізілетінін түсіндіру;

Үшіншіден, әлеуметтік желілерге кешенді тексеру жүргізіп, онлайн жарнаманы алаяқтық мақсатта пайдаланатын топтарды бұғаттау.