Онкологиялық сақтық және скринингтік бағдарламаларды жүргізу мәселелері

Онкологиялық сақтық және скринингтік бағдарламаларды жүргізу мәселелері
almaty-akshamy.kz

Алматыда №16 қалалық емхананың базасында «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде онкологиялық сақтық және скринингтік бағдарламаларды жүргізу мәселелері» тақырыбында отандық шеберлік сағаты өткізілуде, оған жалпы практика дәрігерлері, амбулаториялық жағдайда медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау басқармасының медициналық ұйымдарының дәрігер-терапевтері қатысуда, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Шеберлік сағатын С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің онкология кафедрасының доценты және профессоры Арман Хожаев пен Айжан Джақыпбаева жүргізеді.

Қазіргі уақытта қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау мәселелері және онкологиялық пациенттерді диспансерлеу аспектілері онкологиялық тәжірибеде басымдықтардың бірі болып табылады.

Біздің елімізде де, шетелде де қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау әдістерінің жетілдірілуіне қарамастан, диагностика кезінде пациенттердің шамамен 30-40%-ында аурудың III және IV сатысы бар. Осыған байланысты қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтаудың негізгі үміті халықтың ең көп санын қамтуға және популяция деңгейінде жаппай тексеруді орындауға мүмкіндік беретін скринингтік тексеру әдістеріне жүктеледі.
Онкологиядағы Ұлттық скринингтік бағдарламалары мұны толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Шетелдік зерттеулердің деректеріне сәйкес, онкологиялық скрининг жүргізу қатерлі ісіктерді ерте кезеңде диагностикалау жиілігін 10-15%-ға арттыруға және осы патологиядан болатын өлім-жітімді 5-7%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Онкологиялық пациенттерді диспансерлеу мәселелерін білу бүгінгі таңда кез келген мамандық бойынша білікті дәрігерлер үшін қажет», - деп атап өтті Оқу-әдістемелік орталықтың басшысы Гүлнара Ердесова.

Шеберлік сағатын ұйымдастырушылар - Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және Жоғары медициналық колледжінің оқу-әдістемелік орталығы. Шеберлік сағаты жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.