Оңашадағы онлайн ойлар

Оңашадағы онлайн ойлар inet-shops.ru

Жер бетіндегі адам біткеннің бәрі де – Мәңгіліктің асау тұлпары лақтырамын деген жерінде лақтырып кете беретін шала шабандоз. Ешкім де мәңгілік емес. Біреу ерте, біреу кеш жалған дүниеден аударылып түседі. Сонда деймін-ау, неге тыраштанып күн кешеміз? Байлық не керек? Атақ не керек? Жалған намыс не керек? Түсінбейтінмін. Бүгін ұқтым. Біздің осы өмірлік ұстанымыз кездейсоқтық емес, заңдылық екен! Неге дейсіз бе?


Адам өмірінің мәні тыраштануда жатыр. Бұл тыраштанудың аты –  жанталас. Егер адам мәңгілік өмір сүретін болса, бұл жанталастың бүршігі де болмас еді. Жайбарақат күн кешер едік. Ойсыз, мұңсыз жерде адам өмірі барлық мәні мен маңызынан айырылар еді. Шыңғысхан және сол сияқтылар аңсаған Мәңгілікте осыдан кейін ешқандай мән жоқ екенін білесің. Иә, біздің өміріміздің шырайын ашып тұрған созылмалы агония екенін мойындамасқа шара жоқ!  


***


Қазақ қоғамына қайран қалмау мүмкін емес. Қайда барсаң да сол баяғы "Сексеуілді сексеуілге ұрып сындыратын" принципке барып маңдайыңды ұрасың! Қазақты бір біріне айтақтатып қоюдың нағыз апогейіне жеттік. Схема – өте қарапайым. Ортаға сүйек лақтырады. Типа «Рух» не «Алтын тобылғы».


Бұл марафонда хэппи энд болғанын ешқашан көрген емеспін. Бір ғана нәтиже: бірін бірі буындырып жатқан қазақтар. Осындайда ұлтым үшін кірерге тесік таппаймын. Қатыспай-ақ қойыңдаршы конкурсқа, қазақтар! Ауызбіршілігімізді дыр-дыр етіп айырып жатқанда 1 миллион теңге қай тесігіңе жамау болғандай!


*** 


«Екі күн бойы ұйқым қанбайтын болды» дедім «курилкада» тұрған танысыма. «Шәке, алпыстан астың, сол футболы құрғырды күндіз «записьтен» көрсең, қайтеді?» деді маған жаны ашып. Салғыласып жатпадым.


Тікелей трансляция табиғатын түсінбейтін тіршілік иесіне сөзімді шығындағым келмеді. Әйтпесе, «Весь кайф in live» дегім келген. Өмірдің кейбір ләззатынан құр қалып жүрген кісі «кайфтің бәрі лайв пен лайфта» екенін қайдан білсін?!


***


Фейсбук – жиырма жиырма бірінші ғасырдағы ең жарқын жоба. Дүние тұрғанша тұратынына сенемін. Өйткені, мұнда адамдар бар білгенімен бөліседі. Ал, білгеніңмен бөлісу – бақытқа бөленудің бір түрі. Фейсбуктің тартылыс күшінің ең басты тетігі осының астарында жатыр!


***


МАМЫРДАҒЫ МАТЕРИАЛДЫҚ МАРАЗМ. Жаңа ғана "Zakon.kz" порталынан оқыдым: "К майским праздникам в Казахстане подорожали продукты". Ойбай-ау, енді мына "майские празднигіңіз" "Новый год" емес ғой. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезінде де бағаны өсіру – барып тұрған қаскүнемдік! Антимонополия жоқ жерде антигуманизм үстемдік орнатады. Осындай диалектикалық/тарихи материализмді де бастан кешіріп жатқан бізді енді ұрып өлтіру ғана қалып тұр!


***


Тәні сұлу адамдар болады. Ынтық болатының рас. Басқаша айтсақ, өтірік болар еді. Бірақ тез суыйтының да шындық. Өйткені, бұл физиологиялық инстинк екені салған бетте білініп тұрады. Көзбен жегідей жегенің болмаса, жүрек дір ете қоймайды. Тәннің өзі мәңгілік материалдан жаратылмағанын ескерсек, бұған аса таң қалудың қажеті шамалы.


Жаны сұлу адамдар болады. Ақықтықтың иісі аңқып тұратын мұндай жандардың гравитациялық күші сені өзіне тартпай қоймайтыны – дүниедегі ең тәтті құбылыс. Жүрегің атша тулап, аузыңнан шығып кете жаздайды. Осындайда жанның мәңгілік материалдан жаратылғанына көзсіз сене бастайсың. Тәттілігі неде? Тылсымдығында дер едім. Бір анық, тұңғиыққа тығылған тылсым сезімнің түбіне жету мүмкін емес. Бұл құбылыстың мәңгілік болатыны да сондықтан болар.


Аттас зарядтардың бір-біріне жақындауы қиын. Екі бірдей жаны сұлу адамның бас қосуы мүмкін бе? Физиканың қатал заңына салсақ, көңіл қалатын жауап алар едік. Дегенмен, өмірде де «исключение» деген категория кездеспей тұрмайды. Соған қуанасың!


Бір жұпты білемін. Әкім (Тарази) аға мен Роза (Мұқанова). Екеуі де – жайсаң жан. Жанның тазалығы адам күлген кезде көзінен анық байқалатынын осы кісілерден көрдім. Оның үстіне жер ортасынан ауғанда асық ойнауды әдетке айналдыру тек ақ жүректі адамдардың ғана қолынан келеді. Мәңгілік заңы осындай ешкімнің басына келмейтін іс-қимылдан бастау алатынына таң қалмау мүмкін емес. 


*** 


Қали туралы жазу қиын. Қиын дейтініміз, ол — қазіргі қазақ журналистикасындағы күрделі құбылыс. Қали туралы жазу үшін Қалидай болу керек!


Қали туралы жазу оңай. Оңай дейтініміз, бұған дейін де қазақ журналистикасын былай қойғанда, қазақ әдебиетінің марқасқа тарландары Қалиды қасқитып тұрып жазған. Сол алыптарға сілтеме жасап отырып-ақ Қали туралы сілтеп тастау түк емес!


Бүгін Қалиды танудың тағы бір жолын таптым. Қалидан цитата келтір де, күнұзаққа соны аузыңды ашып оқы да отыр. Зейнолла көкем қайтқанда Қали былай жоқтағаны есімде: «Ығушы еді-ау талайлар өзі түгіл, көргеннен оның сұлбасын. Қанып іштік өзіңнен өнердің тұма тұнбасын. Халқың түгіл, бұл күні Сұлулықтың өзі де сығып алған шығар көз жасын!».


Осыдан кейін сен Қалиды мойындамай көр! Мұндай мысалдарды оның творчествосынан мыңдап табуға болады. Сәтті мысалдардан сәт сайын көзің сүрінеді. Тек оның кітаптарын парақтап көрші ең алдымен, жарқыным!


Ертең – Қалидың туған күні. Жақсы досыңды құттықтауға асығып тұрады екенсің. Сол ниеттен туған ой ғой.


***


Ермұрат Бапи, Дина Елгезек, Арман Сқабылұлы, Арман Шораев секілді «сен тұра тұр, мен атайындар» «оптом» саяси ток-шоуға қатысыпты. Ермұрат дос осы хабарға қатысатынын айтып хабарласқан. Көрем деп отырғанда аяқ астынан бір шаруалармен Алматыға кетіп қалып, хабарды көре алмадым.


Телеқызығушылығымның өліп қалғанына бүгін бірінші рет өкіндім. Беті бері қарайын деген сияқты ұлттық көк жәшіктің. Дей тұрғанмен, адамдарды «мыслить» етуге үйрететін «Парасат майданын» прайм-таймға қоймай мен бәрібір ешкімге сенбеймін. Анығы сол, осындай хабарды сағат түнгі 00.20 минутқа қою – қалың көрерменді қорлаудың Һәм Дархан Әбдіктің творчествосына «игнор» жасаудың барып тұрған классикалық үлгісі.


Халықты топас қылып бітірген бітпейтін «той-думандар» мен түрік-корей тектес сериалдарды дәл ел теледидарға телміретін уақытта көрсетудің не қажеті бар? Дені дұрыс адам әрі кетсе түнгі он бірден кейін демалады. Кейде көзім ұйқыға тығылып бара жатқанда Дарханның «Парасат майданында «біз» деген ұғым жоқ» деген сөзі есіме оралатыны бар. Осы сөзінің астарында философиялық ораммен қатар «парасат майданы» бұқара халықтың емес, индивидтің ғана күресі деген пікір де жатқаны рас.


Олай болса, ұлттық арнаның басшылары бұл хабарға философиялық тұрғыдан қарап, «әдейі» ел жатып қалғанда көрсетіп жүр-ау?! Ғажап логика! (пауза) Әй, логикаларыңыз бар болсын!!! Ең алдымен көрерменнің жағдайын қашан ойлаймыз?!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:20

15:05

14:36

14:35

13:45

13:23

12:51

12:45

12:37

12:14

12:04

11:39

11:37

11:32

11:22

10:59

10:37

09:59

09:21

09:19

09:11

09:11

08:37

08:21

23:08