Оңалтудан өте аласыз

Оңалтудан өте аласыз
sosud-ok.ru

Биыл Алматы қаласы бойынша ковидке шалдыққан тұрғындарды медициналық оңалтудан өткізуге 178,3 млн теңге қарастырылған. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалының өкілдері хабарлады.

Филиал директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, бүгінгі күнге дейін медицина ұйымдарымен 85,5 млн теңгенің келісімшарты бекітілген. Бұл сомаға 2584 постковидтік сауықтыру қызметі көрсетілуге тиіс.

«Коронавируспен және пневмонияның орташа немесе ауыр түрлерімен ауырған алматылықтардың реабилитациядан өтуге мүмкіндігі бар. Олар постковидтік оңалтудан күндізгі және тәулік бойғы стационарларда өте алады», – деді Тілеухан Әбілдаев.

Медициналық көмекті пайдалану үшін тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерден реабилитолог-маманға жолдама алу қажет. Дәрігерлер сырқаттың жағдайына қарай денсаулықты қалпына келтіру жоспарын жасап, емдеу курсының мерзімін бекітеді.

Бірақ медициналық реабилитациядан өту үшін пациент міндетті түрде сақтандырылған болуы шарт. Сонымен қатар, медициналық сақтандыру қоры постковидтік оңалту қызметін көрсететін клиникалар санын арттыруға күш салып келеді.

«МСҚ реабилитация қызметін көрсететін клиникалар санын арттыруға, бұл салаға жекеменшік клиникаларды тарту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Аймақтық комиссия аталған қызмет түріне тұрақты конкурс жариялап отырады», – деді Тілеухан Әбілдаев.

Тақырыпқа орай айта кетсек, былтыр Алматы қаласы бойынша постковидтік оңалту қызметіне 222,4 млн теңге жұмсалған болатын.