Өмірдің өзі. Әлия

Өмірдің өзі. Әлия almaty-akshamy.kz

...Кеше Әлиянікіне бардық. Әбден ауру меңдеген жүзі сынық, солғын.


– Аяғың қалай, жақсы ма? – деді құрбысы Гүлім.


– Иә, жақсы. Өздерің қалайсыңдар? Арман қалай? Отын-суларыңды қамдап алдыңдар ма? – деді бәсең үнмен Әлия.


Кандай сабырлы да төзімді жан еді! Хәлін сұрап қашан барсақ та,  сол салмақты, бірқалыпты қалпынан еш танған емес. Неткен күш-жігер! Иә, ұзаққа созылған дертінен қалақтай ғана болып қалған Әлияның бойынан байқалған ерекше бір қасиеті – төзімділігі, қала берді қайсарлығы. «Аяғың калай?» дегеннен-ақ басқа біреу болса «Құрысы-ын, түнімен ұйықтатпайды, қақсап шығады. Аяқ бір жағынан, күйеу екінші жағынан, жанымды жегідей жеп бітетін болды», – деп, әрі қарай бүкіл проблемасын тізбелей жөнелер ме еді. Әлде тағдырына мойынсұнғаны, көндіккені ме бұл? Бәлкім, әйелді қиюы қашқан отбасының тірлігі, екінші жағынан жазылмас дерті қайсарландырып жіберген бе?.. Барлық қиындықтан жеңілген сыңайлы дейін десең, жоқ, аузынан қатты күйінген сөз шықпайды. Тағдыр да ауыр сынағын көтере алатын адамға береді дегені рас болды-ау.


...Күйеуі әдеттегідей тағы ішіп келді. «Тамақ бар ма?», – деді қолын да жумастан үстел басына отырып жатып.


«Неге үндемейсің, жақтырмай отырсың ба?», – деп Әлияны бүйірін тесердей сұқ саусағымен аяусыз нұқып-нұқып қалды. Күндегі әдеті осы. Екі ұлдың да әбден мазасын алып бітті. Әдеттегідей Асқар мен Асхат бүгін де аузы лас әкенің қаһарынан тайсақтап, терезе алдында үнсіз, жаны жадап отырған Әлияның бауырына тығылды.


– Бізге маза берші, Мұрат. Тамағыңды жылытып қойдым, іш те дем алғын, – деді өзін сабырлы ұстауға тырысқан Әлия.


– Ішпеймін тамағыңды! – деп ақырып қалды Мұрат. – Жоқ, сен неге тырысып тұрсың, әй? Әлде,  кеше мен шөлмекке айырбастап жіберген хрусталь вазаңды жоқтап тұрмысың? Дүниеқоңыздығын қара мұның! Кезінде мен тапқанмын бұл мүліктерді. Сондықтан да не істесем де өзім білемін. Ұқтың ба? Вот так, вот!


Мұрат былш еткізіп еденге түкіре салды.


– Ақырғанның бәрі арыстан емес, қу жаныма тыныштық берші. Басқа еш нәрсе сұрамаймын сенен, Мұрат, – деді таусыла, әуелден көп сөзге жоқ Әлия қысқа қайырып. Сөйтті де,  екі жағында үрпиісе тұрып қалған ұлдарын жетектей шығар есікке беттеді.


– Мұның мақалшылын, тілің шығайын деген екен, – деп ақырып соңынан жетіп келген күйеуі халатының жағасынан бүре ұстап алған күйі төр жаққа қарай қаңбақ құрлы көрместен лақтырып жіберді Әлияны. Араққа сылқия тойып алып, екі аяғынан әзер тұрған күйеуінен нәп-нәзік Әлия мұндай жойқын күшті күтпеген еді. Сонадайға төңкеріліп түскен ескі темір орындықтың аяғына бар екпінімен қатты соғылды. Аяқ тұсының шым еткенін біледі, бірақ әрі қарай басы айналып, не болғанын ұқпай қалды. Есін жиса, оң аяғы қан-жоса. Ауырғаны жанына аз ғана бататын сияқты. Ботадай боздап отырған екі баласынын басынан сипай берді.


«Жазым деген аяқ астынан» деп отырушы еді үлкендер. Иә, сол оқиғадан кейін өмірлік мүгедек болып қаларын Әлияның өзі де білмеді. Әуелгіде аяғынан қан тоқтамай қойған соң өз бетінше түрлі дәрілер жағып, таңып тастап жүрді. Кейін ісініп, іріңдеп, солқылдатып, таңды көз ілмей атыратын хәлге жетті. Сөйтсе, орындықтың темірі кірш етіп кірген кезде, аяғының сүйегі зақымданған екен. Дәрігерлер аяғыңды кесу керек деп шешті. Бірақ екі бала да жас, олардың күні не болады деген оймен Әлия келісім бермеді. Әлі-ақ жүріп кетемін деген үмітін де үзгісі келмеді. Ол небәрі отыз жаста еді.


Ал қазір қос балдаққа тәуелді болып қалған. Сырттан кішкентай Асхат:


– Мама, нан жеймін, – деп арсалаңдай кірді. Қайғы-мұң дегенді әлі сезіне қоймаған қайран таза көңілді періштем-ай! Аяқ киімін шешпестен жүгіріп келіп, дастархан шетінде тұрған нанның ұнтағын жеңімен сыпырып өтіп бір жапырақ нанды аузына жұмырлай тығып кетіп барады, сыртқа, ойнауға. Ал ерте есейген Асқары, тұңғышы жерге төгілген нан ұнтағын дереу теріп алып жатыр...


...Бұл осыдан 25 жылғы оқиға болатын. Көшеден балдақты әйелді көріп, есіме түсіп кеткені. Әлиялар «Көк базар» жақта тұратын-ды. Бар ма екен өзі?.. Асқар мен Асхат бүгінде дәу жігіт болып, анасын бағып-қағып отырған шығар. Соған сенгім келеді...


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:41

17:06

16:15

14:56

14:43

13:15

13:13

12:41

12:16

11:37

11:11

11:04

10:45

10:37

10:30

10:19

10:11

10:07

23:14

17:19

16:27

15:44

15:35

14:52

13:55