«Омикрон» штамына байланысты шектеулер енгізілуі мүмкін

«Омикрон» штамына байланысты шектеулер енгізілуі мүмкін
Сурет: LRT

Әлем бойынша сырқаттану деңгейі өсуде.

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндама жасады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Әлемде сырқаттану деңгейі өсуде, оның ішінде соңғы айда ауру Еуропада 11% өскен, Тынық мұхиты өңірінде және Африкада 10% құрады. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, Еуропада соңғы екі аптада 54 елдің ішінде 18-інде сырқаттанушылық өскен, оның ішінде Испанияда, Италияда – 97%, Данияда – 89%, Ұлыбританияда, Португалияда – 69%, Францияда –39% өскен. 

«Қазақстанда соңғы екі аптада аурушаңдық 32% төмендеді. Қазақстан Республикасында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Күн сайын орта есеппен оң ПТР тестімен коронавирус инфекциясының 500 жуық және теріс ПТР тестімен 50 жуық жағдайы тіркеледі», — деді Ж. Бүркітбаев.  

Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, бүгінгі күні Қазақстан Республикасының 15 өңірі «жасыл аймақта» орналасқан. Екі өңір – Солтүстік Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласы «сары аймақта». «Қызыл аймақта» тұрған өңір жоқ. Репродуктивті сан – 0,95 құрайды. Қыркүйек айынан бастап емделіп шыққан адамдардың саны науқастардан 30% артқан.  

Республикада халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жалғасуда. Бүгінгі күні бірінші компонентпен егілуге тиісті халықтың 78,6% егілді, екінші компонентпен 74,4% егілді. Эпидемиологиялық жағдайға әсер ететін жағымсыз факторлардың бірі – әлемде «Омикрон» штамының жылдам таралуы. 30 қарашадағы жағдай бойынша «Омикрон» 16 елде анықталса, бүгінгі күні ауру әлемнің 110 елінде анықталды. Омикронның таралу коэффициенті жоғары, ол 1:5 тең, қайта жұқтыру қаупі өте жоғары. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша, ауру бірнеше ай ішінде бүкіл әлемге таралады. 

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, COVID-19-ға қарсы вакцина салу шарасы тиімділігін көрсетті. Сонымен қатар бірқатар шетелдік зерттеулердің нәтижесіне сәйкес, екпе алған адамдарда инфекциядан қорғау 6 айдан кейін орта есеппен 1,8 есе төмендейді. Қазіргі уақытта КВИ бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдайды сақтау өте маңызды», — деді Денсаулық сақтау министрінің м. а.  Ж. Бүркітбаев.

Қазіргі таңда 9,2 млн адам ревакцинация жасатуы тиіс, оның ішінде 400 мыңнан астам адам ревакцинациядан өткен.  

Бұдан басқа, сауда-ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлеріне, спорт орталықтары мен фитнес-орталықтарға, йога-орталықтарына, караоке, бассейн, сауналарға, моншаларға, «Қазпошта» бөлімшелеріне, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына «Ashyq» қосымшасымен жасыл статусы бар адамдардың кіруіне рұқсат беру жөнінде қосымша профилактика шараларын енгізу ұсынылады. Осы норманы 2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап енгізу ұсынылады.