«Спутник» омикроннан жақсы қорғайды

«Спутник» омикроннан жақсы қорғайды
Сурет:Vlast.kz

Бұл - Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриевтің мәлімдемесі.

Ресейдің тікелей инвестициялар қоры «Спутник V» препаратының "омикрон" штамынан қорғау әсерін зерттеу деректерін ұсынуға дайын, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Іnterfax.ru сайтына сілтеме жасап.

РТИҚ басшысы Кирилл Дмитриев ресейлік вакцина "омикронның" ауыр ағымынан басқаларға қарағанда жақсы қорғайтынын айтты.

Оның айтуынша, келесі аптада «Спутник» препаратының ауруханаға жатып қалудан және өлім-жітімнен сақтайтын мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынылады.

Жақында Гамалея атындағы орталық директоры Александр Гинцбург «Спутник V»-мен covid-19 коронавирусының «омикрон» штамына қарсы вакцинацияның қаншалықты тиімді екендігі туралы айтқан болатын. Ол клиникалық мәліметтер вакцинаның құрамын өзгертудің қажеті жоқ екендігінің нақты дәлелі болады деп мәлімдеді. Гинцбург тек «Спутник Лайтпен» ревакциналаудан өту жеткілікті деген болатын.

РТИҚ және Гамалея атындағы орталық ғалымдары зертханалық зерттеулердің деректері «Спутник» екпесін салдыру жаңа штамға жоғары бейтараптандырғыш қабілет қалыптастыратынын дәлелдеп көрсетті. Ревакциналаудан кейінгі тиімділік 80% жетуі мүмкін.