Олимпиада жанкүйерсіз өте ме?

Токио-2020

Kyodo News ақпарат агенттінің хабарлауы бойынша, биылғы жазғы олимпиадаға шетелдік жанкүйерлер жіберілмеуі мүмкін.

Бұл шара коронавирустың таралуының алдын алу үшін қолданылмақ. Наурыз айының соңына дейін осы мәселе нақты шешімін табады. Ал сәуір айында спорт ареналарына қанша жанкүйер кіре алатыны жарияланады.

Қазір Токиода коронавирусқа шалдыққан саны азаймай отыр. Жапония денсаулық сақтау саласының мамандары шетелдік спортшылардың ғана емес, жанкүйерлердің де коронавирус дертін жұқтыру қауіпсіздігін толық қамтамасыз етудің қиын болатынын қазірден айтып отыр. Токио басшылығы олимпиаданың ресми ашылуы болатын 23 шілдеге дейін де пандемияны толық ауыздықтау қиын болатынын мойындайды.

Сондықтан қазір Ойындарды өткізудің үш нұсқасы қарастырылуда: көрермен санына шектеу қоймау, трибуналарды 50 пайыз толтыру немесе көрермендердің келуіне толық шектеу қою.

Олимпиаданың бір жылға шегерілуі де Жапонияға едәуір салмақ салып отыр. Қазір Ойындарды өткізу құны 15 млрд долларға жетті. 25 наурызда Жапонияда олимпиялық алау эстафетасының басталу салтанаты да жанкүйерсіз өтеді.

ОЛимпиаданы ұйымдастыру комитетінде де жағдай бірқалыпты емес. Ұйымдастыру комитетінің басшысы болған бұрынғы премьер-министр Йосиро Мори жақында өз еркімен отставкаға кетті. Ол спорт федерациялары мен комитеттерінде әйел адамдардың көбеюіне байланысты ағат пікір айтып қалған-ды. «Әйелдер жүрген жерде жұмыс та көбейеді, жиналыс та ұзақ өтеді. Олардың әрқайсысы өз ойым бар деп есептейді және соны қалайда айтып қалуға тырысады» деген-ді ол. Бұл сөзге жапон қоғамы кәдімгідей тулады. Тіпті 500 жуық ерікті өз міндеттерін орындаудан бас тартатынын мәлімдеді. Мори өзінің жөнсіз сөзімен үлкен ыңғайсыздық тудырғанын мойындады.

18 ақпанда ұйымдастыру комитетінің жаңа басшысы белгілі болды. Ол – бұрынғы министр Сейко Хашимото. Халықаралық олимпиялық комитеттің президенті Томас Бах Хашимотоға бірден қолдау білдірді.

Дайындаған Естен Сабалақ

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *