Олимпиада қорытындысы: Ең нашар нәтиже көрсеткен спорт түрі - шаңғы жарысы

Олимпиада қорытындысы: Ең нашар нәтиже көрсеткен спорт түрі - шаңғы жарысы
Сурет: Inform.kz

 Елімізде қай спорт түрлері кенжелеп қалып жатыр?

Бұл туралы Бейжіңдегі Олимпиада ойындарының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.  

«Өздеріңіз білесіздер, 34 спортшы 87 жолдамамен осы Олимпиадаға барды. Әрине, жанкүйерлер бізден медаль күтті. Бейжің Олимпиадасында 29 мемлекет тиісті нәтижеге қол жеткізіп, медаль алды. Ұлттық Олимпиада комитеті 1-ден 8-ші орынға дейін қорытындылап қоятын өзінің бағалауы бойынша біз 30-шы орынға Абзал Әжіғалиевтің нәтижесінің арқасында ие болдық. Біз егемендік алғаннан бері Қысқы Олимпиадаларға қатысқанда 8 ғана медальға ие болыппыз. Оның төртеуін бір спортшы алып берді. Осы жолы алға басатындай жағдай болды. Фристайл-могулдан Юлия Галышева қатысты және шорт-тректен де үмітіміз жақсы болды. Алайда медальға ие бола алмады», - деді Е. Қанағатов

Оның айтуынша, еліміздің спортшылары арасында шорт-тректен біршама ілгерілеу болғаны байқалды.

«Сайыста Абзал Әжіғалиевтің нәтижесін көрдіңіздер. Абзал өзінің сөзінде де шорт-тректі әлі де дамыту керек екенін айтты, біз де бұл уәжін қолдаймыз. Спорттың конькимен сырғанау түрінен де бізде алға жылжу бар деп айтуға болады», - деді ҰОК спорт дирекциясының директоры.

Сонымен қатар ол ең нашар нәтиже көрсеткен спорт түрі шаңғы жарысына қатысты екенін айтты.

«Соңғы жылдары шаңғы спортының нәтижесі төмендеп кетті. Бұл бағытта бұқаралық спортты дамыту нашар болып тұр. Солтүстік өңірлерде шаңғы спортын дамыту тиісті деңгейде емес. Сондықтан осы Олимпиаданың қорытындысы бойынша, шаңғы, биатлонның нашар нәтижесіне, жалпы, Бейжіңдегі нәтижемізге дұрыстап сараптама жасап, дұрыс жауаптармен алға жылжу керек. Бұл тұрғыда спорт түрлерін бұқаралық дамытуға екпін қою қажет. Атап айтқанда, бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлген жөн. Ауылды жерлерге де спорт кешендерін салу өзекті», - деді Е.Қанағатов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, осы спорт түрлерінің арасында тек шорт-трекшілеріміз ғана Бейжің Олимпиадасында өздерінің ең жоғары көрсеткішін көрсете білді. Абзал Әжіғалиев 500 метр қашықтықта медальға сынық сүйем жетпей, Олимпиада ойындарын 4-ші орынмен аяқтады.