«ОЛ – ӘЛЕМ БІЛУГЕ ТИІС ЖАЗУШЫ»

Дулат Исабеков Мәскеуде оқырмандармен кездесті
Аягүл МАНТАЙ
«Дулат Исабеков – интеллектуал, ойлы жазушы. Оның шығармалары орыс оқырмандары үшін, орыс әдебиетшілері үшін де құнды дүние. Ол – әлем білуге тиіс жазушы». Бұл сөзді Дулат Исабековтің Мәскеуде өткен кездесуінде «Художественная литература» баспасының директоры, жазушы Георгий Пряхин айтты.
Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтында өткен кешке Ресейдің белгілі қаламгерлері Н.Анастасьев, Б.Рябухин, А.Потемкин, Г.Михров және басқа да орыс әдебиеттанушылары қатысып, қазақ жазушысын жетпіс бес жылдық мерейтойымен құттықтады.
Кешті ашқан Горький атындағы Әдебиет институтының проректоры, жазушы, әдебиеттанушы Сергей Дмитренко: «Біздің институтта ақын, жазушы, әдебиеттанушы болсам деген арманы бар жастар оқиды. Біз олардан әлем әдебиетін жақсы білуді талап етеміз. Олар енді Дулат Исабековтің шығармаларын да қызыға оқитын болады», – деді.
Кешті жүргізген жазушы Георгий Пряхин Дулат Исабековтің шығармашылық ерекшелігіне баса тоқталып, талантты қазақ жазушысын Ресейде кеңінен жарнамалау керек екенін айтты. «Дулат Исабеков – адамзаттық деңгейде ойлайтын жазушы. Әрбір шығармасы адамзаттық ой айтады. Оның шығармалары барлық уақыттың талабына жауап береді.
Дулат Исабековтің төрт томдық таңдамалы шығармалар жинағы біздің баспадан жарық көрді. Маусымның 3-і мен 6-сы аралығында Мәскеуде өтетін «Красная площадь» атты кітап көрмесінде қазақ жазушысының төрт томдығын оқырман назарына ұсынамыз», – деді Г.Пряхин.
Әдебиеттанушы Маргарита Орлова: «Дулат Исабековтің шығармаларын алғаш оқыған кезде «Біз оқып жүрген көптеген шетел жазушыларынан әлдеқайда мықты жазушы. Осындай жазушыларды Ресейде кеңінен жарнамалау керек», – деп ойладым. Жазушы шығармаларындағы қазақ ауылындағы адамдардың аңғалдығы, тазалығы, олардың ешбір ұлтқа ұқсамайтын ерекше мінездері есімнен ұзақ уақыт кетпей қойды. Жазушы өз оқырмандарына еркіндік береді, бұл кез-келген жазушының қолынан келмейтін қасиет. Еркіндік дегенде мен нені меңзеймін? Кейбір жазушылардың шығармаларын оқып отырып, кейіпкердің аянышты тағдырына жаның ашып, сары уайымға салынып, әрі қарай оқығың келмей қалады ғой. «Бұл не деген бітпейтін қайғы» деп ойлайсың ғой. Ал Дулат Исабековтің шығармаларында тағдырлы кейіпкердің өзі жарыққа ұмтылады. Сол жарыққа кейіпкермен қосылып, сен де ұмтыласың. Өзіңнің көкейіңде жүрген сұраққа жауап табасың. Міне, шеберлік! Міне, талант! Дулат Исабековтей жазушысы бар қазақ – бақытты халық», – деп жазушы шығармашылығына жоғары баға берді.
Мәскеу мемлекеттік Заң академиясының аспиранты Олжас Тұрсынбаев: «Дулат Исабеков Мәскеуге келеді, мәскеулік оқырмандарымен кездеседі» дегенді естігенде, осында білім алып жатқан қазақ жастары қатты қуандық. Жазушымен кездесуді асыға күттік. Кеште өзін-өзі қинап, амалсыздан келген бірде-бір адам болмады. Қазақ жастары бар, орыс жастары бар – бәрі де жарыса сұрақтар қойды. Жазушының салмақты, юмор араласқан жауабын айтсаңызшы! Бір сөзбен айтқанда, естен кетпейтіндей керемет кеш болды»,– дейді.
Кеште Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің студенттері, қазақ тілін үйреніп жүрген орыс жастары жазушыны мерейтойымен қазақ тілінде құттықтап, гүл шоғын тарту етті. Кеш соңында жастар Дулат Исабековтен жарыса қолтаңба алып, суретке түсіп жатты.
Рас, әлемді рухани дағдарыстан Дулат Исабеков сынды ойлы, интеллектуал жазушылар ғана құтқарады.