«Қолғанат құс сен едің…»

Өмірдің өзі

 

Достық даңғылы бойында, бағдаршам түбінде тұрмыз. Мен арлы-берлі ағылып жатқан көліктерге бір, бағдаршамның көзіне екі қарап, мазасызданып тұрмын, діттеген жерімізге тез жетуіміз керек. Ал жетегімдегі қызым:

– Анашым, ананы қараңыз! Неткен көп кептер! – деп жолдың арғы бетін нұсқады.

Бала байқампаз ғой, шынымен де, бір топ кептер тобымен әуеде қалықтай ұшып барып, құлдилай кетіп, одан қайта дүр етіп жоғары көтеріліп, бейнебір көкте билеп жүргендей.

Бірақ қайтадан жол қозғалысына көңілім ауып кетті. Бағдаршамның жасыл көзі жанған соң, дереу қызым екеуміз қол ұстаса жүгірдік, арғы бетке.

– Анашым, әне, жаңағы кептерлер ана жерге қоныпты, барайықшы! – деп мені сонда қарай сүйрелей жөнелді. Мұзға тайғанақтап, кептерлерге емес, аяғымның астына қарап, қорқасоқтап ілесіп келемін.

Достық даңғылы бойындағы Жамбыл Жабаев ескерткішінің алдында тұрған бейтаныс ер адамды әлгі кептерлер қоршап алыпты. Ер кісінің қолында бір бөлке нан, үзіп алып кептерлерге шашып тұр екен.

– Кел, бері жақында, сен де нан бере ғой, – деп қолындағы нанының тең жартысын осыншама көп кептерді бірінші рет көріп таңқалып тұрған қызыма ұстатты. Балам нанды қуана-қуана алды.

***

Кептерлерге жем шашып тұрған кісі – Қадыр Нұрманов, мамандығы – инженер. Қазір зейнет демалысында. «Алматы ақшамы» газетін оқып тұрады екен. Өзі де кезінде баспасөз саласымен, білім ордаларымен тығыз байланыста жұмыс істепті.

Осы жолмен өткенде дүкенге арнайы кіріп, кептерлерге бір бөлке нан сатып алып, осылай жемдеп кету күнделікті дағдысына айналғалы біраз жыл болған көрінеді.

– Кептер – ақылды құс. Өте сезімтал. Қазір қыс мезгілі, күн суық, бір мезгіл болса да тойып жеп, адамардың мейірімін сезінсін деймін, – дейді алматылық зейнеткер.

***

Кептер (көгершін) – адам үшін пайдалы, өте момын құстардың бірі. Ол қай елде де бейбітшіктің белгісіне айналған. Көгершіндердің өз мекенін қай жерден болсын тауып баратыны ғылымдағы ше­шілмеген жұмбақтардың бірі болып қалған. Сан рет тәжірибе жасалып, оларды жәшікке салып, жүз рет айналдырған. Сосын алыс жаққа жеткізіп және жүз рет айналдырады. Жәшікті ашқанда көгершін басқа жаққа бұрылмай, өз мекеніне тура тартады. Бастапқыда мұны құстар жердің магнитті өрісін сезіп, сол арқылы бағытты табады деп түсіндірді. Ар­қасына мыс жапсырып, мойнына магнит ілінген көгершін де өз мекенін жаңылмай тапқан соң, бұл болжам негізсіз болып қалды.

***

Англияда көгершінге орнатылған ескерткіш бар деседі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ағылшынның сүңгуір кемесіне неміс ұшағы дәлдеп тұрып бомба тастайды. Кеме теңіз түбіне батады. Кемеде адамдардан басқа екі кептер болыпты. Сол екі кептердің аяғына кеме шөгіп қалған жердің координаты көрсетілген қағаз байланады. Сосын екеуін арнайы темір қорапқа салып, торпедо аппаратымен су бетіне атады. Су бетіне шыққанда қорап ашылады.

Тарихшылардың жазуынша, сол екі кептердің бірі, яғни ұябасары базаға аман жетіп, оның аяғындағы жазу арқылы су түбіндегі теңізшілерге дер кезінде көмек жеткен деседі. Кезінде өзіміз «Ақ көгершін, көгершін, Қолғанат құс сен едің» деп әндеткеніміз есімізде. Бірақ осы бір жұдырықтай ғана құстың шын мәнінде қолғанат екенін ол кезде бағамдай қоймағанымыз рас.

Көгершіннің ескерткіші Бельгияда, Фран­цияда да бар екен. Парижді пруссиялық әскер қоршауға алған 1870-1871 жылдары поштаны көгершіндер тасыған. Оның алдында Француз революциясы кезінде Бельгияның газеттері нөмірге жаңалық әкелетін кептер поштасын күтіп отыратын болған.  Жаттыққан көгершіндер бір сағатта 70 шақырымға ұшады.

***

Кептер қанатының ұзындығы – 180-250 миллиметр, салмағы – 240-350 грамм. Олардың басым бөлігінің қауырсыны құлпырып тұрады. Алуан түске боялады. Негізінде, олар топталып жүретін құстың түрі саналады. Жұбын жазбауға тырысады. Адамға жақын жүргендіктен, оны қолға үйрететін кісілер де бар. Бүгінде елімізде отау құрған жастар кептер ұшырып, құсқа, табиғатқа жанашырлығын білдіріп жүр. Демек, ол – бейбітшіліктің ғана емес, сүйіспеншіліктің де белгісі.

Нұржамал ӘЛІШЕВА,

суретті түсірген автор

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *