Қолға алынған істі тоқтатпаған дұрыс

Бұл – МӘМС қорына жарна аударуда көш басынан табылған Алматы тұрғындарының пікірі
2017 жыл аяқталуға жақын қалған сайын денсаулықты – ең басты байлығым деп бағалайтын азаматтар 2018 жылдан бастап енгізіледі деп ұсынылған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тағдырына алаңдаушылық білдіруде. Оның себебі де жоқ емес. Елбасымыз қолға алынған бұл жүйенің бірқатар кемшін тұстарын атап өтіп, адамның денсаулығына жауапты бұл мәселені жан-жақты талқылап, саралағаннан кейін ғана нақты шешім қабылдауды тапсырған болатын. Президенттің бұл пікірі «сыныққа сылтау» іздеп жүрген кейбір азаматтардың ойынан дөп түсіп, МӘМС-тің мәселесін «май шаммен» қарап, оны сан-саққа жүгірткен еді. Денсаулықты ғана емес, денсаулық сақтау ісіндегі әлеуметтік теңсіздікті сақтауға кепілдік береді деп күтілген МӘМС жөнінде қала тұрғындарының пікірін білу мақсатымен медициналық сақтандыруды қолдайсыз ба, сақтандырудан қорқудың қажеті бар ма? – деген сұрақ төңірегінде сауалнама жүргізген едік.
Нәзікен ИМАНЖАНОВА, қала тұрғыны, зейнеткер
Қарапайым халық үшін тиімді сияқты
Білім мен денсаулық сақтау саласы реформадан әбден қажыды. Әркімнен көрген жаңалықтарды әкеліп тықпалағылары келеді. Олай істеуге болмайды ғой. Қандай реформа жасасақ та, қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың әлеуметтік жағдайы ескерілуі керек. Мен зейнеткермін. Күнделікті жаңалықтарды қадағалап отырамын. Сол ұдайы назарымнан қалдырмай қадағалап жүрген бір мәселе – осы МӘМС. Оны бастағандардың айтуынша, бұл жүйе денсаулық сақтау саласын жетілдіріп, медициналық қызметтің сапасын жақсартып қана қоймай, адамдардың барлығының қымбат жоғары технологиялы медициналық көмекті тегін алуларына мүмкіндік береді дейді. Мен өткен жылы көзіме 450 мыңға ота жасаттым. Ал енді осыны МӘМС қоры төлейтін болса, біз неден ұтыламыз, керісінше, ұтарымыз көп болып тұр ғой. Бірақ жұрт сол қордағы қаражаттың дұрыс қолданылатындығына сенбейді. Сол үшін оны пайдалану жүйесі ашық жүргізілгені жөн. Есебі беріліп тұруы керек.
Дәулет БҮРЛІБАЕВ, кәсіпкер
Жарна төлеуді тоқтатқан жоқпыз
МӘМС туралы алыпқашпа әңгімелер көп. Бірақ қолға алынған істі кейінге шегерудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Біздің халық қандай реформаны болса да қолдайды. МӘМС жүйесін де жаман қабылдаған жоқ. Белгіленген уақыттан бастап жарна төлеуді бастағанбыз, әлі жалғастырып жатырмыз. Бұл төлеп жатқан жарнаның өз денсаулығымыз үшін өзіміз құйып жатқан инвестиция деп ойлағанымыз дұрыс. Тіпті, бұл жүйе әр адамның қайырымдылық жасауына мүмкіндік беретіні қуантады. Қалай дейсіз ғой, денсаулығы жақсы, жылдар бойы ауруханаға жатпайтын адамның қаражаты денсаулыққа мұқтаж адамға жұмсалып жатса, қайырымдылық деген сол емес пе?! Жалпы, мен бұл жүйені қолдаушылардың бірімін. Біз өркениетке ұмтылып отырған ел болғандықтан өркенді істерді құптауға тиістіміз.
ЭЛЬМИРА, ІІ-топтағы мүгедек
Мен үшін жарнаны мемлекет төлейді
Мен ІІ-топтағы мүгедекпін. Сондықтан біз үшін медициналық сақтандыру қорына жарнаны мемлекет төлейді. Мұндай қамқорлық тек біздің Қазақстанда ғана бар шығар. Әлеуметтік тепе-теңдікке қол жеткізетін МӘМС мен үшін тиімді тәсіл болып тұр. Ал қазір медициналық қызмет тегін деген аты ғана болмаса, көбі ақылы ғой, ал бұл қорға айына жарна төлеп отырған кез-келген адам өзіне қажетті жоғары медициналық көмекті тегін алатын болса, сақтандырудан қорқудың қажеті жоқ деп ойлаймын.
Жәмила Санаққызы ӘБЕУОВА,
«Алатау» қалалық ауруханасының бас дәрігері,
Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының МӘМС бойынша спикері:
– Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жарна төлеу тоқтаған жоқ, жүріп жатыр. Қазір еліміздің барлық аймақтарында Елбасымыз атап өткен өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтардың мәртебесін анықтау жұмыстары қайта қолға алынып, ауқымды сараптамалық жұмыстар жүргізілуде. Желтоқсан айына дейін өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтардың нақты саны анықталатын шығар. Өз денсаулығын ойлайтын, оған жауапкершілікпен қарайтын азаматтар сақтандыруды қолдап отыр. МӘМС жүйесін енгізуге деген талпыныс мемлекеттік емдеу мекемелері мен жекеменшік емдеу мекемелерінің арасындағы бәсекелестіктің артуына негіз болып отыр.
Адамдар қай емхана, аурухана жақсы емдейді, соны таңдайды, соған тіркеледі. Қай емхананы жұрт көбірек таңдайды, соның қаражаты жақсы болады. Ал қаражат көп жерде басқаша болатыны сөзсіз. Бұл ретте тұрғындарға айтарымыз, МӘМС бойынша өзіңіз қаралатын емхананы бір-ақ рет таңдау құқы берілетіндіктен, денсаулығыңызды сеніп тапсыратын емдеу мекемелерінің қызметін сараптап көріңіз. Ол емхана қормен келісім-шартқа отырған емдеу мекемелерінің базасында тіркелген бе, соны анықтап алыңыз. Бұл өте маңызды және таңдау кезінде сол емдеу мекемесінің өзіңіз үшін ғана емес, отбасыңызға да тиімді жақтарын қарастырыңыз. Ал қордағы жинақталған қаржы Ұлттық банктің есеп-шотында сақталған. Медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылмайынша ол қаражат жұмсалмайды. Сондықтан төлеген жарнамыз қолды болып кетеді деп алаңдаудың қажеті жоқ.
Мен осы ретте 15 қыркүйектен басталған жылдағы емхананы таңдап, тіркелу науқанының аяқталуына санаулы күн қалғанын ескерткім келеді. Емханаға қайта тіркелу 15 қарашада аяқталатындықтан оған жауапкершілікпен қараған дұрыс. Емхананы дұрыс таңдау – ертеңгі күні денсаулығыңызға дұрыс күтім жасай білу екендігі естеріңізде болсын.
Керек дерек
Өткен қазан айында жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Ұлттық банктегі шотына
6 млрд. теңге сақтандыру жарна аударған. Шілде айынан бері түскен жарналар мен аударымдар мөлшері 18,6 млрд. теңгеге жетті.
* 81 пайыз
немесе 15,02 млрд. теңге жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлері үшін жасаған аударымдар.
- Жарна төлеу жағынан бұрынғыша Алматы алда тұр.