Оқушыларымыз халықаралық олимпиадада 66 медаль иеленді

Оқушыларымыз халықаралық олимпиадада 66 медаль иеленді
Сурет: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Бұл додаға 26 елдің 281 командасы қатысты.

ХІХ халықаралық Жәутіков олимпиадасында қазақстандық оқушылар 66 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, оқушылар 6 алтын, 20 күміс, 40 қола медальға ие болды. Жеңімпаздар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының атаулы сыйлықтары мен білім гранттарын иеленді.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, 26 елдің 281 командасы 10 күн бойы математика, физика және информатика пәні бойынша сынға түскен. Қазақстаннан құрамында 250 оқушысы бар 35 команда бақ сынады. Дәстүрлі халықаралық Жәутіков олимпиадасына Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Ресей, Грузия, Румыния, Сербия, Украина, Үндістан, Түркия, Ұлыбритания және басқа да елдердің физика-математика бағытындағы мамандандырылған мектептерінен жалпы 1200-ден аса оқушы қатысты.

«Халықаралық Жәутіков олимпиадасы оқушылар арасында танымал бола түсті. Олимпиада кезінде қатысушылар күрделі математикалық есептерді шешеді. Мұндай зияткерлік конкурстар олардың білімін тереңдетіп қана қоймай, балаларды командада жұмыс істеуге, достық қарым-қатынас орнатуға үйретеді», – деп атап өтті РФММ басқарма төрағасы Руслан Қалиев.

Халықаралық Жәутіков олимпиадасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Республикалық физика-математика мектебінің базасында өтті.