Оқушыларды тегін тамақтандыру проактивті қызметке ауысады

Оқушыларды тегін тамақтандыру проактивті қызметке ауысады

Тегін тамақпен қамту проактивті қызмет түрінде болады. 

Елімізде мектеп оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту проактив қызмет түрінде іске қосылады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Тұрақты дамудың 17 мақсаты бар. Сол мақсаттарға жету жолында цифрландыру саласында іске асып жатқан кейбір жобаға тоқталсам. Алдымен кедейлікпен күрес. Бұл орайда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасының цифрлық картасын әзірлеп жатыр. Сол арқылы әр отбасының әлеуметтік жағдайы анықталады. Цифрлық картада отбасы мүшелері туралы мәлімет болады. Екінші мақсат – аштықпен күрес. Ұлттық жоба аясында агроөнеркәсіп саласында көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік қолдау автоматтандырылып жатыр», - деді Мәлік Олжабеков Астанада өтіп жатқан адам және ғаламшарға арналған цифрлық шешімдер тақырыбындағы конференцияда.

Оның айтуынша, фермерлерге арналған мемлекеттік субсидия беру процесін цифрландырып, автоматтандыру процесі жүріп жатыр.

«Сондай-ақ, биыл қиын жағдайға тап болған отбасылардың мектеп жасындағы балаларын тегін тамақпен қамту проактивті қызмет түрінде іске қосылады», - дейді ол.

Айта кетсек, биыл 1 желтоқсанға дейін елімізде әлеуметтік салада 13,1 млн қызмет көрсетілді. Оның ішінде 10,6 млн қызмет электронды және 1,0 млн қызмет проактивті түрде ұсынылды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, келесі жылдан бастап елімізде Отбасының цифрлық картасы енгізілмек.