Оқушылар енді Байқоңырға сапарлай алады

Оқушылар енді Байқоңырға сапарлай алады Сурет: Inform.kz

Биыл жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық оқушылар Байқоңыр ғарыш айлағына сапарлай бастайды.


Бұл туралы толығырақ «Kazakh Tourism» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов айтып берді. деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.



«Осыдан 5 жыл бұрын мектеп турларын әзірлей бастадық. Бұл бағытта танымал тұлғаларды тарта бастадық. Бүгінде бұл бастаманы әкімдіктер қолға алды. Қазір Байқоңырға оқушылар турын әзірлеп жатырмыз. Туризмді ілгерілетуде мектептер де ашық болуы керек. Оқушыларға арналған турларды ұйымдастыруда біз қауіпсіз, аккредиттелген және тәжірибесі жеткілікті туроператорларды тартуға дайынбыз. Бұл жерде балалардың экологиялық сауатын аша түсу мәселесі де шешімін табады. Мысалы, Торыш аңғарында тас ұрланған. Бұл жерде мәселе жалпы мәдениеттің жоқтығы. Осы орайда балаларға ерте жастан жөн сілтеу керек. Ол туралы үнемі айту керек, бұл жерде ұрланған тастың геологиялық құнды дүние екенін айту жеткіліксіз», - деді Қайрат Сәдуақасов.



Оның айтуынша, жыл сайын 15 мың жас қазақстандық туризм туралы дәріс алады.



«Келесі айда біз аккредиттелген туроператорлар тобымен Байқоңырға барамыз. Онда оқушыларға арналған турларды қалай өткізу керегін қарастырамыз. Биыл мамырда біз зымыран ұшыру сәтіне куә болдық. Онда барудың жеңіл жолдары бар. Жалға берілген аймақ болғандықтан кейбір кедергілер болды. Енді ол оңайға түседі, себебі ғарыш айлағының жекелеген алаңдары Қазғарышқа беріледі. Биыл оқу жылының басында оқушыларға қызықты тур ұсынамыз деп ойлаймын. Бұл жерде Оқу-ағарту министрлігінің бірлесуі өте маңызды. Олар балаларға қызықты сабақтар ұйымдастыру жағынан қол ұшын созуы керек. Сондай-ақ іске туроператорларды тартқан жөн», - деді спикер.



Сондай-ақ спикер турды ұйымдастыруда балалардың қауіпсіздігі және туроператорларға артылатын жауапкершілік туралы айтты.



«Тур кезінде балалармен төтенше жағдай болып қалса, сол үшін бұл жерде жауапты біреу болуы керек. Осы орайда нормативтік-құқықтық актілер арқылы туроператорларға қосымша жауапкершілік белгілеуге дайынбыз. Туроператорлар жауапкершіліктен қашпайды. Олар бұған дейін де дәрігерлер, мұғалімдердің қатысуымен турлар ұйымдастырып келеді. Бұл міндетті орындау үшін субсидия қажет», - дейді Қайрат Сәдуақасов.


Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамау
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Пікіріңізге рахмет