Оқушылар арасында сватинг қауымдастықтарға әуестер көбейген - ІІМ

Оқушылар арасында сватинг қауымдастықтарға әуестер көбейген - ІІМ
Сурет: Inform.kz

Жүргізілген талдау жұмыстары мұндай қауіптің басым көпшілігі шетелден түсетінін көрсетті.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның апталық брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап. 

Интернетте «сватинг» деп аталатын, яғни өзге тұлғалардың атынан шұғыл қызметке жалған хабарламаларды жаппай таратумен айналысатын жасырын қауымдастықтар бар. Олардың уәжі әртүрлі: жеке кек алу, жанжал, басқа адамды әуре-сарсаңға салу. Қазақстандық оқушылар арасында да осындай топтарға әуестері бар, - деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі. 

Сонымен қатар ол құқықтық тәртіп органдары ата-аналарға баласының интернеттен не қарайтынына мұқият болу қажеттігіні ескертетінін жеткізді.

ІІМ арнайы органдармен бірігіп, шетелдік құқық қорғау органдарымен, сондай-ақ қастық ойлаушылардың ІР-мекенжайларын, аккаунттарын және өзге де мәліметтерін анықтау үшін интернет-провайдерлермен белсенді жұмыс істейді. Тек қана соңғы екі айдың ішінде интернет арқылы жалған хабарлама таратқан 5 адам анықталды. Жалпы, жыл басынан бері 28 адам мұндай әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың 8-і бас бостандығынан айырылды, - деді Шұғыла Тұрлыбек.