Ойы – сұңқар, шабысы – тұлпар қаламгер

Халықтың аузында жүрген азаматтың, өз ортасынан әлдеқашан бағасын алып қойғанына көзiңдi жеткiзгенде, көңiлiң көлдей тасып қоя бередi. Шынында да Батық Мәжитұлы артында соны соқпағын қалдырған азамат. Ол бүгiнгi күнi елiне журналистiгiмен, көсемсөзшiлiгiмен, ақындығымен, сатириктiгiмен, әдебиет зерттеушiлiгiмен, өнерiмен, суретшiлiгiмен танылған танымы бөлек талант иесi. Оның ылдидан салса, төске озған, қамшы салдырмас қарымына айналасындағылар баяғыда-ақ қанық болған. Осындайда оның қол бұлғап қалған оралмас өмiр белестерiне шегiнiс жасауға тура келедi. 

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бiздiң буындар үшiн алтынға айырбастағысыз айрықша аяулы жылдар едi ғой. Сол кезеңдерде әдебиет пен өнерге мектеп оқушыларының құштарлығы ерекше басым болатын. Жанарларын тырнап ашқан балғын жастардың өз беттерiмен жалықпай, бедерлi iзденiс жасап жүретiнi жаныңды сүйсiнтетiн.

Аудандық «Советтiк шекара» газетiн басқа газеттерден кем көрмейтiнбiз. Қадалып қарай бергендiктен бе, аудан өмiрiнiң тарихы көкiрекке қатталып қалады екен. Осы газетте алпысыншы жылдардың аяғына таман Шалкөде ауылындағы Киров атындағы орта мектептiң оқушысы Батық Мәжитұлының өлеңдерi шыға бастады.

Бiр күнi сол аудандық газеттiң «Әдебиет бетiнен» газеттiң әдебиет бөлiмiнiң меңгерушiсi, үлкен ақын Еркiн Iбiтановтың редакцияға түскен өлеңдерге жасаған шолуы шығыпты. Бiрнеше рет қайталап оқыдым. Еркiн ағамыз оны Батықтың өлеңдерiне жылы-жылы лебiзiн бiлдiруден бастапты. Өзгелерге үлгi тұтыпты. Өлеңдерiнен бiр-бiр шумақтан тұздық ретiнде мысалдарды көлденең тартыпты. Бәрiнiң де ойға қонымдылығын ақиқат шеңберiнде талапкерлердiң алдына жайып салған. Одан кейiн оншақты адамның шала-шарпы өлеңдерiн өлтiре сынап салыпты. Бiз сонда Батықтың тырнақалды өлеңдерiмен-ақ бiрден мүдiрмей, сүрiнбей, сын атаулыға iлiнбей, өлең өлкесiне үлкен дайындықпен түрен салғанын аңғарған едiк.

Ол кезде белгiлi жазушы-драматург, марқұм Баққожа Мұқаев кешкi мектепте оқитын. Күндiз аудандық газетте жұмыс iстейдi. Бiр күнi Баққожаның iнiсi Ақылжанда жұмысым болып қалып, үйлерiне бас сұғуға тура келдi. Менi байқап қалған ағамыз жанына шақырды. Алдына алуан түрлi қағаздарды жайып тастапты. Оқушылардың түрлi-түстi қарындаштары да жатыр. Арасынан маржандай жазуы бар бiр топ өлеңдерге көзiм түсiп кеттi. Соны бiрден аңғара қойған Баққожа аға:

– Бұл Шалкөдедегi мектеп оқушысы Батық Мәжитұлының өлеңдерi. Соған Еркiн Iбiтановтың алғысөзiмен, қазақша айтқанда, ақ батасымен сәт сапар берiлмек. Мiне, мына бала, – деп оның суретiн қолыма ұстатты. Жымиып отырған әп-әдемi бала екен. Көзiнiң оты бар сияқты. Сонда үлкен кiсiлердiң «Көзiнiң оты бар бала тегiн болмайды. Одан түбiнде ел күткендей бiрдеңе шығады» деп айтатын сөздерi ойыма орала кеттi.

– Батық – талантты бала. Қандай тақырыпта өлең жазса да тауып, тамылжытып жазады. Оның өлеңдерi үлкен ақындардың өлеңдерiнен кем емес. Ол Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Төлеген, Жұмекен, Фариза, Еркiндердi жақсы бiледi. Оларды зерттеп, зейiн қоя оқиды. Кейiндеп өлең жазуды тастап кетпесе, одан мынау деген тамаша ақын шығатынына күмәнiм жоқ, – деп, басбармағын бадырайта көрсеттi. Сосын Батықпен редакцияда егжей-тегжейлi әңгiмелескенiн  бастан-аяқ баяндап бердi. Баққожа ағаның осы айтқанынан көп нәрсенi көкiрегiме түйiп қайттым.

Ол кезде асыға күтетiн газеттерiмiздiң бiрi – «Лениншiл жас» (қазiргi «Жас алаш») едi. Бiр күнi Батықтың жастық жайлы жазған толғауы басылыпты. Оны бас алмай оқып шықтым. Үлкен әсер қалдырғандықтан қиып алып, сақтап қойдым (аты-жөнiнiң астына «құрылысшы» деп жазылыпты). Сосын, жетпiсiншi жылдардың орта шенiнде Батықтың жастар газетi жариялаған «Жиырма бес – гүлдәурен» жыр бәйгесiнде екiншi орынды еншiлегенiн оқып, ел-жұртпен бiрге қатты қуандық.

Осыдан кейiн де Батықтың басында көптеген өзгерiстер болды. Өзi оқыған мектепте сурет пәнiнен сабақ берiптi. Мұғалiмдер мен ауылдастары оның ақындығын былай қойып, «суретшi жiгiт» деп атайды екен. Оның сол мектепке көрнекi құрал ретiнде салған суреттерi әлi бар көрiнедi. Мазмұны терең болғандықтан, мәнiн жоя алмайтынын айтады ел. ҚазМУ-дiң журналистика факультетiнде оқып жүрген кезiнде де елдiң алды болғанын курстастары Ұлықбек Есдәулетов, Қонысбай Әбiлев, Дидахмет Әшiмханов, Серiк Жәнәбiловтерден талай-талай естiген едiк.

Батықпен араласып-құраласуым оның аудандық газеттен тәжiрибеден өтуiнен басталды. Мен газеттiң ауыл шаруашылығы бөлiмiндемiн. Бiр ай бiздiң үйде жатты. Батықтың журналистiк шеберлiгi мен iскерлiгi сол уақытта редакциядағы аттары алысқа кеткен ағаларымызға дейiн ризашылық сезiм туғызатын. Ол газет жанрларының қай саласында болсын жүктелген жұмысты қамшы салдырмай, тез арада орындап тастайтын. Әсiресе, газеттегi жауыр болып кеткен тақырыптардан ат-тонын ала қашатын. Суқаны сүймейтiн. Сонымен бiрге мақалаларын да өзгелердi қайталамайтын жаңа леппен жазатын. Ол беретiн материалдарының әдiс-тәсiлдерiне әр қырынан келгендi жөн санайтын. Сол бiр айдың iшiнде ғана ол өзiн тек ақын ғана емес, қаламы жүйрiк журналист ретiнде де дәлелдеп шықты. Тәжiрибеден өтуiн сәттi аяқтағанда оған өз кәсiбiнiң кәнiгi мықтылары – Әлнұр Мейiрбеков, Қыдырбек Нүсiбәлиев, Дәулет Желдiкбаев, Еркiн Iбiтанов, Әбiтай Әденов, Айтақын Әбдiқалов, Мiнуар Әкiмхановтар «оқуыңды бiтiргеннен кейiн осында қайтып кел» деген қолпаштарымен тiлектерiн айтып жатты.

Батықтың актерлiк өнерiмен қатар музыкалық аспаптарды нақышына келтiре ойнауы да, халық әндерiн ырғағын бұзбай орындағаны да тамсандырмай қоймайды. Бұл жағынан ол көп көрiне бермейдi де. Әлдебiреулер сияқты атырылып шығып, алқын-жұлқын болып жатпайды. Той-томалақтар мен отырыстарда халық қошеметпен қолқалап қоймай бара жатса, тартынып қалмайды. Оған кейде бұлбұлдай тамылжыған даусымен сүйген жары Оразқан да қосылып кетедi. Осыны көргенде «Өнердiң құдыреттi қуатын қабылдай бiлуде осы Батықтай болғанға не жетсiн!» – деген ойдың жетегiнде қаласың.

Батық оқуын бiтiрiп келгеннен кейiн ағаларының айтқан өтiнiшiн аяқсыз қалдырмады. Аудандық газетке оралды. Атауы «Хантәңiрi» болып өзгерген басылымда бiрден жауапты хатшылық қызметке кiрiстi. Оның сызған макеттерiне, газеттi безендiру мен көркемдеуiндегi мiнсiздiгiне осы саланың бесаспабы болған газет редакторы Дәукең (Дәулет Желдiкбаев) мен орынбасары Ерекең (Еркiн Iбiтанов) редакция азаматтарының алдында мадақтаумен марапат көрсеткендерiнiң есебi жоқ. Адал еңбегiн бағалаған ағаларының көрсеткен құрметiнiң буына iсiп-кеуiп кеткен Батықты көргемiз жоқ. Керiсiнше сабырлы қалпын сақтап, ұқыптылық, ұтқырлығын көрсетiп, баяғы жаңашылдығынан танбады.

Осы жерде айта кеткеннiң артықшылығы болмайды. Оның сатира саласында да қалам тартқанын екiнiң бiрi бiле бермейдi. Батықтың «Нарынқол әзiлдерi» деген кiтабын бүгiнгi күнi ел-жұрттың жаттап алып, бiр-бiрлерiне айтып жүргендерiн құлағымызбен естiп, құрышымыздың қанғанын тiлмен айтып жеткiзу қиын. Мұның сыртында «Батық айтыпты», «Батық өйдептi», «Батық бүйдептi» деген қағытпа қалжыңдар тiзбегi де ел арасында өрiп жүр. Бәрiн де Батықтың өзi ойдан құрастырып шығарады. Бiрақ, қалжыңдары шымбайына тиген адамдар оған ешқашан да өкпе-наздарын айтып, өрекпiген қылықтарын көрсеткен емес.

Батықтың адал еңбегiнiң еленбей қалған жерi жоқ. Қызмет бабындағы баспалдақтары қанша биiктесе де ол менменсуден, кеудесi алақаптай болып кергуден, адам баласына астамшылықпен қараудан ада. Қанына сiңген қасиеттерiнен аз уақыт болса да ажырап қалуды өзiне ар санайды. Осындай адал мiнез-құлқынан шығар, ол сол кездегi Шелек аудандық «Еңбек туы» газетi редакторының орынбасары қызметiн де жанына шаң жуытпай атқарды. Бұл ретте екi тiлде шығатын газеттiң жауапкершiлiгi түсiнiгi бар адам үшiн оңай емес. Аз ғана уақыттың iшiнде аталған газет аудандық газеттердiң алдыңғы қатарына iлiктi. Батық iнiсiнiң сондағы iскерлiгiн осы газетке басшылық жасаған Әбiлбек Айтақынов ағасы аса мақтаныш көрiп айтатын.

Оның қай жерге барса да қадамынан гүл өсiп жүргенiн құлағымыз шалғанда шат-шадыман болып қаламыз. Кеңестiк кезеңнiң жетекшi журналы болып саналатын «Қазақстан коммунисi» (қазiргi «Ақиқат») журналында бөлiм меңгерушiсi болып бiраз жылдар жемiстi еңбек еткенi санамыздан әлi өше қойған жоқ. Олай дейтiнiм, онымен бiрге осы журналда қызмет iстеген редактордың орынбасары Жанболат Аупбаев, Марат Мәжитов, Мұрат Күлiмбетовтер Батықтың қамшы салдырмас қағiлездiгiн айтқанда, «Жақсының артынан сөз ередi, көптiң тiлеуiмен көгередi» деген жан семiртер жайдарман сөздiң оған да қатысы бар екен ғой деп кәдiмгiдей желпiнiп қаласың.

Қазақ басылымдары iшiндегi «аға газетi Егемен Қазақстан» газетiнiң Алматы облысындағы меншiктi тiлшiсi болу да Батық үшiн өз кәсiбiндегi үлкен сынақ екенiн ол терең сезiндi. «Тәуекел түбi желқайық, өтесiң де кетесiң» дегендей, талай қияметтiң қыл көпiрiнен сыр алдырмай өткен аға газеттiң арнайы қызметке шақыруынан тайғанақтық танытып, тартына қоймады. Төзiмi мен табандылығы барда, сергек сенiмi адастырмайтынына арқа сүйедi. Осы жолдан мүдiрмей өту үшiн қолдан келiп тұрған мүмкiндiгiнiң бәрiн сарп етiп жұмсауға бел буды. Берiлген тапсырмалардың бәрiн бесаспаптағымен орындап, аз уақыттың iшiнде-ақ ауызға iлiнiп үлгердi. Ол ұйымдастырған материалдар ұтымдылығымен, ұтқырлығымен көптiң көңiлiнен шығып жатты. Оның орын алып отырған олқылықтарды орып түсер сын тезiмен орнына келтiргенiн халық әлi ұмыта қойған жоқ.

«Егемен Қазақстанда» жүргенiнде Батық аудандар мен ауылдар жайлы алуан түрлi беттер ұйымдастырып, көлеңкеде қалып келе жатқан келеңсiз жайларды орынды көтерген едi. Халықтың қамы үшiн керi тартқанды, берi тартқан оның оңды iстерiн құныға да қызыға оқығанбыз. Батық оның бәрiн жiпке тiзгендей етiп, алдыңызға айна-қатесiз жайып салады. Сол жылдардағы «Егемен Қазақстанның» етжеңдi нөмiрлерiнен iрiктелiп алынған таңдаулы материалдардан жинақталған кiтаптарында Батықтың жазғандары молынан кездеседi.  Сондықтан да оны журналистер қауымы «ойы сұңқар, шабысы тұлпар қаламгер» деп қалтқысыз ниеттерiмен төбелерiне көтередi. Халықтың көрсетiп жатқан iзгiлiктi iлтипаты да бұдан бiрде-бiр кем емес. Батықтың өзi де осындай үлкен өмiр мектебiнен өткенiн, жемiстi жетiстiктерге жеткенiне дәйiм шүкiршiлiк жасап жүредi.

Өмiрге қазақтың аймаңдай ақиық ақыны «Мұқағали» журналының дүниеге келуi қазақ әдебиетi әлемiндегi елеулi уақиға болғанын, жанға шуақ сепкен жаңалық екенiн, жақсылыққа жаны құштар қалың бұқара жұртшылық  үлкен қуанышпен қарсы алды. Айтар ауызға оңай болғанымен, iс жүзiнде оның жолы мен ретiн табудың, бұлтарысы мен қалтарысын бұзып шығу оңай емес екенi айтпаса да түсiнiктi.

Орны бөлек осы журналдың жарыққа шығуын қолға алушыларды, талантты тани бiлетiн жанашыр азаматтарды халық қатты қадiр тұтады. «Абай», «Жамбыл» журналдарынан кейiнгi тұғырлы тұлға – «Мұқағали» журналының дәстүр жалғастығының ауыз толтырып айтарлық рухани қайнар көзiне айналуы халық қазынасын байыта түстi. Қазiрдiң өзiнде журналдың 62 нөмiрi жарыққа шығып, кiдiрiссiз келе жатқан өмiрi де бiр бесжылдықты қамтиын деп қалды. Халықтың қастерлеп қолға алатын сүйiктi басылымына айналды.

Осы журналдың шығуына мұрындық болып, ұйымдастыру жағынан ұйытқысы болған директоры, белгiлi қаламгер Жақыпжан Нұрғожаев Батықты осы басылымның бас редакторлығына шақырғанда үлкен сенiм артты. Аға газетте жүрген Батық Жақаңның бұл ұсынысына бiрден келiсiмiн берiп, екi бiлегiн сыбанып тастап, қызу жұмысқа кiрiсiп кеттi. Бiр топырақтан шыққан Мұқағали шығармашылығын Батықтан артық бiлер адам жоқ десек, қателеспеймiз. Өйткенi, ақиық ақын ағасымен студент кезiнiң өзiнде қоян-қолтық араласып жүрдi. Ақын өлеңдерiнiң тең жартысынан астамын жатқа бiлетiнiнiң өзi ешқандай дәлелдеудi қажет етпейдi. Сондықтан журналды жаңаша шығарудың жолдарын iздестiрдi. Оны тапты да. Кең байтақ Қазақстаннан оқырмандардың жазылуы да көздеген мөлшерден көп болды. Жылдан-жылға таралымы көбейген үстiне көбейiп келедi. Биылғы жылдың өзiнде тоғыз мыңнан астам оқырманға ие болып отыр.

Ол көзi тiрiсiнде ағасынан алған ақ батасын адалдығымен, мұраткерлiгiмен ақтап келедi. Айтуға тiл жетпейтiн ақиық ақынның 80 жылдық мерейтойына да ересен еңбек сiңiрдi. Журналмен қоса ақын өмiрi мен шығармашылығына арналған үш томдық шығармаларға айрықша табандылық талғамымен атсалысты. Онымен қоймай Мұқағали ақынның ашылмай қалған қырларын алға апаруда, халыққа танытуда оның қол қусырып қарап қалған жерi жоқ. Журналдың атына заты сай болып шығып жатуының өзi зор мәртебе. Мұқағали мұрасының ғасырдан-ғасырға көше беретiнiне халықтың сенiмi берiк бекiген. Журналдың тұғырлы биiктен тұрақты орын алуына осы журналдағы  Мұқағали iзбасарларының баршылық екенiне көз жеткiздiк.

Оның ақын ретiндегi тұңғыш өлеңдер жинағы «Рауан» деп аталатын топтамалы авторлар жинағына кiрген болатын. Одан кейiн өмiрдi әсiрелемей, өз қалпында қолмен қойғандай етiп жырлаған «Заман-ай…» деп аталатын кiтабы шықты. Ал жақында ғана жап-жақсы көлеммен «Ататолғау» атты жаңа кiтабы жарық көрдi. Бұл Батықтың алты белестi артқа тастап отырған ел алдындағы есебi iспеттi.

Әйгiлi сазгер Нұрғиса Тiлендиев «Ататолғауды» құдыреттi музыка тiлiмен жұрттың жүрегiне жеткiзсе, Батық мұзбалақ ағасы Мұқағали сияқты жыр тiлiмен сөйлетедi.  Мұнда сазгер Бейбiт Дәлденбаймен шығармашылық байланысының арқасында өмiрге келген әндер тiзбегi бар. Қазiргi уақытта Қазақ радиосында және халық арасында кеңiнен орындалып жүр. Бәзбiреулер үшiн Батықтың қырық жылдың iшiндегi бұл еңбектерi тiптен аз болып көрiнуi де мүмкiн. Ал ақаиқаттың өлшемiмен қарайтын болсақ, аз дүние емес.

Осы жерде оның отбасылық тынысын өзi жайлы сөз қозғағанда, тыс қалдырған ерсiлеу сияқты. Сүйген жары Оразқан математика пәнiнен ұлағатты ұстаз әрi басында айтқанымыздай жезтаңдай әншi. Ал балалары әке жолын қуған журналистер. Мәселен, Бағдаты – республикалық «Ұлан» газетi бас редакторының орынбасары болса, Болаты – «Жетiсу» газетiнiң белдi қызметкерi, Бануы – «Мұқағали» журналында. Бәрi де халыққа танылып келе жатыр. Батық пен Оразқан балалары мен немерелерiнiң қызығына кенелiп отырғандарын үлкен бақытқа балайды.

Бiрнеше мәрте жыр мүшәйраларының жеңiмпазы, «Қазақстанға еңбегi сiңген мәдениет қайраткерi», Райымбек ауданының Құрметтi азаматы, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты атақтары ол үшiн аз абырой емес. Батық осының өзiн қанағат көредi. Ойы сұңқар, шабысы тұлпар болып жүрген оның адамдыққа тән асыл қасиеттерi оның асындағы байлығы. Алдағы өмiрiнде де оның қаламгерлiк қолтаңбасы өзiндiк өрнегiмен алмас қылыштай жарқырай түспек. Халық қастерлеген адам қашан да қалпынан танбайды. Қырандар сияқты қиядан көз алмайды.

Қанат ТӘКЕБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *