Одри ХЕПБЕРН:  Өзгелерге бақыт сыйлап үйреніңіз!

Одри ХЕПБЕРН:  Өзгелерге бақыт сыйлап үйреніңіз!
lenta.kz

Менің мектепте оқитын кезім, бір жолы әкем екеуміз циркке билет алу үшін кезекке тұрғанбыз. Біз бен кассаның ортасында тек бір ғана отбасы тұр. Сол отбасы маған кәдімгідей ерекше әсер қалдырды.

Біздің алдымызда 12 жастан кіші болу керек деп топшыладым, сегіз бала тұр. Олардың үстіне қарап-ақ бұлардың ақшасы көп емес деп ойлауға болатын еді, бірақ киген киімдері мұнтаздай тап-таза. Өздері сондай тәрбиелі, әке-шешелерінің артынан қаз-қатар екіден тізіліп, бір-бірінің қолынан ұстап алған. Олар клоундар, жануарлар және сол түні көруге болатын барлық нәрселер туралы жарыса сөйлеп тұрды. Балалардың толқып тұрғандарына қарап-ақ олардың бұрын циркте болмағанын түсіндім. Сол үшін де бұл олардың өміріне ерекше бояу енгізетіндей еді. Әкесі мен анасы балаларының алдында еңселерін тік ұстап, мақтанышпен тұр.

Анасы күйеуін қолынан ұстап, оған қарап: «Сен менің сауыты жарқыраған батырымсың» дейтіндей. Күйеуі жымия қарап, отбасындағы бақытқа рахаттанып тұрды. Бір кезде билет сатушы ер адамнан қанша билет алғысы келетінін сұрады. Ол мақтанышпен: «мен балаларға сегіз билет және ересектерге екі билет сатып алайын деп едім», – деп жауап берді.

Билет сатушы бағаны айтқаны сол еді, әйелі күйеуінің қолын жібере салып, еңсесі түссе, күйеуінің еріндері дірілдеп кетті. Ол басын сәл иіп, кассаға қарай жақындап барып: «бағасы қанша дедіңіз?» деп қайталап сұрады. Сатушы билеттің бағасын қайталап айтты. Отағасының ақшасы жетпеді. Сол сәтте ол артында тұрған сегіз баласына бұрылып, циркке кіру үшін ақшалары жетпейтінін айту керек болған.

Бар жағдайды көріп тұрған  әкем қолын қалтасына салып жіберіп, 20 долларлық купюраны шығарып, жерге тастай салды (Сөздің тура мағынасында біз ешқандай бай емес едік!). Менің әкем иіліп, 20 долларлық купюраны алып, алдындағы ер адамды арқасынан қағып: «Кешіріңіз, сэр, мына ақша сіздің қалтаңыздан түсіп қалды» деді. Ер адам жағдайдың мәнісін бірден түсінді. Ол қайыр сұрамаған еді, бірақ үмітсіз, жүректі ауыртатын және ыңғайсыз жағдайдағы көмекті бағалады. Ол менің әкемнің көзіне тура қарап, екі қолымен қолынан ұстап, 20 долларлық купюраны мықтап қысып, еріндері дірілдеп, жанарынан жас ағып: «Рахмет, рахмет, сэр. Бұл мен үшін және менің отбасым үшін өте маңызды еді» деп жауап берді.

Біз әкем екеуміз машинаға оралып, үйге қайттық. Әкемнің оларға берген 20 долларына біз өзімізге билет сатып алмақшы болғанбыз. Сол түні біз циркті тамашалай алмасақ та, екеуміз де іштей цирк бере алатын қуаныштан да асып түсетін бақытты сезінген едік.

Сол күні мен «Берудің» маңызын білдім. Алудан гөрі көбірек берудің қадірін ұқтым. Егер сіз өмірден гөрі үлкен, кең болғыңыз келсе, беруді үйреніңіз. Махаббаттың сіз күткен нәрсеге ешқандай қатысы жоқ – тек сіз берсем деп күткен нәрсеге ғана байланысты – және бары сол.Беру мен өзгелердің батасын алудың маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес, өйткені, беру кезінде үнемі қуаныш қатар жүреді. Беру арқылы біреуді бақытты етуді үйреніңіз.

Орыс тілінен аударған Әсел ДАҒЖАН