«ОҚЫРМАН ҚАЛА» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ
Жыл сайын қалалық орталықтандырылған кiтапханалар жүйесi қала кiтапханаларында бiр ай бойы «Алматы оқырман қала» акциясын өткiзiп келедi. Биыл да дәстүрлi шара жалғасын тапты.
Сәрсенбi күнi Түрксiб ауданына қарасты №1, 10, 15, 26, 30 кiтапхана бөлiмшелерi бiрiгiп, ашық аспан астында «Алатау аясындағы арман қала» атты iс-шара өткiздi. Негiзгi мақсат – жастардың кiтап оқуға деген құштарлығын ояту, оларды қазақ тiлiндегi көркем шығармаларды оқуға шақыру.
Шараның құрметтi қонақтары ретiнде жазушы Серiкқали Хасан, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы, «Аяжан» медициналық колледжiнiң тәрбие iсi жөнiндегi орынбасары Айсұлу Қалымбетовалар қатысты. Қонақтар кiтаптың адамзат баласын ғасырлар бойы сүрiндiрмей келе жатқан шырақ екендiгiн айта келiп, студенттердi өз бiлiмдерiн ары қарай жетiлдiре түсуге шақырды.
Кiтапхана қызметкерлерi «Әсем қалам – Алматы» атты кiтап көрмесiне библиографиялық шолу жасады. Рухани кешке «Аяжан» медициналық колледжiнiң студенттерi мен №49 мектептiң оқушылары қатысты. Олар Алматы тарихына байланысты сұрақтарға белсене жауап бердi. «Ашық аспан астындағы» оқырман залы оқырмандарға күнi бойы қызмет еттi.
Айғаным Рахметхан,
оқырман.