Қоғам өзінің даму жолымен жүргені абзал

Ол – баланың конституциясы
…Сосын мектептерде әркім оқулық жазғыш болып кетті. Оқулық дегеніміз құнды дүние. Ол – баланың конституциясы. Бірақ оны әркім жазғасын, оның іші бірыңғай қате болады. Біз сонымен бір ғана баланы емес, сан ұрпақты қателестіріп жатырмыз. Бұл өте өкінішті.
Шешендік мектебін ашу керек деп ойлаймын
Меніңше, Астана қаласында барлық жағдайды жасап, елдегі барлық дарынды балаларды жинап алып оқытатын Төле би, Әйтеке би, Қазыбек бидің шешендік мектебін ашу керек деп ойлаймын. Содан соң даналыққа үйрететін Абайдың даналық мектебі керек. Бұл біздің балаларымыздың болашағы үшін қажет.
Біздің айызымызды қандырған, көкейімізден шыққан, іздегенімізді тауып берген Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген мәселе бір күнде туған жоқ. Бұл көп уақыттан бері елдің көкейінде жүрген, жұрттың көкейін тескен, күндіз өңінен, түнде түсінен кетпеген сондай тағдырлы қазақ халқының тағдырына қатысты терең ойлар еді. Бұл мақаланы жазуға Елбасының өзі бірден келе қойған жоқ. Керек болатын болса, біздің ұлт рухани жаңғыруды тәуелсіздік алған кезден бастады. Мен мұны сол кезден басталған тәжірибенің қорытындысы деп есептеймін. Біз мұны бұған дейін айтып та, жазып та жүрдік. Біз мұны кез-келген қазақ интеллигенциясының арманы десек болады.
Анау бір жылы Елбасы қасиетті Ұлытаудың етегінде, Әулие бұлақтың басында отырып терең тебіреніп, халықпен сырласты. Сол сұхбатында көптеген ойлар айтты. Сонда қазақтың қасиетті жерлері туралы, қазақтың ешкімнен ұялмайтын тамыры терең тарихы бар екені жайында, ол тарих үнемі тұтастану, бірігу тарихы екені жайында керемет айтты. Сол тұста көрші елдің бір басшысы қазақтың тарихы жоқ деген әңгіме айтқан еді. Соған бұл қарсы айтылған керемет пікір есебінде болды. Қазақтың өз тарихы бар, Қазақ хандығына 550 жыл болды деп, жұрт күтпеген жерден жарқ еткізіп батылдық танытты. Бұл қасиетті Әулие бұлақтың басында айтылып еді. Содан бері Елбасы үнемі тебіренумен келеді. Менің жадымда, тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Ұлы дала ұлағаттары» дейтін керемет бір кітап жазды. Онда қазақ тарихы, қазақтың тағдыры, өткені, бүгіні жайлы айтып, ертеңі жайлы керемет толғанады, ғажап тебіренеді. Мен ол туралы «Егемен Қазақстан» газетіне үлкен мақала бергенмін. «Ол еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін, мектеп қабырғаларында, жоғары оқу орындарында, биік кеңселерде жатпай тұрмай кітап оқитын. Мұнда қазақтың тарихы бар, Елбасының тебіреністері бар» деп жазып едім. Мен кейде інілерімнен сұрастырам «Сендер осы кітапты білесіңдер ме?» деп. Бірақ бір өкініші, билікте жүрген азаматтардың көбісі мұны әлі оқыған жоқ.
Одан кейін Елбасы тәуелсіздігіміздің шежіресі сияқты, тәуелсіздігіміздің энциклопедиясы іспетті «Тәуелсіздік дәуірі» дейтін ғажап кітапты жазды. Бәріміз бұрын тарих туралы жазылған кітаптарды оқыдық қой. Ол кітаптарда бір алыс тарих көз алдымызға елестеуші еді. Ал мына «Тәуелсіздік дәуірінің» ішінде біздің өзіміз жүрміз. Оқиғалардың ішінде де өзіміз жүрміз. Өйткені, бұл тәуелсіздіктің алды, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары туралы болды. Ондағы басымыздан кешкен қиындықтар, кешегі қаңырап қалған аты бар, заты жоқ Қазақ КСР дейтін, Қазақстан кеңестік социалистік республикасы дейтін республиканың басынан кешкен ахуалдары туралы айтылды. Зауыттар қирады, совхоздар, колхоздар тарады, елдің бала тәрбиелейтін аналары ала қапшық арқалап базарға кетті, мектептерде жақсы сабақ беріп жүрген мұғалімдердің бәрі қап арқалап базарға кетті. Мұндай сұмдықтарды басымыздан кештік, соның бел ортасында жүрдік. Соның бәрі аталған кітапта жазылған. Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы сол кітаптардан, Әулие ата басында берілген сұхбаттан шыққан үлкен қорытынды.
Бұл мақалада айтылған мәселелерді жүзеге асыруға мемлекетіміз құлшына кірісті. Оны атқару, орындату мақсатында Елбасы Ұлттық комиссия құрды. Оның төрағасы — қазіргі Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков. Мен сол Ұлттық комиссияның мүшесімін. Қазір көптеген облыстарда, орталықтарда, кейбір оқу орындарында Рухани жаңғыру орталықтары құрыла бастады. Оны біз естіп, біліп отырмыз. Осы «Рухани жаңғырудың» мақсаты неде? Елбасы нені мақсат етіп отыр? Бұл жерде жаһандану заманында тілімізді, ұлтымызды, ұлттық мәдениетімізді, тарихымызды сақтап, өркениетті елдердің көшіне ілесіп, солармен бірге болуды мақсат етіп отыр ғой. Біз қайтсек Қазақ елі болып сақталып қаламыз, қайтсек көштен қалмаймыз? «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында да Елбасы көптеген мәселелерді анық етіп қойған болатын. Сондағы стратегияның мақсаты — озық 30 елдің қатарына қосылу. Оның ішінде, 2025 жылға қарай Қазақстан мемлекеті үлкен, кішісі бар түгел мемлекеттік тілде сөйлейді деді. Бұл — бір. Екінші – латын әліпбиіне көшеміз, ал үшінші — Қазақстан Қазақ елі деп аталады деп жазды. Міне, осының бәрі түптеп келгенде, Қазақстанды табан астынан болып жатқан өзгерістер заманында көштен қалдырмаудың амалы деп есептеймін.
«Рухани жаңғыру» мақаласында көптеген мәселелерге мән берілген. Бұл мәселенің негізгі бірі сол – латын әліпбиіне көшу. Алдымен бұл Парламентте бекітілді. Меніңше, шамалы асығыстау болды. Жұрт жаппай талқылады. Сөйтіп, өткен жылы 29 қазанда Елбасы жұрттың пікірін ескеріп, оның жаңа нұсқасын бекітті. Ол да аз болды. Оған елдің бәрі араласып, неше түрлі пікір айтты, кеңінен талқыланды. Содан Елбасы өзгерістер енгізілген нұсқасын қайта жариялады. Сөйтіп, осы қазіргі нұсқаны жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Үкіметіне тапсырды. Бұған орай Ұлттық комиссия құрылды. Оны Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев басқарды. Латын әліпбиіне көшіруді жүзеге асыратын топтар құрылды. Ол топта қазірде руханият саласында қызмет етіп жүрген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бар. Бүгінде осы үш министр 4 топқа бөлініп, соған басшылық жасайды. Менің ойым, бұл өте жақсы нәрсе. Біздің көкейімізде жүрді. Бірақ ол кез-келгеннің қол жаулығына айналмаса екен.
Латын әліпбиіне көшу бір көшеден екінші көшеге көше салу емес. Ол үлкен тағдырлы мәселе, тағдырлы көшу. Біз бұрын латын әліппесінде болғанбыз. Бір қиналмайтын жеріміз де сол, біз — қазақ мұны бастан кешіргенбіз, біз мұны бұрын пайдаланғанбыз. Бір жағынан, біздің балалардың барлығы дерлік бүгінде шет тілін біледі. Сондықтан оларға қиындық тудырмайды. Тек әркім жұлмалап, көкпар қылмаса екен деп ойлаймын. Біз қазақ ақкөңілміз. Кейде ақкөңілділік ақымақтыққа бастайды. Әркім орнында отырып алып, аузына келгенді айтып жатады. Мен қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Қазақ тілі және әдебиеті факультетін бітірген адаммын. Мен сол кездің өзінде айттым, бұл латын әліппесімен мамандар айналысу керек, жан-жақтан тартқыламауымыз қажет. Өйткені, тілдің өзінің заңдылықтары бар. Оған сол заңдылықтарды білетін адамдар араласқаны жөн. Бірақ соңғы нұсқа сабасына түскен, десе де әлі де жетілдіре түсетін тұстары бар нұсқа болды. Мен сол латын әліпбиіне көшетін көшіміз көрікті болсын деп тілеймін. Дейтұрғанмен, бәрібір осы бір тұстарда Ахмет Байтұрсынов сияқты халықтың рухани көсемі болған ағаларымыздың жоқ екенін біз сезіп қалдық. Десе де, «Ел іші – кен іші» дейді ғой, абзал азаматтардың арқасында әліпби дұрыс жобаға түсті.
Одан кейінгі үлкен мәселе — мектеп, білім, ғылым саласы ақылға сыймайтын сұмдық, шексіз реформалардың ішіне кіріп кетті. Сол менің ойымнан кетпейді. Бұл былықтан ел қашан шығады? Бұл ретте балалар былай тұрсын, үлкендердің өзіне обал болып жатыр. Жоғары мектептің саласындағы реформалардың өзі де адамның қиялына сәйкес келе бермейді. Сосын мектептерде әркім оқулық жазғыш болып кетті. Оқулық дегеніміз құнды дүние. Ол – баланың конституциясы. Бірақ оны әркім жазғасын, оның іші бірыңғай қате болады. Біз сонымен бір ғана баланы емес, сан ұрпақты қателестіріп жатырмыз. Бұл өте өкінішті.
Осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында Елбасы жаңа гуманитарлық білім туралы ерекше айтады. Соның нәтижесінде әлемдегі озық елдердің, әбден сыннан өткен, сынған, балаға мүлтіксіз білім беретін 100 оқулықты аудару мәселесін қойды. Бүгінде арнайы топ құрылып, гуманитарлық салада, шүкір, 17 оқулық аударылып бітті. Осы мәселе қозғалғанда, аударма бюросы құрылады дегенде, алғашында қалай болады екен, әркімнің қолында кетіп, сапасыз болып қала ма деп те ойлап едім. Жоқ, бұл мәселе байыпты қолға алынып, байсалды істер атқарылуда.
Бүгіннің өзінде 17 оқулық бітті. Мен осы «Жаңа таңдаулы 100 оқулық» деп аталатын үлкен жобаның редакциялық коллегиясының мүшесімін. Бұл оқулықтарды біз қолымыздан өткізіп, көзімізбен көріп отырмыз. Осы 100 оқулықтың арқасында біздің балалар гуманитарлық сала бойынша жақсы білім алады деп ойлаймын.
Сондай-ақ, Елбасы жастардың рухын, беделін көтеру үшін «Жүз жаңа есім» деген жобаны енгізді. Бұл ел ішінде үлкен қозғалыс болды, тебіреніс болды. Елбасы жұрт таңдаған сол «100 есімді» жиып алып, солардың әрқайсысын тыңдаған кезде талантты балаларды көріп, «қазақ тегінен шешен, көсем халық еді, тектіден тексіз тумайды екен ғой, біздің асылдарымыз бар екен ғой» деп, көзімнен жас шықты, шынында да. Бұл жоба кейін де қайталанып тұрады деп ойлаймын. Қазір газеттерде, телеарналарда сол 100 есімге кірген жастарымыз туралы жақсы хабарлар беріліп жатыр. Бұл — үлкен қуаныш. Өйткені, олар біздің келешегіміз.
Елбасы мақаласында туған жер жайлы ойды ортаға салады. Ол жерде қасиетті, киелі жерлер туралы айтады. Әулие бұлақтың басындағы сұхбатында «Ұлытаудың етегінде отырмын, Әулие бұлақтың басында отырмын. Бұл — қасиетті жер. Ал қазақта осындай қасиетті жерлер өте көп», — деп бірқатарын санап айтып еді. Қазір арнайы қор құрылып, Мәдениет министрлігінің тарапынан біршама істер атқарылып, шүкір, ретке келіп қалды. Біздің қазақ жерінде қасиетті мекендер өте көп. Оларды бір кездері басқа діни ағым деп, адам аяғын бастырмай, қаңыратып қойды. Біле білсек, ондай қасиетті жерлерге барып жұрт бұрыс ойдан, басқа пиғылдан арылып отырған.
Біз мектепте жүрген кезде Бангладештің географиясын оқыдық, өзіміздің кіндік қанымыз тамған, туған жеріміздің географиясын оқытпады. Ол сол кезде жұрттың санасымен тең нәрсе еді. Қазақ бекер айтпаған, «Туған жерге туыңды тік» деп. Байыған жігіттер, қалталы азаматтардың өзі бәрін басқа жақтан дорбалап әкелген жоқ. Сондықтан бәріміз бірігіп ауылға, туған өлкеге көңіл бөлуіміз керек. Мемлекетпен тізе қоса отырып, туған жерді түлетуіміз қажет.
Елбасы мақаласында айтылған тағы бір үлкен дүние – Қазақ мәдениеті және оның әлемдегі орны, қазақ мәдениетін әлемге таныту мәселесі. Бұл да бір көпке ой салатын, көкейімізге қонатын мәселе еді. Бұл мәселені көтермес бұрын Елбасы көп шаруа тындырды. Мәселен, бәрімізге белгілі Астана Опера, Астана балет театры, Астана ұлттық балет академиясы құрылды. Бұл ұлттық өнерді әлемге насихаттаудың әдемі бір жолдары деп есептеймін. Соның бір дәлелі – біздің Астана балет театры АҚШ сахнасында өнер көрсетіп, әлемді таңқалдырып келді.
Елбасы қазақ мәдениетін күн тәртібіне қоюда қазақтың дәстүрлі өнерін ескеріп отыр. Дәстүрлі өнерді дәріптеп, оны асқақтатып келе жатқан – халық.
Қазақ өнерінің екі қос қанаты бар. Оның бірі – қобыз, бірі – домбыра. Бұл екеуі біздің өнеріміздің қос қарлығашы. Екеуі де қазақ жерінен шыққан. Бір өкініштісі, кейбір ұлттық өнерге мән бермейтін, өнердің бағасын білмейтін, қасиетін түсінбейтін адамдардың арқасында біздің осы қос құндылығымыз жер бауырлап кетті. Бұл өте өкінішті.
Өткенде жазған бір мақаламда қазағымызбен бірге жасап келе жатқан осы қос киелі аспаптың киесіне ұшырап қалып жүрмейік дедім. Менің ұсынысым бойынша, «Қазақстан» телеарнасы «Мен қазақпын» деген жобаны жүзеге асыра бастады. Сол жобаға мен қазақ өнері үшін, дәстүрлі өнер үшін уақытымды қиып, шаршасам да бастан-аяқ қатыстым. Жаман болған жоқ. Бұйыртса, бұл жоба дәстүрге айналғалы тұр.
Елбасымыз да дәстүрлі өнер жайлы үнемі айтып жүр. Қыздардың шашын жалбыратып жайып жүргені дұрыс емес. Телеарналарда не сөзінде, не әнінде мән-мағына жоқ әндер, орындаушылар шұбырып жүр. Жұлдыздар қаптап кетті. Бүгінде аспанда жұлдыз қалмады. Бәрі біздің Қазақстанның телеарналарына түсіп кетті. Қайдан шығып жатқан жұлдыздар екеніне қайран қаласың. Кейде біз — аға буын уайымға салынамыз, біздің өнер өз ырғағынан айырыла бастады ма деп. Оған жол бермеуіміз керек деп есептеймін. Сосын байқап отырсыздар, біздің сахнамызды, телеэкрандарымызды арзан күлкі жаулап бара жатыр. Оған да тосқауыл қоюымыз қажет.
Елбасы көтерген мәселенің тағы бірі – ұлттық код. Ұлттық код дегеніміз не? Ол біздің ұлттық болмысымыз, ұлттық жаратылысымыз, ұлттық табиғатымыз, ұлттық санамыз, ұлттық мәдениетіміз, ұлттық салт-дәстүріміз, ұлттық тарихымыз. Елбасымыз алда келе жатқан ғарыштағы заманға біз осы қасиеттерімізді сақтап, көштен қалмай, жаңалықтарды бойымызға сіңіріп барып жетуіміз керек деп отыр.
Мен жаңалыққа қарсы емеспін. Дегенмен, ғаламтор, коммуникация адамның өмір сүру ортасы ғана емес, оның дағдыларын да, мәдениетін де, таным-түйсігін де өзгертіп бара жатқандай. Оның саясатқа да, күнкөріске де, санаға да ықпалы күннен-күнге күшейіп бара жатыр. Байқап отырсақ, бүкіл әлемде ешқандай партияға қосылмайтын, ешбір идеологияны қолдамайтын, ұлт алдындағы міндетін де мойындамайтын, тек дүниені ғана көздейтін осындай ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл дегеніміз, өзінің тарихын білмеген, ата-тегін білмеген, әдет-ғұрпын білмейтін ұрпақ қалыптастып келе жатыр деген сөз. Ал билік сондай ұрпаққа берілсе, келешегіміз не болады? Бұл мәселеге үлкен мән беру керек.
Балалар бүгінде компьютерден көз алмайды. Көзден айырылып қала ма деп қорқам. Бір-бірімен сөйлесуден қалды. Шешен тілінен айырылып қала ма деп қорқам. Қазақ халқы дүние жүзіндегі ең көсем, ең шешен халық. Бұл туралы мен үнемі айтып жүремін. Ұлттық құндылықтарды барынша сақтап қалуымыз қажет. Меніңше, Астана қаласында барлық жағдайды жасап, елдегі барлық дарынды балаларды жинап алып оқытатын Төле би, Әйтеке би, Қазыбек бидің шешендік мектебін ашу керек деп ойлаймын. Содан соң даналыққа үйрететін Абайдың даналық мектебі керек. Бұл біздің балаларымыздың болашағы үшін қажет.
Тағы қайталап айтайын, мен жаңалыққа қарсы емеспін, бірақ ол қоғамды жолынан тайдырып жібермеуі керек. Адам адами қасиетін, болмысын сақтап, қоғамның қалыптасқан эволюциялық даму жолымен жүріп отырғаны абзал.