Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады
Сурет: Inform.kz

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел тұрғындарын Жеңіс күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

«Құрметті қазақстандықтар!

Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл қастерлі күн халқымыздың ерен ерлігі мен бірлігінің, қаһармандығының символы болып саналады. Біз бүгін соғыс құрбандарының рухына тағзым етіп, ардагерлерге құрмет көрсетеміз. Олардың майдандағы өжеттігі мен тылдағы еңбегі туған елге деген қалтқысыз сүйіспеншіліктің және қайсарлықтың жарқын үлгісі екені сөзсіз», - деді Н.Назарбаев.

Тұңғыш Президент жиырмасыншы ғасырдағы ең сұрапыл соғыстағы жеңіс оңайлықпен келмегенін еске салды.

«Отан үшін от кешкендердің ерлігін ұмытпау, ардагерлерге қамқорлық көрсету – баршамыздың қасиетті борышымыз. Батыр бабаларымыздың қаһармандығы қазіргі тыныш заманда да біздің бойымызға жігер береді. Ол ауызбірлік, патриоттық, қайсарлық және Отанға деген махаббат арқылы кез келген қиындықты жеңіп, бейбіт әрі бақуатты өмірге қол жеткізуге болады деген сенімімізді нығайта түседі. Ұлы Жеңіс күнінде баршаңызға мықты денсаулық, баянды бақыт пен жақсылық тілеймін! Аспанымыз әрдайым ашық болсын!», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.