Нұрлан ОРАЗАЛИН, ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, мемлекет және қоғам қайраткері: «Жаңа Қазақстанның» бағдары белгіленген тарихи Жолдау

Нұрлан ОРАЗАЛИН, ақын, драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, мемлекет және қоғам қайраткері: «Жаңа Қазақстанның» бағдары белгіленген тарихи Жолдау
abai.kz

Тағдырлы кезеңнің тарихи Жолдауын тыңдадық. Халықтың көптен күткен келелі сөзі айтылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы соңғы 2 ай аралығында ел тарихындағы аса ауыр кезеңдер – қаңды қаңтардан бері дүркін-дүркін ел алдына шығып, өзінің Үндеулерін берумен келеді. Ұлттың басына қара бұлт әкелген қаңтар кезінде Президент ең әуелі туған халқының адал перзенті екенін дәлелдеді. Алаш жұртының тағдырына ара түсіп қана қоймай, қиын-қыстау кезеңде тығырықтан жол тауып, шыға білер тегеурінді тұлға екенін танытты. Ол бүгінгі Жолдауында негізінен ел өмірінің болашағын анықтайтын саяси реформалардың бағыты мен бағдарын ұсынды. Экономикалық өмірімізді үлкен кеңістікке алып шығар, әлеуметтік қиындықтарды шешер нақты жолдарды ұсынды. Президент біраз уақыттан бері халқымыздың көкейінде жүрген, қордаланып қалған күрделі мәселелердің бәрін 1 сағат айналасында таразылап, талдап айтты. Мазмұны терең, мағыналы құжат халық ойынан шығады деген сенімдемін.

Жолдауды тыңдап отырып, ең әуелі, жинақталған ел ертеңін анықтауға көмектесетін саяси реформаларды атқаруда сауатты ұсыныстарды айтты.

Біріншіден, осыған дейінгі биліктің суперпрезиденттік үлгісі болып келген жүйеден бас тартты. Президенттік билікті шектеп, ел басқарудың қомақты міндетін Парламентке беретінін мәлімдеді. Бұл ұсыныс еліміздегі қазақстандық демократияның көрінісі екені даусыз.

Екіншіден, Президент сайлау мәселесіне үлкен мән берді. Осыған дейін Парламент құрамын анықтауда көппартиялық жолмен (тізім арқылы жүргізілетін) атқарылып келген үлгіні өзгерту керегін айтты. Оның себебі, халық танымайтын, қазақ тілінде сөйлей алмайтын, кәсіби дайындығы әлсіз, өзіндік қалыптасқан пікірі жоқ адамдар депуттаттық мандатқа ие болып кетіп жатқаны шындық. Бұл жағдай қоғамға да, билікке де абырой бере қоятын құбылыс емес. Халық өзінің білетін, танитын адамын өзі сайлайды. Сондықтан Парламент құрамын анықтауда 2 үлгі ұсынылды. Біріншісі, реттелген сұрапталған партиялық тізім, екіншісі – жалғыз мандатты округтерден өтетін депуттардың сайысы. Яғни мажоритарлық жолмен анықталатын шынайы тұлғаларды іріктеуге мүмкіндік береді. Бұл ұсыныстан шын мағынасындағы демократияға бетбұрыс сипаты анық байқалады.

Жолдауда осыған дейін Парламент Мәжілісінде, «Аманат» партиясының съезінде, Қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген жиынында айтылған нақты ұсыныстар барынша кеңейтіліп, тереңдетілді. Президент сот жүйесіне реформа жасау керек екеніне баса назар аударды. Конституциялық сот туралы өз ойын ортаға салды. Бұл құрылым осыған дейін тек қадағалаушы орган болып келгенін жақсы білеміз. Ал енді ол адам құқығын қорғау міндетін атқаратын биліктің жоғары құқықтық тармағы болмақ. Біздің қоғам үшін адам құқығынан жоғары құндылық жоқ екені ескертілді. Бұл ұсыныстар да жаңарған Жаңа Қазақстанның жүзеге асуын қамтамасыз етер алғышарттардың бірі екені даусыз.

Президент «Қазақтың жағдайын қазақ қана жөндейді» деген сөзді бір емес, бірнеше рет айты. Шынында да солай. Сырттан біреу келіп біздің көсегемізді көгертпесі анық.

Біздің көкейімізге қонған ендігі бір мәселе, Ұлттық кеңестің орнына Қазақстан қоғамының күллі сапалық құрамын дәлелдейтін тұлғалардан құралар Ұлттық құрылтайды белгілегені.

Президенттің бұл ұсынысы тамыры тереңнен тартар еліміздегі билер мектебінің жалғасындай елестеді. Ұлттық құрылтай деген ұлттық демократияның ең құзырлы билігі екенін тарихтан білеміз. Ұлттық құрылтайдың алдында келелі міндеттер тұрғаны анық. Ұлттық құрылтайдың құрамына Президенттің айтуынша көрнекті мемлекет қайраткерлері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, көпұлтты Қазақстанның өкілдері тартылмақ. Бұл халықтық ойды, халықтық мақсат-мүддені ескере отырып, мемлекеттік институттар мен қоғамдық институттар арасына көпір салудың айқын жолы. «Бірге көтерген жүк жеңіл» деген сөз ойға оралады.

Аймақтық құрылымдарды қайта қарау және облыстар құру жөніндегі ұсыныс халықтың ойында жүрген, пісіп-жетілген мәселе болатын. Абай облысының ашылуы ұлт рухын асқақтатудың айқын көрінісі деп бағалаймыз. Семей жері Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың туған топырағы ғана емес, Алаш арыстарының туы тігілген қасиетті жер. Көп ғасырдан бері жалғасы болып келе жатқан түркілік тұтастықтың ең бір әлемдік тарихқа енген кезеңі – Шыңғыс хан дәуірі. Шыңғыс ханның ұлы Жошының сүйегі жатқан Ұлытауды облыс ету, сондай-ақ, ұлтымыздың ұлы тарихында айрықша Жетісу аймағын 2-ге бөліп Жетісу және Алматы облыстарын бөлу халық күткен шешім. Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болып, оның атын Қонаев деп өзгертуі - халық тарапын қолдау табатыны ақиқат.

Біз бүгін аса күрделі геосаяси ахуал шиеленіскен кезеңде әлемдік проблемалардың дені аймақтық соғыстарға жалғасып жатқан үрейлі кезеңде өмір сүріп отырмыз.

Батыс пен шығыстың текетіресі жер үстін ылаңдатып жатыр. Ұлы дала сол текетірестің қақ ортасында тұр. Тоныкөк бабамыздың «Жауыңды басындырма, халқыңды ашындырма» деген сөзі тіл ұшына келеді.

Біздің осындай күрделі кезеңдегі басты мақсатымыз елдігімізді сақтау екенін Президент өз сөзінде баса айтты. Жолдау халық тарапынан барынша қолдау табатынына еш күмәнім жоқ. Өйткені, бұл тарихи құжаттың өзегінде жатқан іргелі мақсат – еліміздің амандығы, жеріміздің бүтіндігі.