Норвегияда 74 қазақстандық сарбаздың есімі анықталды

Норвегияда 74 қазақстандық сарбаздың есімі анықталды
Cурет: Pikabu.ru

Еліміздің Норвегиядағы елшілігі Скандинав елін азат ету жолында мерт болған 74 қазақстандық сарбаздың есімін анықтады.

Олар бірнеше атқыштар дивизияларының және 69, 72-теңіз атқыштар бригадасының құрамында соғысып, Петсамо-Киркенес операциясы барысында ажал құшқан. Тізімде тұтқында қаза тапқан қазақ сарбаздарының да аты-жөні бар. Елшілік енді сол батырлардың туған-туыстарына, ұрпақтарына іздеу салады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістер Норвегиядағы лагерьлерге 100 мыңнан астам кеңес тұтқынын әкеліп, қара жұмысқа жеккен. Тұтқында, Норвегияны азат ету кезінде ажал құшқан 15 мың сарбаз елдің бірнеше аймағындағы бауырластар зиратына жерленген. Фалстад орталығының зерттеушілері сол 15 мың сарбаздың 7 мыңының есімін анықтап, сайтқа жариялады. Ендігі көздегендері - қалған 8 мың жауынгердің кім екенін анықтау.

«Мен 12-13 жылдан бері осыны зерттеумен айналысып жүрмін. Есімдері анықталған азаматтарды ұзақ жыл іздеген туыстары біздің дерекқордан тауып жатса, өзімізді бақытты санар едік. Кеңес сарбаздары жайлы соңғы 15 жылда бірнеше кітап жазылды, көрме ұйымдастырдық. Біздің халық, жас ұрпақ жауынгерлердің ерліктерін ұмытпауы керек», - деді «Фалстад» орталығының ғылыми зерттеушісі Арне Лангас.

Норвегтердің әскери зираттар базасындағы деректерін саралаудың арқасында еліміздің Норвегиядағы елшілігінің қызметкерлері 74 қазақстандық сарбаздың есімін анықтады. Олар - Алматы қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының тумалары.

Елшілік қызметкерлері әзірге есімі анықталған 74 сарбаздың екеуінің ғана ұрпағын тауып, сүйінші хабарды жеткізген. Қалғандарының туған-туыстарын іздестіріп жатыр. Елшіліктің, Сыртқы істер министрлігінің сайттарынан аталарының есімін тауып, Скандинав еліндегі зиратына келем деушілерге Елшілік қызметкерлері қолдан келген көмекті көрсетуге дайын. Дипломаттар қыршыннан қиылған боздақтардың есімін, жатқан жерін анықтау жұмыстарын әрі қарай да жалғастыра бермек.