Өнермен өрілген өмір

Ғибраты мол ғұмыр жолын кейінгі ұрпаққа арнаған, шәкірттердің жүрегіне сара жол сала білген, жастардың музыкалы-эстетикалық талғамын арттыруға ықпал етіп, бойындағы ерекше қажыр-қайрат пен ерік-жігерін тәрбие беру мен білім саласына арнаған заңғар тұлғалар қазір арамызда жүр. Сол тұлғалардың бірегейі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының профеcсоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі, А.Байтұрсынов атындағы орден иегері, музыка зерттеуші, ғалым-ұстаз Пернебек Момынұлымен «Өнермен өрілген өмір» атты әдеби-сазды кездесу болып өтті. Көп жылдар бойы ағарту, білім ордаларында басшылық, ұйымдастырушылық, педагогтік қызметтерді жемісті атқарып, қазақ ән-күйін зерттеп, нотаға түсірген ұлағатты ұстаз-профессор Пернебек Момынұлының ғибратты өмір жолы өскелең ұрпаққа насихатталды.
Қазіргі заманда адамның тұлғалық дамуына баса назар аударылып, жас жеткіншектерге берілетін білім негіздері олардың жеке даралық қабілеттерін жетілдіруге қызмет етеді. Әр баланың ішкі мүмкіндігі мен өзіндік қарымын дамытуға әсер ететін рухани адамгершілік қағидалары жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуының аса қажетті шарты болып табылуы тиіс. Осыны басты назарда ұстаған профессор, мәдениет қайраткері Пернебек Момынұлының ғылыми-әдістемесі жетекшілігімен колледжде «Қазақ музыка тарихы» тақырыбында дәрістері жүргізіледі. «Актерлік өнер» мамандығының студенттері өздері орындаған ән-күйді музыкалы-эстетикалық, педагогикалық-психологиялық, музыкалық-теориялық, әлеуметтік-философиялық ғылымдар тұрғысында талдады. «Автор ұсынған бұл бағдарлама жеке тұлғаның рухани баюына әсер ете отырып, әрбір студенттің музыкалық сауаттылығының жақсы жаққа өзгеруіне мүмкіндік береді, сонымен қатар өмірлік ұстанымын, дүниетанымдық деңгейін анықтайтын құндылықтар сапасына ие болуға бағыт-бағдар береді», – деді Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы мектеп-интернат, колледж басшысы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Зура Жұмахметова өз сөзінде.
Кеште сексеннің сеңгіріне шыққан ұлағатты ұстаздың халық композиторларының әндері мен күйлерінің философиялық-тәрбиелік, мәдени-эстетикалық мәнін терең ашуға, адамның рухани кемелденуіне шақыратын «Ғұмырнама» деп аталатын мәдени оқулығы таныстырылды.