Өнердің жаманы болмайды

 

Үлкен қызымды қосымша сабақтан алып келе жатып, қабырғаға салынған үлкен суреттің қасынан өттік. Қызым суретті жақсы салады әрі қызығады. Сондықтан болуы керек, ол әлгі суреттің жанына тұра қалды. Қасына таяп барып, мен де тұрдым. Ұзақ қарады. Содан үйге жеткенше сол сурет туралы сұрап, менің ойыма келмеген сауалдарды жаудырды. Балаға «білмеймін» деп айту қиын екен. Үйге келіп, бірден ғаламторды ақтардым.

Рас, бүгінде қала көшелерінен түрлі пішіндегі суреттер мен жазуларды көптеп кездестіруге болады. Ал бұл өнер туралы жалпы не білеміз? Бұны өнер деуге, оны жасаушыны суретші деуге келе ме?

Суретшінің ішкі әлемі

Көше суреттерінің ғылыми атауы да жоқ емес екен. Стрит-арт немесе граффити дегенді естіген де боларсыз?! Ол бүгін пайда болған дүние емес екен. Байырғы заманда қабырғаға салынған суреттер мен жазылған жазулар ежелгі Шығыс елдерінде, Грекия мен көне Рим аймағында көптеп кездескен. Бәрімізге белгілі, жазу жоқ кезде жұртшылық осындай кескіндер мен суреттер салу арқылы бір-бірін түсінген, бір-біріне белгі берген. «Граффити» сөзінің өзі грек тілінен аударғанда «тырнау, қашау» деген ұғымды білдірсе керек.

Стрит-арт пен граффити ұқсас болғанымен, мақсаттары әр түрлі. Стрит-арт адамдарға ой салу мақсатында салынады. Қоғамдық мәселені қозғап, халық көзқарасын танытады. Салынған сурет түсінікті әрі ой саларлық мәнге ие болып келеді. Ал граффити – суретшінің ішкі дүниесінің көрінісі. Оған көбіне көшедегі түсініксіз жазулар жатады.

Тарихқа көз жүгіртсек, стрит-арт пен граффити тарихы 1920 жылдан бастау алады. Сол кезде қоғамға қатысты, билікке деген көзқарасын шығармашылық жолмен жеткізуге ұмтылған жастар тауар вагондары мен ғимарат қабырғаларына түрлі кескіндемелер сала бастайды. Суреттер халық арасына айтарлықтай тез тарап, танымал болып шыға келеді. 1970 жылдардың ортасына қарай граффити Батыста өнер ретінде мойындалып үлгерді. Ал елімізде 1990 жылдардан бастап дамыды. Бүгінде бізде граффити салумен айналысатын 50-ден астам топ бар екен. Олардың қатарына «Repas», «Тиграхауд», «Номад», «Made», т.б. топтар кіреді. Бұл топ мүшелері өз аттарын жазып кеткен жазуларды көшеден көптеп кездестіреміз.

 

Еріккеннің ермегі ме?..

Иә, ару қаланың әдемі көшелерінен түсініксіз суреттер мен беймәлім жазуларды бүгінде жиі кездестіреміз. Олардың кейбірі үйлесім тауып, көшенің көркін кіргізсе, кейбірі көшенің көркін бұзады. Кейбір жазулардың сәтсіз шығатыны соншалық, бойға қорқыныш ұялатады. Қасынан өткенде қолында бояулары бар бір топ бұзақы шыға келетіндей көрінеді. Бұның бәрі бояулардың түсіне байланысты секілді. Белгілі суретші Әбілхан Қастеевтің немересі Дәурен бір сұхбатында граффити сәтті шықса ғана өнер деп бағалауға болатынын айтыпты. «Алматыда граффитимен және сурет салумен кәсіби түрде айналысатын топтар бар. Олардың туындыларын өнер ретінде бағалауға болады. Ал көрнекі жерге көріксіз сурет пен жазуларды жазу – барып тұрған бассыздық. Бұған жол бермеу керек. Өз басым қадағалаудан тыс салынған граффити туындыларын қолдамаймын», – депті ол.

Рас, граффити салу біреулер үшін – сән, біреулер үшін – ермек, біреулер үшін – саяси жарнама құралы. Тіпті, бұл саланың кәсіби мамандары арнайы жарнамадан миллиондап табыс табады екен. Ғаламторға бас сұқсаңыз, мұндай қызметті ұсынатындардың көптігі соншалық, абдырап қаласыз. Тағы бір айта кететін жайт, көше суреттерін салатын бояулар басқа болады. Оған қолданылатын құралдар да өзгеше әрі бағасы қымбат екен. Соны көріп, оған «еріккеннің ермегі» деп қарауға болмас деген ой келеді. Өйткені, қаржы тапшылығы белең алған кезде көпшілік ермегіне емес, тамағына қаражатты әрең табады.

 

Көше сәні бұзылмасын

Стрит-арт пен граффитиді заманауи өнер ретінде бағалайтындар, оған көше өнері ретінде қарайтындар да бар. Өнер ретінде бағалайтындар оны көше әндері секілді дамып, өркендеуге құқылы деп есептейді. Алайда, оған жеке меншігіндегі дүние секілді қарап, атын жазып, түсініксіз суреттер салатындар көпшіліктен қолдау таппайды, әрі ол көшенің көркін бұзады. Сондықтан көше суреттеріне де сауаттылық, жауаптылық керек. Тіпті, оны бақылайтын мекеменің, соған сай, оған қойылатын талаптың болғаны да дұрыс секілді. Мәселен, Нью-Йорк қаласында көше суретшілерімен күресетін мамандандырылған полиция қызмет көрсетеді. Қабырғаға сурет салғыңыз келсе, ақысын төлейсіз. Германияда көше өнерімен айналысатын суретшілерді ұстап, бас бостандығынан айыратын заң да бар екен. Ал бізде бұл жағы қалай? Білуімізше, оны тек көшедегі жарнамаларды қадағалайтын басқарма мен жеке шығармашылық ұйымдар ғана назарда ұстайтын секілді. Өйткені, бұл тұста бізде қабылданған нақты заң жоқ көрінеді.

«Өнердің жаманы болмайды, өз шегін білсе». Сол секілді үйлесіммен кәсіби салынған өнер туындысы қашанда бағалы. Ал қалай болса, солай салынған мәнсіз, мағынасыз туындыға, тіпті туынды деп қарауға да келмейтіндей. Осы ретте, көпшіліктің ойын да сұрастырып көрдік. Жалпы, жұрт стрит-артқа қарсы емес. Әсіресе, пандемия кезінде дәрігерлерді қолдап, оларға алғыс ретінде салынған суреттер көптің көңілін тапқан. Ұлы ғұламалардың суреттерінің қала көшелерінен бой көрсеткені де көпті қуантқан. Тек түсініксіз, тартымсыз бояулармен жазылған жазулар мен суреттер көшені «бұзақының ортасы» секілді көрсететіні де рас дейді тұрғындар. Оларда «көше суреттері де бұрынғы көше әндері секілді қадірлі болса» деген тілек бар.

 

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *