Неге қазақтілді көрермен киноны ыңғайлы уақытта көре алмай отыр?

Неге қазақтілді көрермен киноны ыңғайлы уақытта көре алмай отыр?
Сурет: Vedomosti.ru

Кинотеатрларда "Қара қабылан: Уаканда жасасын!" блокбастерінің қазақ тіліндегі көрсетілімі тек таңғы уақытқа қойылған. 

Қазақтілді көрермен Marvel блокбастерін ыңғайлы уақытта көре алмай отыр

Көрермендер "Қара қабылан: Уаканда жасасын!" блокбастері кинотеатрларда қазақ тілінде ыңғайлы уақытқа қойылмағанын айтып шағым айтып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Есбол Нұрахмет есімді әлеуметтік желі қолданушысы кинотеатрларда күніне 15-ке жуық сеанстың тек біреуі ғана қазақ тілінде көрсетілетінін, онда да қазақтілді қауым үшін ыңғайсыз уақытқа қойылғанын жеткізді.

"Әдемілеп қазақшаға аударған. Енді кинотеатрларда күні бойы 10-15 сеансқа дейін қойылып жатыр. Соның тек біреуі әрең қазақша, оның өзі не таңертең, не түске қарай. Бұл не деген иттік? Жұрт жаппай көріп, әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр. Бірақ орысша көріп жатыр. Оның басты себебі – ыңғайлы уақытқа қоймауынан деп түсінемін. Министрлік қаншама қаржы жұмсап, қазақшаға аударған екен, енді соны ыңғайлы уақытқа қоюға неге мән бермейді?", – деп жазды Есбол Нұрахмет фейсбук парақшасына.

Өзге желі қолданушылары "Ресей Федерациясының бір автономиясында өмір сүріп жатқан соң, таңқалуды қойдық", деп пікір білдіріпті.

Айта кетелік, "Қара қабылан: Ваканда жасасын!" блокбастері кинотеатрларда қазақ тілінде көрсетілетінін айтқан мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев "Халыққа рейтингі жоғары фильмдерді қазақ тілінде көрсету – идеологиялық тұрғыдан да аса маңызды", деген болатын. Министрлік аталған фильмді 10 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілетіндігін хабарлаған болатын.

Аталған фильмнің Астана кинотеатрларындағы 12 қараша күнгі 102 көрсетілімінің 6 сеансы ғана қазақ тілінде.