Науқастар оңалту көмегін тұрғылықты жеріне қарамастан ала алады

Науқастар оңалту көмегін тұрғылықты жеріне қарамастан ала алады
сурет: Kyn.kz

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында емдеу және медициналық оңалтумен мамандандырылған кардиологиялық және терапевтік медициналық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Роза Қуанышбекованың айтуынша, науқастар оңалту көмегін тұрғылықты жеріне қарамастан ала алады. Бұл - Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан бөлек, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау мен Түркістан облыстарынан келетін пациенттер. Клиника басшысы айтып өткендей, жүргізілетін кардиологиялық оңалту ауыр кардиологиялық сырқатқа (миокард инфаркті, жіті коронарлық синдром, эндоваскулярлық араласулар, коронарлық шунттау және жүрек, оның қақпақшалары мен тамырларына жасалған басқа хирургиялық араласулар) шалдыққан пациентке көмек көрсетуге бағытталған іс-шаралар кешенінен тұрады. 
Кардиологиялық оңалтуға емдік дене шынықтыру, мөлшерленген жаяу жүріс, велотренажерда жаттығу, темекі шегуден бас тарту, липидтердің салмағы мен деңгейін қалпына келтіру, сондай-ақ кардиоваскулярлық патологияның қауіп факторларын азайтуға мүмкіндік беретін психологиялық қолдау кіреді. 

«Кардиологиялық оңалтуда денсаулықты сақтау, қалпына келтіру, дене қимылының белсенділігі, еңбекке жарамдылық, әлеуметтік белсенділік; физикалық белсенділігінің кеңеюін ескере отырып, жүрек-қантамыр патологиясының асқынуы мен өршуінің алдын алуға арналған дәрі-дәрмектік терапияны оңтайландыру, аурудың салдарын жою үшін науқастың психологиялық жағдайын реттеу секілді аспектілер өте маңызды», - дейді Роза Тохтаналықызы. 

Кардиологиялық оңалтудағы маңызды фактор - институтта құрылған Пациент мектебіне науқастың қатысуы. Денсаулық мектептерінде тек қана білім алмайды, сонымен қатар адам өміріне қауіпті аурулардың дамуына әсер ететін қауіп факторларынан арылу әдістеріне оқытады. Пациенттерде емдеу, тұрмыста және жұмыста дұрыс мінез-құлық көрсету мәселелеріне оң көзқарас қалыптасады. 
«Жүрек ауруына шалдыққан науқастарға медициналық оңалту мүмкіндігінше ерте басталуы тиіс. Оңалту іс-шаралары стационарлық кезең аяқталғаннан кейін толық көлемде іске асырылады. Денсаулықты, жұмысқа қабілеттілікті жақсарту, аурудың асқынуының алдын алу, пациенттерді қоғамның қалыпты өмір сүру жағдайына біріктіру бойынша жұмыстар өзінің әсерін береді», - дейді дәрігер.