Наурызбай ауданынының жол-көлік инфрақұрылымы жайында

Наурызбай ауданынының жол-көлік инфрақұрылымы жайында
Сурет: Tengrinews.kz

Мамыр айынан бері аудан көшелері жөнделіп жатыр.

Ауданда жолдың сапасын арттыру мақсатында "Таусамалы", "Тастыбұлақ" шағынаудандарында ұзындығы 10 км болатын 6 көше орташа жөндеуден өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Наурызбай ауданына алғаш барған кезімде, "Ақжар", "Тастыбұлақ" және "Шұғыла" шағынаудандарының тұрғындары Әшімов, Таутаған және тағы басқа көшелерді жөндеуді сұраған болатын. Қала әкімдігі жұмысты мамыр айында бастап кетті." Ақжар" шағынауданындағы 19 көшеде ұзындығы 4,5 км көше-жол желісінің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, өткен кездесуде «Алма сити-5» тұрғындары Алатау даңғылына шыға алмайтынын айтқан болатын. Осы учаскедегі жол құрылысын қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді мегаполис басшысы аудан тұрғындарымен кездесуде.

Жалпы, биыл "Ақжар", "Тастыбұлақ", "Шұғыла" шағынаудандарында ұзындығы 49 км болатын 50 көшені жөндеу және салу жоспарланған. Осы жұмыстар қарашаға дейін аяқталады.

Жауын-шашын жауған кезде, аудан көшелерін су басу проблемасы өзекті болып қала береді. Аудан бойынша үнемі су басуға ұшырайтын 6 учаске анықталды. Осы проблеманы толық шешу үшін ТЖ жою шеңберінде құрылыс жұмыстары басталды, оларды ағымдағы жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған.

Ойжайлау өзенінің арнасы ұзындығы 980 метр нығайтылады, Райымбек даңғылы бойында «Нұрлы Дала» ТК-ден Ақсай өзенінің арнасына дейін ұзындығы 1400 м бұру арнасы жайластырылады, Төлебеков, Талжанов, Жадыра және Сәбденов көшелері бойынша ұзындығы 800 м арық желісі салынады.

«Сонымен қатар, ағымдағы жылдың басынан бастап ұзындығы 7 км 3 көшеде арық желілері салынды және қайта жаңартылды. Жыл соңына дейін тағы ұзындығы 3 км болатын екі көшені аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деп нақтылады қала әкімі Ерболат Досаев.