Наурызбай ауданында емханалар жетіспейді

Әсіресе, жоғарғы бөлігінде емханалардың жетіспеу мәселесі өзекті болып тұр.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бүгін Наурызбай ауданының жұртшылығымен кездесті. Оның барысында аудандағы денсаулық сақтау нысандарының жетіспеушілігі мәселесі айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Аудан халқының жыл сайын 10-12 мың адамға өсетінін ескере отырып, қала әкімдігі 2 жаңа емхана (500 келушіге арналған) және 1 отбасы-дәрігерлік амбулатория (200 келушіге арналған) салуды жоспарлауда.
«Бүгінгі күні "Құрамыс" шағынауданында 500 келушіге арналған емхананың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді, 2023 жылдың қаңтарында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу, 2023 жылдың II тоқсанында құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланған», - деді қала басшысы Ерболат Досаев.
"Шұғыла" шағынауданында 500 келушіге арналған жаңа емхана салу үшін жер учаскесін ресімдеу және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге конкурс жариялау үшін құжаттама дайындалуда.
«Сондай-ақ, осы жылдың соңына дейін "Ақжар" шағынауданында 200 келушіге арналған 1 дәрігерлік амбулаторияның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталады, қазіргі уақытта ол мемлекеттік сараптаманың қарауында. Құрылысты мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алып, конкурстық процедураларды өткізгеннен кейін, 2023 жылдың II тоқсанында бастау жоспарланған», - деді қала әкімі Е.Досаев.