Наурызбай ауданы тұрғындарының өтініші бойынша балалардың ойын және спорт алаңдары салынады

Наурызбай ауданы тұрғындарының өтініші бойынша балалардың ойын және спорт алаңдары салынады
almaty-akshamy.kz

Наурызбай ауданында тұрғындардың ұсынысы бойынша «Халықтың бюджетке қатысуы» жобасы аясында балалардың ойын және спорт алаңдары салынады. Оларды өткен жылы Қонаев көшесін Яссауи көшесінен Әшімов көшесіне дейін кеңейту жұмыстары аяқталғаннан соң босаған учаскелерде салатын болады деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Жобада жарықтандыру, спорттық құрылғылармен жабдықтау, көгалдандыру қарастырылған. Бүгінде құрылыс жұмыстарына келісімшарт жасалды. Екі жобаның әрқайсысының жалпы құны – 51 млн теңге.

Ағымдағы жылы Наурызбай ауданы тұрғындарының жобаларына 1,3 млрд теңге бөлінді. Дауыс беру қорытындысы бойынша іске асыруға жіберілген жобаларды аудан әкімдігі 2023 жылы орындайтын болады.

 2021 жылы Наурызбай ауданына «Халықтың бюджетке қатысуы» жобасын жүзеге асыруға 1,3 млрд теңге бөлінді. 2022 жылдың көктемінде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың ұсынысы бойынша сома 500 млн теңгеге ұлғайтылды. Осылайша, 2022 жылы «Халықтың бюджетке қатысуы» аясында ауданда құны 1,8 млрд теңге болатын 2021 жылғы 47 жеңімпаз – жобаларды іске асыру жоспарлануда.

 Анықтама: «Халықтық бюджетке қатысуы» бағдарламасының мақсаты – қала тұрғындарының бастамалары мен ұсыныстары негізінде Алматы аудандарының аумақтарын дамыту және абаттандыру.

Алматылықтар 20 шілдеге дейін budget.open-almaty.kz порталы арқылы өтініш бере алады.Ол үшін өтінімді толтыру (жобалық ұсыныстың атауы, оның сипаттамасы, объектінің мекенжайы) қажет, жобалық ұсыныстың эскизі мен сметасын міндетті түрде бекіту қажет (болжамды болуы мүмкін). Бір жобаның ең жоғары құны 61,2 млн теңгеден аспауы тиіс.

Жобалық ұсыныстар келесі критерийлерге сай болуы тиіс: бір автор – бір өтінім – бір объект; нысанды жалпы пайдаланудағы қолжетімділік шексіз;нысан оны жүзеге асыру жоспарланған аудан аумағында, жалпы пайдалану учаскесінде орналасуы керек; әкімдіктің құзыреті шегінде болуы керек және т.б.