Наурызбай ауданы:  «Құрамыс» тұрғындары ауыз сусыз отыр

Наурызбай ауданы:  «Құрамыс» тұрғындары ауыз сусыз отыр
almaty-akshamy.kz

Алматының Наурызбай ауданына жаңадан қосылған «Құрамыс» шағынауданының халқы паразитке толы су ішіп отырмыз деп шағымданды. Елді мекенде ауыз су мәселесі расымен де проблемаға айналған.

 «Евразия» телеарнасының хабарлауынша, аудан әкімдігі құбыр тарту жұмысын бастап, аяқтамай кеткен екен.

«Біздің көше осы аудандағы ең жақсы көше саналады. Өзіміз ақша жинап, асфальт төсетіп, су тартқызып алғанбыз. Бүкіл инфрақұрылымды өзіміз тарттық. Қалаға қосылғаннан кейін өркениет келді: кәріз құбырын қосты, қаладан су келді. Біз алғашында қатты қуандық. Проблемаға 1,5 жыл бойы шыдаммен қарадық. Алайда, билік бұл мәселені шешпейтін секілді», – дейді жергілікті тұрғын Екатерина Хишанло.

Оның айтуынша, қазір шағынауданда тек ағынды су бар. Бірақ оны фильтрмен тазалаған күннің өзінде ішуге жарамсыз көрінеді. Сондықтан халық дүкеннен су сатып алып ішіп отыр. Мұнда кәріз жүйесі де күрделі проблемаға айналып келеді. Ол тартылғанмен, әлі қосылмаған. Десе де, қырда тұратын тұрғындар оған өз еркімен қосылып алып, нәжістің бәрін төменге қарай ағызып жатыр. Лас су кәріз шахтасына жиналып қалған. Халықтың мұңын тыңдаған жергілікті билік «ақша жинап, қалған жұмысты өздерің бітіріп алыңдар» деген көрінеді. Тұрғындар: «Қазір құбырларды өз күшімізбен тартып жатырмыз», – дейді.

Ал әкімдіктегілер болса ауыз су мәселесін шешу үшін Қарғалы өзенінде фильтрлеу станциясын салып жатқанын айтты. Су тарту жұмыстары тегін жүргізілгенімен, халық кәріз құбырына өз қаражатымен қосылуға тиіс екен.