Нашақорлыққа қарсы арнайы кеңес өтті

Нашақорлыққа қарсы арнайы кеңес өтті
Сурет: Inform.kz

Кеңес қорытындысы бойынша ведомствоаралық жұмыс тобын құру тапсырылды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының елдегі есірткі қылмысы мен нашақорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты тапсырмасын орындау бойынша арнайы кеңес өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  

«Бүгінгі таңда есірткі қылмысы мен нашақорлық мәселесі өте өзекті. Өкінішке орай, жаңа синтетикалық есірткінің негізгі тұтынушылары жастар болып табылады. Тек осы жылдың өзінде елімізде 8,5% өсіммен 5 мың есірткі қылмысы анықталды. Бізге бұл бағытта күресу үшін жүйелі шаралар қажет», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.  

Құқық қорғау және салалық мемлекеттік органдарға бірқатар тапсымалар берілді:   ️

телекоммуникация желісінде, оның ішінде интернет-боттарды және басқа да автоматты бағдарламаларды пайдалана отырып жасалатын есірткі қылмысының жолын кесу;  

тиімді мемлекеттік және әлеуметтік бақылауды белгілей отырып, нашақорлықтың бастапқы профилактикасының теңгерімді жүйесін құру; 

есірткіге тәуелді адамдарды емдеу әдістерін жетілдіру, аумақтық сот сараптамасы органдарының мемлекеттік есірткі диспансерлерін материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту;  

құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсу ошақтарын анықтау үшін қашықтықтан зондтау жүйелерін пайдалануды кеңейту;  

есірткі заттарын шетелден әкелуге жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.  

Кеңес қорытындысы бойынша, Премьер-Министрдің орынбасары елдегі есірткі қылмысы мен нашақорлыққа қарсы жүйелі шаралар әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құруды тапсырды.