НАРТӘУЕКЕЛМЕН БЕЛІН БУҒАН НАУРЫЗБАЙ

көркімен де, көк желегімен де көз тартып, өсіп-өркендеп келеді
Нұржамал БАЙСАҚАЛ
Осыдан үш жыл бұрын ғана Елбасының ақ батасымен, Алматы қаласы әкімінің қолдауымен Алматы облысының Қарасай ауданы мен қаламыздағы Бостандық, Әуезов аудандарының кейбір ықшамаудандарының бірігуінен Наурызбай ауданы құрылған болатын. Бұл ауданды бүгін көрген жұрт ондағы атқарылып жатқан шаруаларына қарап, құрылғанына енді үш жыл болады дегенге сенбес еді. Қазіргі уақытта аудан аумағы қала өміріне қарай бой түзеп, көркімен де, көк желегімен де көз тартып, көркейіп өсіп келеді. Оған Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің ұйымдастыруымен өткізілген пресс-тур барысында анық көз жеткіздік. Журналистерді аудан өмірімен Наурызбай ауданының әкімі Сайран Тәпенұлы Сайфеденовтың өзі таныстырды.
КӘСІБІ БАРДЫҢ – НӘСІБІ БАР
Әр шаңырақтың тұрмысының түзу, әлеуметтік жағдайының дұрыс болуы – оның экономикалық ахуалына тікелей қатысты екені белгілі. Бұл ретке келгенде ауданның қазіргі экономикалық жетістіктеріне көз жүгіртсек, көңіл марқаяды. Осыдан бірер жыл бұрын ғана ауданның мемлекеттік кіріс мөлшері 391 миллион теңге ғана болса, өткен 2016 жылы бұл көрсеткіш 5 миллиард теңгеге өсіпті. Табыс тасының өрге домалап, ауданның экономикалық ахуалының жақсаруына, ең алдымен, аудандағы өндіріс орындары мен Елбасы айрықша мән беріп отырған шағын және орта бизнес саласының ықпалы көп болса керек. Бүгінде шағын және орта бизнес саласы бойынша тіркелген 9185 жеке тұлға, 213 заңды тұлға, 651-ден астам жеке кәсіпкерлер ауданның табыс қазанын еселі еңбектерімен толықтырып, ауданның дамуына өзіндік үлес қосып отыр. Жалпы, аудан бойынша 1575 заңды тұлға, 4286 жеке кәсіпкерлер, 60 мыңнан астам жеке тұлға «кәсібі бардың, нәсібі бар» деген қағиданы ұстанып, еселі еңбек етуде. Оған аудан аумағында орналасқан 15 өндіріс орнын қосыңыз. Жыл басынан бері аталған өндіріс орындары мен шағын және орта кәсіп иелері 1 миллиард 922 миллион теңгенің тауарын өндіріп, осы үш жылда тауар өндіру ісін екі есеге арттырған. Ауданға сырттан құйылған инвестиция көлемі де үш есе артып, ол 7 миллиард теңгеден 22 миллиард теңгеге жетіпті. 2014-2017 жылдар аралығында 1500 жаңа жұмыс орны құрылыпты. Соның бірі – біз өндірісінің тыныс-тіршілігімен танысқан В.Ф.Левишев жетекшілік ететін «Брот мастер» шағын кәсіпорны. Қала жұртын тәтті тоқаш өнімдерімен қатар, нан өнімдерінің дайын шикізатын шығаратын бұл кәсіпорынның тыныс-тіршілігі жаман көрінбейді. Қаламыздағы ірі сауда орындарын өздерінің өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Брот мастер» кәсіпорны 85 адамға жұмыс беріп отырған көрінеді. «Брот мастер» шағын кәсіпорнының басшысы Валерий Федорович Левишевтің айтуынша, Наурызбай ауданында орта және шағын өндіріс орындарының дамуына барлық жағдайлар жасалған. Бизнес форумдар, түрлі тақырыптарда кәсіпкерлерге арналған семинар-тренингтер де өткізіліп тұрады екен. Кәсіпкерлік саласы экономиканың өзегі екенін түсіне білген басшы, ең алдымен, оған қажетті алғы-шарттарды қолға алу керек десе, аудан басшысы Сайран Тәпенұлының бұл бағыттағы саясатына аудан кәсіпкерлерінің көңілі толатындығын аңғару қиын емес.
АБАЙ МЕН ТӨЛЕ БИ НАУРЫЗБАЙҒА ҚАРАЙ БАҒЫТ АЛДЫ
«Жолым болсын десең, жолыңды түзе» деген қағиданы ойға алсақ, жол жөндеу, жаңа жол құрылысын жүргізу жұмыстары да ауданда қарқынды жүргізіліп жатқанын байқадық. Аудан аумағында 388 шақырымды құрайтын 315 көше бар болса, осы үш жыл ішінде 72 шақырымнан астам 108 көшеге асфальт төселіп, көше бойлары көріктендірілген. Ал қазір аудан аумағында Абай даңғылын қаланың оңтүстік батыс шекарасына қарай созу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сайран Сайфеденов осынша қыруар шаруаның тындырылып жатқандығына қарамастан, жол, арық, көшелерді жарықтандыру, тұрғындарды сумен қамтамасыз ету жұмыстары бойынша әлі де шешілмей жатқан мәселелердің барын жасырған жоқ. Биыл «Қалқаман» ықшамауданындағы 33 көшеге жаңа асфальт төсеу жоспарланып отырса, тағы да төрт шақырымдық арық салу жоспарланған. Қазіргі кезде 19,25 шақырымды құрайтын 14 көшеге арық салу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленіп жатқанын жеткізген аудан басшысы, осы ауданмен шектесетін Жандосов көшесі күрделі жөндеуден өткізіліп, кеңейтіліп, бұйыртса төрт жолақты жолдың пайдаланылуға берілетіндігін жеткізді. Сайран Тәпенұлы, сондай-ақ, «Ақсай» көпірінің «Қарағайлы» өзеніндегі қайта қалпына келтіру жұмыстарының да барысымен таныстырып, ол жұмыстар толық аяқталған соң 5,1 шақырымды құрайтын заманауи демалыс орындары тұрғындар игілігіне берілетіндігін айтты. Бұл демалыс аймағында балалар мен ересектерге арналған спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жаттығу алаңдары, балаларға арналған ойын алаңдары, велосипедке арналған арнайы жолдар болады. Аудан тазалығын қалыпты деңгейде ұстау үшін 100 дана жаңа үлгідегі қоқыс жәшіктері орналастырылатын болады. Ал «Ақсай», «Қарғалы» су тазалайтын стансалары мен су құбырлары салынса, Наурызбай ауданындағы су мәселесі де аз уақыттың ішінде түпкілікті шешіледі дейді аудан басшысы. «Мың естігеннен бір көрген артық» демекші, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде күнделікті ақпарат алып жүргенімізбен, оны өз көзімізбен көргенде, үш жылда отыз жылда атқарылатын шаруаны еңсеріп тастаған аудан еңбеккерлеріне деген ризашылығымызды жасыра алмадық.
ҚУАНТСАҢ, БАЛАНЫ ҚУАНТ
«Бала десе, жүрегі елжіремейтін адам жоқ шығар. Наурызбай ауданында ашылған балабақшалар мен мектеп құрылыстарын, балаларға арналған шағын ойын алаңдарын көргенде, бұл аудан тұрғындарының балажан екендігіне көз жеткіздік. Ауданда дәл қазіргі уақытта 43 балалар мекемесі жұмыс істеп тұрса, оның 2-еуі ғана мемлекеттік екен. Ал қалғандары «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы аясында салынып, кәсіпкерлердің бүлдіршіндерге тартқан сыйы көрінеді Біз осы іссапар барысында Республикалық байқауда білім беру мен тәрбие ісіндегі ұтқырлықтары үшін жеңімпаз атанған «Мори хопинес» жекеменшік балабақшасының тыныс-тіршілігімен таныстық. Ұлттық тәрбиемен қатар Монтоссори әдісімен үш тілді меңгеру бағытында жұмыс істеп отырған балабақшаның өміріне, ондағы балалардың деңгейіне қарап, болашақта үш тілді меңгеруде Наурызбай ауданының бүлдіршіндері қалалық замандастарынан қалыса қоймас деген ой түйдік. Аудан аумағында тағы да мектепке дейінгі тәрбие мекемелерінің құрылысын салу өз жалғасын тапқан. Осы кезде ауданның жаңа әкімшілік орталығында мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында 320 орынды балабақшаның, 1200 орынды мектептің және бір ауысымда 500 адамды қабылдау мүмкіндігі бар емхананың құрылысы салынып бітіпті. Ауданда Назарбаев зияткерлік мектебінің орналасуы да аудандағы білім мекемелерінің білім бәсекелестіктерін арттырып, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісін жандандыра түскен. Ауданның білім көрсеткіштері да жаман емес. Биыл мектеп бітіргелі отырған 308 түлектің 16-сы «Алтын белгіден» үміткер көрінеді. Құрылысы жаңадан салынған №157 мектеп жабдықталуы жағынан ең озық білім мекемесі екендігін танытты. Биыл бұл мектепті бітірген түлектің төртеуі «Алтын белгіден» үміт етіп отыр екен. «Шәкірттеріміздің үмітімізді ақтайтындығына сенімдіміз», – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлмира Жомартбай. Ауданда 13 білім мекемесі жұмыс істейді.
Баланың тағы бір қуана баратын жері саябақ десек, «Тасты бұлақ» ықшамауданындағы тұрғындардың бастамасымен қалталы ағайынның қолдауымен салынған саябақтағы балаларға арналған өзгеше құрылымдағы ойын алаңдары журналистердің де көңілдерінен шықты. Наурызбай ауданында өткен жылдан бері қолға алынған жазғы кинотеатрдың жұмысы барлығымыздың балалық шағымызды еске түсірді. Аудан аумағында кинотеатрлардың жоқтығын ескерген аудан әкімдігі өткен жылдан бері көшпелі кинотеатр ұйымдастырған болатын. Содан бері ашық аспан астындағы кинотеатр жұмысын жалғастырып келеді. Ешкім қалаға қарай сабылмайды. Кешке жақын үйінің жанында отырып-ақ қала кинотеатрларында жүріп жатқан көркем фильмдерді тамашалай алады. Бұл да аудан әкімдігінің аудан тұрғындарының рухани-мәдени демалысына жасап отырған қамқорлықтарының бірі деуге әбден болады. Қамқорлық демекші, аудан әкімдігі ауданда тұратын көпбалалы аналар мен ардагерлерді, мүмкіндігі шектеулі жандарды көздерінен таса етіп көрген емес. Мүмкіндіктерінше көмек қолдарын созып, қамқорлап тұрады. Аудандағы жұмыссыздық мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келе жатқан жәйі бар. Қазіргі таңда 3305 адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты.
ҚОНЫС ТОЙ ЖАҚЫН
Аудандағы құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс алаңының бірі – ауданның әкімшілік орталығының құрылысы дер едік. Құрылысы күні кеше ғана басталғандай көрінген 153 гектар аталып кеткен аумақта салынып жатқан Наурызбай ауданының орталығы архитекторлардың қиял әлемінен туындаған сәулеттің сәнімен жасанған әдемі қалашыққа айналыпты. Қазір мұндағы ішкі істер басқармасының, аудандық әкімдіктің, ХҚКО, сот, прокуратура, мемлекеттік кіріс департаменті ғимараттарының құрылыстары толық аяқталып, ішкі әрлеу және ғимараттардың төңірегін көріктендіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл тіршілік ауданның әкімшілік орталығының қоныс тойының жақындап келе жатқанынан хабар берері анық. Әкімшілік ғимаратының бесінші қабатынан төңірекке көз жүгірттік. Алматы қаласы алақандағыдай көрінеді екен. Ал ертең осы аумақта салынып жатқан «Планетарий» құрылысы аяқталса, бұл ауданның тұрғындары ғарышпен де тілдесетін болады, – дейді әзілге жақындау ауданның бас сәулетшісі. Ал Абай ескерткішінің кіндігінен басталатын Абай даңғылының Наурызбай ауданының шекарасына дейін ұзартылуы, бұл – ауданның келешегіне даңғыл жол ашып тұрғандай көрінді. Аудан орталығы болатын бұл аумақта көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеріп келеді. Болашақта бұл ықшамауданда 35-40 мың халық тұрады деген болжам бар. Ал қазіргі таңда аудан халқының саны жүз бір мыңға жетіпті. Болжамды қайдам, әріптестеріміздің арасынан осы ауданда тұруды армандағандар да табылып жатты. Жаңа аудандағы жаңа қарқындағы еңбек көрігі мен аудан жұртының ертеңгі күндеріне деген сенімдерін көргенде Елбасының батасын алған ауданға тек нұрлы жол тіледік. Біз Наурызбай ауданына шыққанда сағат түнгі он бірден асқан еді. Автобус терезесінен төңірекке көз тастап, Алматы анамыздың өрісінің кеңіп, өркенінің өсіп жатқанына іштей тәубашылық жасадық. Түнгі Алматы оңтүстік батысындағы Наурызбай, солтүстік батысындағы Алатау секілді жаңа аудандарымен бұрынғыдан да шырайлана түскендей көрінді. Өркендей бер, Алматы!