«НАДАН ЖҰРТТЫҢ КҮНІ ҚАРАҢ…»

Пандемия адамзатты кез келген жағдайға тез бейімделуге үйреткенін еріксіз мойындауға тура келеді

 

Еліміздегі білім беру мекемелері мен оқу орындарының онлайн оқу форматына көшкеніне де әжептәуір уақыт өтті. Өткен оқу жылының соңғы тоқсанын үйде оқыған оқушылар да, мұғалімдер де, ата-аналар да 2020-2021 жаңа оқу жылына аяқ басқанда қашықтан оқудың не екенін аздап болса да түсіне бастады. Еліміздегі білім саласын реформалаймыз деп қайта-қайта министр ауыстырып, қанша жылдан бері әлекке түсіп едік, коронавирус бір күнде «реформа» жасап берді.

Рас, әлемді індет жайлағанға дейін көбіміз үйде қамалып отырып жұмыс істеймін, мектепке бармай-ақ оқимын деп ойлаған жоқпыз. Коронавирус өз тәртібін орнатқаннан кейін амалдамасқа болмады. Бір жағынан, білім саласына мұндай өзгерістің енгені дұрыс та болған секілді. Өйткені, посткеңестік елдердегі білім жүйесінің ескіргені, тығырыққа тірелгені талайдан бері айтылып келе жатқан мәселе. «Математикадағы косинус, котангенс, тангенстер тек болашақта математика пәнінің мұғалімі болатындар үшін ғана керек болмаса, басқаларға керегі шамалы» деген сөздерді талай естіген боларсыз. «Бастауыш пен баяндауыштың қандай сұрақтарға жауап беретінін білмей де күн көріп жүрміз» дегендерді де көргенбіз. Яғни бұл дегеніміз, қазіргі оқушылардың мектептегі алған білімдерін іс жүзінде қажет болатынына күмәнмен қарайтынының дәлелі.

Бүгінгі ақпараттық заманда әлем көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Кешегі тың ақпарат бүгін ескіріп кетеді, бүгін алған біліміңіз ертең қажет болмай қалады. Яғни ойланып отыруға уақыт жоқ, тек әрекет жасау керек.

Өткен жылы сәуірде Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялануына байланысты еліміздің барлық білім беру мекемелері мен оқу орындары қашықтан оқуға ауысты. Білім саласының мамандары бірден әрекетке көшті. Білім және ғылым министрлігінің үйлестіруімен 6 сәуірден бастап 4 тоқсанның бейнесабақтары республикалық «Еларна» және «Балапан» арналарынан көрсетіле бастады, 3 мыңнан астам сабақтың видео нұсқасы түсірілді. Қашықтан оқуға арналған контент әзірлеуде мол тәжірибе жинаған компаниялар еліміздің білім беру саласына тың өзгерістер әкелді. Сондай-ақ, оқушылар bilimland.kz, «Online Mektep» сайттарынан пәндердің бейненұсқаларын 24 сағат бойы тегін көруге мүмкіндік алды. Мектептерге қашықтан оқытуға ыңғайлы платформаларды таңдауға мүмкіндік берілді.

Әрине, күнде таңертең мектепке барып, 5-6 сағат мұғалімнің алдында отырып білім алуға үйренген оқушыларға да, әр оқушымен көзбе-көз қарым-қатынас жасап дағдыланған мұғалімге де бірден қашықтан оқыту жүйесіне бейімделіп кету оңай емес. Оның үстіне, еліміздегі интернет желісінің баяулығы, қолжетімсіздігі, кейбір отбасылардың балаларын гаджеттермен қамтамасыз ете алмауы, үйде ата-анасының жанында жайбарақат отырған балалардың сабаққа немқұрайлы қарауы секілді олқылықтар да жетерлік. Дегенмен, қандай жағдайда да балаларымыз білім алу керек болғандықтан пандемия кезіндегі ең дұрыс шешім – қашықтан білім беру.

Біз дәл қазір көзін аша сала смартфонды көретін, саусақтары телефонның сенсорлы экранында ойнайтын балаларды тәрбиелеп отырмыз. Біз қанша қашсақ та, технологияның заманында гаджеттерсіз өмірімізді елестете алмаймыз. Сондықтан жаңа заманның технологияларын білімді ұрпақ тәрбиелеуге пайдалану өзімізге байланысты.

П ед а го г — п с и хол о г ма ма н д а рд ы ң айтуынша, қашықтан оқыту оқушыларды өздігімен жұмыс істеуге, ізденуге, жауапкершілікке бейімдейді. «Балаларымыз үйде отырып қараңғы болып қалатын болды, сабақ оқымайды, тек телефонда отырады» дейтіндер де бар. Бірақ тіпті офлайн оқығанда да баласының сабағын аса қадағаламайтындар бар жауапкершілікті жүгін мектептегі мұғалімге артып қойғанды жөн көретіндер де көп емес пе?

ТҮЙІН

Мақсатымыз – қашықтан білім алуды насихатт ау еме с. Бірақ адамзаттың денсаулығына төнген қауіп, қашанда кез келген жағдайға дайын болу керектігін көрсетті. Білім жүйесіне енген өзгерістер болашақта дамып, кемелдене түсетіні анық. Қазіргі технологиялар ғасырында әр адам өзіне қажетті және қызықты дүниелерді ізденіп, көңілі қалаған іспен айналыса алады. Белгілі бір жетістікке жеткісі келген адам алға ұмтылудың жолдарын іздейді, ал оны қаламаған адам сылтау іздейді. Сондықтан қазіргі заманда балаларымызға да қандай әдіспен оқыса да, ең бастысы білім алудың маңыздылығын мықтап түсіндіргеніміз абзал. Компьютеріңіз немесе смартфоныңыз бен ғаламторыңыз бар ма? Онда тек білім алуға деген ниет керек. Алаш арысы М.Дулатов айтқандай, «Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман». Сондықтан өресі биік, дүниетанымы кең, ойы кемел ұрпақ тәрбиелеу үшін ұлттық рухани тәрбиені заманның озық оқу әдістерімен ұштастыра білсек, өзімізге де, елімізге де пайдалы болатыны анық

 

МАМАН ПІКІРІ

 

«Көш жүре келе түзеледі»

 

Роза ӘШІРБАЕВА, психолог:

Менің балаларым еліміздегі төтенше жағдайға дейін де мектепке барып оқы­ ған жоқ. Екі ұлыма да 2019-2020 жаңа оқу жылы басталысымен отбасылық білім алу әдісін таңдағанбыз. Олар мектепке бармайды, үйде оқиды. Қазақстандық оқу жүйесінде пандемияға дейін қашықтан оқуға мүмкіндік берілмеді, сондықтан біз Ресейдің қашықтан оқытатын мектебін таңдаған едік. Мектеп ақылы. Қашықтан оқуды таңдағандағы мақсатымыз – балалардың уақытын үнемдеу. Олар күніне 5-6 сағатын мектепте өткізбейді, тек 2-3 сағатын өзіне ыңғайлы уақытта білім алуға жұмсайды. Екіншіден, менің балаларым мектепке барғанды ұнатпады. Алайда, қашықтан оқу барлық балаға қажет деп айта алмаймын. Кейбір балаға мектепке барған, достарымен араласқан ұнайды.

Менің балаларым өз қатарларымен мектептен тыс үйірмелерге барғанда да араласа алады. Біз таңдаған мектепте әр бала жеке білім алады. Арнайы оқу порталында әр балаға жеке кабинет ашылады. Өте ыңғайлы платформалар қолданылады. Сабақты білімді, білікті, тәжірибелі мамандар жүргізеді. Бала түсінбей қалған сабағына қатысты кез келген уақытта кеңес ала алады. Үй тапсырмаларын ауызша, жазбаша тапсырады. Үй тапсырмасын өткізбес бұрын оқушы өзінің білімін сынақ тесті арқылы өзі үшін тексеріп алуына болады. Сынып жетекшісі, атааналар чаты деген жоқ. Меніңше, қашықтан оқыту – заман талабы. Бұл ерте ме, кеш пе бізге келер еді. Дәл қазір біздің елімізде онлайн оқуда олқылықтардың болуы – заңдылық. Болашақта «көш жүре келе түзеледі» деп есептеймін. Өз басым қашықтан оқыту білім сапасына әсер етпейді деп ойлаймын.

Электронды платформалар дамып келеді

Эльмира ӨСІБАЕВА, Наурызбай ауданы, №200 мектепгимназиясының бастауыш сынып мұғалімі:

– Онлайн оқуға еліміз дайындықсыз, аяқасты көшкендіктен, балаларға қашықтан білім беруде біраз қиындықтарға тап болдық. Біріншіден, бізде шет елдердегідей интернет желісі жақсы дамымаған. Екіншіден, бір үйде бірнеше бала мектепте оқитын болғандықтан, бәріне компьютер, планшет, телефон жетпейді. Көпбалалы отбасыларға мектеп, әкімдік барынша көмектесіп жатыр. Дегенмен, жетіспеушілік байқалады. Осы жағынан көп қиналып қалдық. Мен өзім биыл бірінші сыныпты қабылдап алдым. Ал бірінші сыныптың баласы ата-анасыз өздігімен онлайн оқи алмайды, тапсырмаларды орындап жібере алмайды. Сондықтан өз басым бірінші сыныптың балалары офлайн оқу керек деп есептеймін.

Биылғы оқу жылында бала саны 300-ден аспайтын мектептерде оқушылар дәстүрлі түрде білім алуда. Ата-аналардың өтінішімен Алматы және басқа да қалалардың кейбір мектептерінде де балалар ішінара офлайн оқуда. Дегенмен, үлкен шаһарда індеттің өршу қаупі жоғары болғандықтан, халық тығыз орналасқандықтан бірінші орында балаларымыздың денсаулығы болып отыр. Сондықтан біз ата-аналармен бірлесе отырып жұмыс істеуге, балаларымыздың сапалы білім алуына мүмкіндік жасауға барымызды салуымыз керек. Ал қазіргі таңда қашықтан оқытуда қолданылып жатқан электронды платформалар өте ыңғайлы, күннен-күнге дамып келеді деп айта аламын.

 

Айнұр СЕНБАЕВА

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *